Тарих

Батырдан – шапағат

(«Сайдалы Барқыұлы Нияз батыр қоғамдық қоры» ресми түрде құрылды)

Арғынның Алтай бұтағынан тарайтын Сайдалы Нияз батыр туралы бұған дейін облыстық, республикалық көлемдегі мерзімді басылымдар мен телеарналарда біраз жазылып, айтылып келеді. XVI, XVII, XVIII ғасырлар сөз жоқ, қазақ үшін ұлы тұлғалар дәуірі десе де болады. Қазақ ұлысының шаңырағын көтерген Керей, Жәнібек сұлтандардың асқақ арман, сұңғыла саясаты қандай жағдайда болмасын өзінің жалғасын тауып отырды. Қазақ тарихындағы Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай сияқты ерен батырлар мен Қазыбек, Төле, Әйтеке сияқты дана билер, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай, сынды сарбадал хан-сұлтандар ісі қазақ халқының болашағына баянды алғышарттар жасады.

Жоғарыда аталған батырлар санатында атамекен жері үшін, қабырғалы елі үшін бар ғұмырын ат үстінде өткізген баһадүр тұлғалардың бірі һәм бірегейі Сайдалы Барқыұлы Нияз батыр.

Сүйегі Әзірет сұлтан қабіріне қадірлеп қойылған Сайдалы Нияз батыр кім?! Ол үшін аңызға да, ауыз-екі әңгімеге де иек артудың қажеті жоқ. Нияз батыр – Орта жүз Арғын тайпасының Алтай бұтағынан тарайтын Сайдалы, Барқы аталық ұрпағы. Нияз батыр туралы Орыс, Қытай жылнамаларында анық жазылған дерек көздері жетерлік.

1740 жылғы 19 тамыз – 1 қыркүйек аралығындағы Кіші жүз бен Орта Жүз қазақтарының Орынбор қаласына келген өкілдерімен В.Урусов жүргізген келіссөз хаттамасында Нияз батыр туралы былай деп баяндалады (Нияз батырға қажетті тұсына ғана тоқталдық). «…Содан кейін барлығы киіз үйге қарай аяңдады. Жүріп келе жатқанда Орта Жүздің атақты ел ағасы Нияз батыр генерал-лейтенантқа тіл қатып, сөйлесіп келе жатты. Бұл Нияз батыр Сәмеке ханның тұсында Түркістанда зор беделге ие болған, Сәмеке өлгеннен кейін Түркістанды билеген және Әбілмәмбетті хандыққа бекіткен екен. Азия салт-дәстүр жөнінен Нияз батыр және де ой өрісі кең адам екен. Оның басқа ел басылардан абыройы асып тұрғаны байқалады».

Нияз батыр секунд-майор Миллермен Ташкентте танысыпты. Сол жолы Миллер Ниязға арақ ұсынып, ол ішпеймін дегенде, «пәленше батыр да ішіп қойды ғой» десе керек, сонда Нияз батыр: «Мен ол батырдай болғанша, өлгенім жақсы» деген көрінеді…».

Ресей мұрағатынан табылған осы дерек көздерінің өзі Нияз батырдың болмысын толық ашып тұр деуге болады. «Орта жүздің атақты ел ағасы», «Түркістанда зор беделге ие болған», «Әбілмәмбетті хандыққа бекіткен», «Азиялық салт-дәстүр жөнінен ой өресі кең адам, басқа ел басылардан абыройы асып тұрғаны байқалады». Хаттамада келтірілген осы сөздердің астын сызып көрсетуіміздің үлкен мәні бар.

Қазіргі кезде тарихи тұлғаны қолдан жасау әрекеттері әдебиет пен тарихта, тіпті, ғылымда жиі көрініс беріп жүр. Бұл – аса жақсы нышан емес. Әсіресе, болашақ ұрпақты нақты шындықпен, тарихи ақиқатпен тәрбиелеуде зор қателіктерге ұрындыруымыз мүмкін. Жалған тарих жақсылыққа бастамайды, түптің түбінде жарға соғады.

В.Урусов хаттамасындағы Нияз батырға берілген баға, айтылған сөз ауызекі әңгіменің сорабы емес, нақты жазылған шынайы дерек көзі.

Ел аузындағы ескілікті әңгімелерде алпыс үшке келіп шау тарта бастаған Нияз батыр Жоңғар хонтайшысы Қалден Сереннің қолына түскен Абылай сұлтанды тұтқыннан босатқан екен. Сол кездің өзінде Жоңғардың жас батырын аттан аударған Нияздың ерлігіне Жоңғар әміршісі риза болып, сөзге тоқтапты делінеді аңыз әңгімеде.

Ел Тәуелсіздігіне биыл 25 жыл толғалы отыр. «Қазақтың ел болуы ортақ мұрат, бір мүдде аясында топтасу» дейді саясаткерлер мен тарихшыларымыз. Анық бір аңдағанымыз, ұлттық идеолгияны аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Қазіргі жастарымыз (25-ке дейінгі) төл тарихымызды мүлдем білмейді десе де болады. Өйткені, кітап оқымайды. ҰБТ-ы мен тестты сылтауратқан орта мектептер мен жоғары оқу орындары жастарды тарихтың жылы мен цифрына ғана дайындайды. Олар үшін қазақтың хандары мен батырлары, билері атқарған мемлекеттік маңызды істер мен ерлік әрекеттерінің еш қажеті жоқ. Ұлттық идеология – біздің төл тарихымыз. Бабаларымыздың ерлік істері, билеріміздің шешендік сөздері. Ерліктің қайнар көзі – халықтың намысын ояту. Кеше ғана Рио олимпиадасында алтын алған боксшымыз Данияр Елеусіновті алайықшы. Мұқым қазақ елі түн жарымында жекпе-жекке шығатын батырын көз ілмей күтті. Даниярдың жеңісі Қазақ елін дүр сілкіндірді. Міне, ел намысы, міне, ұлттық идеология! Бүгінгі жас ұрпаққа ата-баба, елі үшін, ұлан байтақ жері үшін күрескен ұлттық батырларымыздың ерен ерлігін дәріптеудің, насихаттаудың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Бұл қордың негізгі мақсаты – тек Алтай руы ғана емес, исі қазақ елінің бағзы заманнан бері отанымыздың тәуелсіздігі үшін түн ұйқы, күндіз күлкі көрмей күрескен бабаларымыздың ұмытылған есімдерін жарыққа шығарып, ел қорғаудағы ерен еңбегін жастарға үлгі етуден бастап, бүгінгі күнгі мемлекетіміздің гүлденуіне, дамуына, нығаюына, бүкіл дүние жүзіне қазақ елінің ұлы ел екендігін танытып жүрген азаматтарымызды насихаттау.

«Сайдалы Барқыұлы Нияз батыр қорының» келесі бір негізгі мақсаты – ел намысын біліммен, білікпен қорғайтын жас өркенге рухани һәм материалдық тұрғыдан қолдау көрсету. Отаршылдық зардабының салқынынан арыла алмай келе жатқан туған ата мекеніміздің (жер-су, елді мекен атаулары) тарихи тұрпатын қалпына келтіруге ат салысу болып табылады. Ел ішіндегі (білім, спорт, т.б) дарынды балалардың елеусіз, ескерусіз қалмауын қадағалау. Қазақ халқының шынайы тарихын қалпына келтіру мақсатында жұмыс жасап жүрген тарихшы-ғалымдарға көмек қолын созу болып табылады. Әрине, арман асқақ, мақсат көп. Оның бәрі көп жағдайда қаржы мәселесіне келіп тірелетінін жақсы түсінеміз. Батыр қоры өз жұмысын бастап та кетті. Ең бастысы, осындай игілікті істің қолдаушылары көп болсын деп тілейміз. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осынау ұлан-байтақ өлкені ұрпағына аманат етіп қалдырған батыр бабалар шапағаты бүгінгі ұрпақтарын желеп-жебеп жүрсін демекпіз.

Темірғали КӨКЕТАЙ,

профессор,

Жаңаарқа ауданының және

Қарағанды қаласының

Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button