Батырларымызды білмейді екенбіз, әйтпесе…
Олай дейтінім, «Орталық Қазақстан» газетінің 23 ақпандағы санында мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД «Өшпес ерлік» мақаласында былай деп жазған еді: «Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. Алтын Жұлдыз Ыбырайымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВҚА, даңқты партизан Қасым ҚАЙСЕНОВКЕ де бұйырмады. Мұндай әділетсіздікке әр қазақтың іші қазандай қайнағанымен, ол заманда ақырып теңдік сұрайтын мүмкіндігі болмады. Кеңес Одағы құлағанға дейін Ұлы Отан соғысына қатысты барлық құжаттарға (оның ішінде марапат деректеріне де) «құпия» белгісі соғылып, көпшілік қолына берілмеді».
Ресейдің Подольск қаласының әскери мұрағатындағы құжаттардың құпиялылығы РФ Қорғаныс Министрінің 2007 жылдың 8 мамырдағы №181 бұйрығымен алынып тасталды. Осы уақыттан бері «құпиясы» алынған соғыс құжаттары мен майдангерлердің жеке деректері Ресейдің «Память наро- да» сайтында жыл сайын жарияланып келеді. Өткен 2020 жылға дейін аталған сайтқа 25 миллионнан астам соғыс құжаттары мен майдангерлер туралы деректер жарияланған екен. Алдағы уақытта қанша құжат жарияланады әлі. Сондықтан, сайттан туысқандары туралы дерек іздеген азаматтар іздеуді тоқтатпау керек. Мен майдангер жерлес, туыстарым туралы деректерді осы сайттан іздеуді 2016 жылы бастаған едім.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед мақаласында: «Армия басшылығы қазақтың батыр қызы М.Мәметованы Невель түбіндегі ерлігі үшін әуелде І дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынумен шектелген. М.Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы кейіннен сол кездегі республикамыздың үш басшысы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, Қазақ КСР Президиумының төрағасы Ә.Қазақбаев, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов қозғау салып, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы М.Калининге осы атаққа ұсыну туралы нақты құжат жіберген соң берілгенін» – айтады.
Жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері жау танктерімен Дубосеково разъезінде қалай шайқасқа түскенін жазады. Сонымен қатар, жазушы 100-бригаданың сайыпқыран сарбаздарының Великие Луки түбіндегі асқан ерлігін де баяндайды ғой «Великие Луки ұрыстары» деген майдан жазбалары естелігінде (Ә.Нұршайықов, шығ. жинағы 2-том. Алматы.Жазушы. 1992 ж.). Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменов 100-бригада құрамында соғысқан. Әзілхан Нұршайықов солармен бір майданда болғандықтан, жазғандары айна қатесіз шындық. Меніңше, М.Мәметовамен бірге соғысып, аман-есен оралған қазақстандық жүзінші бригаданың жауынгерлері оның ерлігіне тірі куә болғандықтан, сол кездегі республика басшылары Мәметоваға батыр атағын алып беруіне негіз болған сияқты. Бұл бригада құрамында Отан соғысы алдында репрессияға ұшырап, тығырыққа тірелген кезде өз еркімен соғысқа аттанған ақын-жазушы, 100 жасқа таяп дүниеден өткен абыз Дихан Әбілев те майданға кірген. Соғыстан кейін туған, өмірден ертерек өткен ер баласының атын Невель деп қойған екен. Д.Әбілев әкемнің курстасы, 1934-1937 жылы Қазақ коммунистік журналистика институында бірге оқыған.
Мақалада КСРО-ның сол замандағы конституциясы бойынша ең жоғарғы мемлекеттік биліктің басында отырған, бірақ екінші адам болған Калинин ақсақалдың өзі Стекеңнің зұлым саясатынан аса алмағандығын көрсетеді. Соғысқа қатысқандар «Cтекең» деп сыйлайтын осы «көсем» орыс шовинизмінің зұлымдығынан жеңіліп, өзі де асқан зұлымға айналғанын бүгінде екінің бірі біледі. Олай дейтінім, үш-төрт жылдан бері осы сайттан аталарымыз бен әкелеріміз туралы Подольск қаласының мұрағатынан жарияланған құжаттарды қарап отырсам, ерлігі Совет Одағының Батыры атағына лайық талай әкелеріміз бен аталарымыз жетерлік екен. Солардың бірі – майдангер, танк командирі, лейтенант Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаев.
2019 жылы Подольск қаласының әскери сайтынан соғыстың аяғында Чехословакия жерін фашистерден азат етуде 1945 жылдың 5 наурызында қанды шайқаста ерлікпен қаза болған, Т-34 танкі командирі болған лейтенант А.Бұқарбаев туралы оншақты парақ дерек тапқан едім. Ол туралы Жеңістің 75 жылдығына байланысты «Орталық Қазақстан» газетіне шыққан «Батыр» деген мақалада (2020 жылғы 14 наурыз) толық көрсетілген. А.Бұхарбаев Қарқаралы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарып жүргенде соғыстан броньмен босатыла тұра, өз еркімен сұранып, майданға 1942 жылы аттанған. Соғысқа рота командирінің орынбасары, саяси жетекші болып кірген. Фашистермен шайқаста екі рет жараланған. Жарақатынан айыққаннан кейін Т-34 танкісінің командирі болып жүргенде экипажымен бірге фашистермен ақтық шайқаста ерлікпен қаза болған. Танк командирі лейтенант А.Бұқарбаевтың экипажы жаудың 54 солдаты мен офицерінің көзін жойып, төрт пулемет ұясын, зеңбірек сүйрейтін бірнеше ат-арбасын, өздігінен жүретін зеңбірегін талқандап, жау зеңбірегінің снарядынан отқа оранған танкісінде экипажымен бірге қаза тапқан. Танкішілер арасында мұндай ерлік екінші жаһандық соғыста саусақпен санарлықтай болған. Салыстырмалы түрде айтсам, батырдың жерлесі, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атқышы А.Комиссаровпен аспанда от құшағына оранған ұшағын жаудың жанармай цистерналары эшелонының үстіне тастағаны сияқты, Аманжол Бұқарбаев та танкісімен жау тылына өтіп кетіп, қираған танкісі ішінде жауға берілмей экипажымен қоса отқа оранып кеткен… Бұдан асқан ерлік бола ма?.. Берілген наградасы – І дәрежелі «Отан соғысы» ордені. Батыр атағы болмаса да, осы атаққа бір табан жақын «Қызыл Ту» ордені де берілмеген. Сірә, бұл соғыста басқа ұлт өкілдерін «наградтаудың» өзіндік жазылмаған шарты болған сияқты деген ойға қаласың?.. Наградтау парағы мен бұйрыққа №53 бронетанкілі және механикаландырылған армияның қолбасшысы полковник Супян мен штаб бастығы майор Кириллов қана қол қойған, Армиядан жоғары қолбасшылардың қолдары койылатын бағандар бос тұр. А.Бұқарбаевтың осы ерлігі Армия қолбасшысының бұйрығымен шектелген. Тұп-тура М.Мәметованың наградтау парағындағы сияқты. Оны да Армия қолбасшы сының бұйрығымен І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградтаумен шектелген. Иә, еленбей қалған ерлік. Неге?.. Оған жауапты журналист Жәнібек Әлиман газеттің 2020 жылғы 7 мамырдағы санында «Текті тоқыратқан трагедия» деген журналистік зерттеуінде бар шындықты шырқыратып жазған болатын. Сенімді болу үшін Қызыл тулы, Богдан Хмельницкий, Кутузов орденді №25 Умань полкінің командирі, подполковник Антонов қол қойған Бұқарбаевқа толтырылған наградтау парағындағы оның ерлігін айқындайтын мына сөздерді келтірейін: «Командир танка Т-34 25 ОТП (отдельный танковый полк) лейтенант Бұқарбаев А.Қ. в бою за д.Саса (Чехословакия) проявил исключительное мужество, отвагу и стойкость...» Осы «исключительное» деген сөздің өзі «Герой – Батыр» деген сөзді тұжырымдап тұр ғой. Соғыста мұндай сөздер тек ерекше ерлік көрсеткен Совет Одағы Батыры атағына ұсынылған жауынгерлердің наградтау парағында жазылатын болған. Солай бола тұра Армия қолбасшысы беретін атақты неге І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне бұрып жібергендігін қалай түсінеміз?… Ал, полк командирінің наградтау парағына жазған мәтіннің мазмұнына зер салып қарасаңыз, тек Батыр атағына лайық сөздермен жазылған. Меніңше, полк командирі өзінің қарулас кіші командирінің ерлігін дұрыс бағалап, сөздерін өзгертпей, өз ұстанымын берік сақтаған сияқты. Әрине, бұл жерде армияның «ерекше бөлімнің» «қырағылығын» ұмытпағанымыз жөн. Олай дейтінім А.Бұқарбаев Алаш арысы, «халық жауы» деген жаламен 1937 ату жазасына кесілген Имам Әлімбековке немере болып келеді. Басты себеп, осында. Өйткені, соғыста қанша ерлік көрсетсең де жеке басың туралы карточкаңда «халық жауының» баласы немесе туысы деп жазылса, орден түгіл медаль алу қиын болған.
Педагог, журналист, совет-ком- сомол қызметкері батыр-майдангер А.Бұқарбаевтың ұрпақтары аталарының ерлігін ұлықтауда біршама игілікті істер атқарды. Қарқаралы аудандық оқу бөлімі ғимараты қабырғасына өз қаражаттарымен ескерткіш тақта орнатты. Ерлігі туралы бірнеше бейнетаспалар дайындап, ғаламторға жариялады. Облыстық теледидардан арнайы хабарлар ұйымдастырды. Облысымызға танымал ардагер тележурналист, немересі Гүлнәр Бұқарбаева облыс мұрағатынан майдангер атасының соғысқа дейінгі еңбек жолы туралы деректер іздестіріп, тың деректер тапты. Мұражайдан алынған А.Бұқарбаевтың жеке басының есеп карточкасында ол Қарқаралы педтехникумын бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен 1931-1932 жылдары Қарағанды қалалық партия комитеті мен қалалық кеңестің органы «Қарағанды пролетариаты» газетінің көмір секторының меңгерушісі болып қызмет атқарғаны жазылған екен. Сектор меңгерушісі қызметінен, 1932 жылы қалалық комсомол комитетінің қадр бөлімінің меңгерушісіне ауыстырылған. «Орталық Қазақстан» газетінің биылғы 90 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында осыны ескеріп, «Баспа үйінің» бесінші қабатындағы «Жауынгер журналистер» мүйісіне газеттің бастауында сол кездегі аса маңызды көмір саласы секторының меңгерушісі болған журналист-майдангер Аманжол Құсайынұлы Бұқарбаевтың суреті ілінсе деген ұсынысым бар. Айта кетейін, осы жолдар авторының әкесі Әдіхан Садықов өзінің журналистік жолын аталас туысы А.Бұқарбаевтың секторында тілші болып бастап, 1934 жылы редакцияның жолдамасымен жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистика институтына түсіп, 1937 жылы үздік бітіріп шығады.
Мемлекет қайраткері М.Құл-Мұхаммед мақаласында: «Қиыр Шығысты мекендейтін аз ғана нанай халқының өжет ұлы, көздегенін мүлт жібермейтін мерген Максим Пассар бір өзі 237 немісті атып түсіріп, 1943 жылы Сталинград түбінде ерлікпен қаза табады. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. Нанайлар намысқой халық болып шықты. Ерлігімен өзгеден озып тұрған батыр ұлдарын ұмытпаған. Әділдік іздеп КСРО-ның, кешегі-бүгінгі басшыларына бастырмалата тоқтаусыз өтініш жолдаумен болған. Ақыр соңында іздеген мұратына жетіп, Ресей президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16-ақпандағы Жарлығымен М.Пассарға «Ресей Батыры» атағын әперген». Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен дәл осындай жоғарғы атақ «Халық Қаһарманы» біздің тәуелсіз елімізде бекітілген. Ендеше неге бізге Ыбырайым Сүлейменов, Аманжол Бұқарбаев, Төлеутай Бекбосынов, Ноян Нығметұлы Нұрмақов, Зекерия Елесбаев, Қажымұрат Тапанов сияқты халқымыздың һас батырларына егемен еліміздің ең жоғарғы «Халық Қаһарманы» атағын бермеске? Әнұранымызда айтылғандай, «намысын бермеген халық» емеспіз бе?!
Сәлижан САДЫҚОВ,
отставкадағы милиция подполковнигі.