Батыр Тоқтардың бала қарағайы

     Алла тағаланың бізге берген шексіз нығметтерінің бірі – ағаш. Содан болар, «атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Жұрттың есінде шығар, 2013 жылы Қарағандыдағы Гагарин алаңындағы ескерткіш маңына қазақтың маңдайына басқан Батыры Тоқтар ӘУБӘКІРОВ бала қарағай отырғызған. Білгендей айтқан болар, жас көшетті «қарап жүріңдер» деп жанында болған азаматтарға аманаттаған екен. Бүгінде көктемде көктеп, жаздай жайқалып тұрған ағаштардың арасынан Батыр отырғызған қарағайды әзер таптық. Өйткені, Тоқтар ағамыз еккен ағашта белгі жоқ.

Сенбілік кезінде сол ағашты суарамын деп барып, шыр көбелек айналып таба алмадым. Ағашты еккен жылы бас редакторымыз Мағауия Сембаев ағамыз, облыс әкімінің сол кездегі аппарат басшысы, қазіргі Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов Батырдың жанында болыпты. Абырой болғанда, еккен ағашты басшымыз тауып көрсетті. Қарағай кісі бойынан асып бүр жарып тұр. Бізді қынжылтқаны – әлгі ағаштың басында белгі жоқ. Қонақтарымыз түгілі, қарағандылықтардың өзі бұл бала қарағайды кім отырғызғанын білмейді.

Жезқазғанда жақсы дәстүр бар. Қалаға бара қалсаң «Ғарышкерлер» аллеясында ғарышкерлер отыр­ғызған қарағайларды көресің. Жезқазғанға табаны тиген ғарышкерлердің еккен ағашына белгі қойылып, есімі тайға таңба басқандай жазылып қойылған. Үлгі алуға әбден болады. Қала әкімдігінің құлағына алтын сырға. Қарағанды қаласындағы Гагарин алаңына Тоқтар көкеміз отырғызған ағаштың ешқандай белгісіз тұрғандығы жаныңды жүдетеді.

Нұрдос КӘРІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.