Шет

Батыр кесенесі – киелі орын

Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттығы үшін қол бастап, ел қорғаған Жидебай батырдың кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды. Айта кетейік, Сарыарқа жерінде еліміздің киелі нысандарының қатарына кіретін бірнеше ескерткіштер бар.

Атап айтсақ, Ұлт ұясы Ұлытаудағы Ақмешіт әулие биігі, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері, Ақтоғайдағы Бектау ата тауы, Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті, Бұқар жырау кесенелері. Енді міне, Жидебай батыр кесенесі де сол киелі орындардың қатарына еніп отыр.

Қарағанды облысы әкімдігінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №73/01 қаулысына сәйкес Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 20 қарашада №6094 болып тіркелді.

Осы орайда, Жидебай батыр кесенесін мәдени мұралар тізіміне енгізу мақсатында толық құжаттамалар топтамасын әзірлеп, қорғау аймағын белгілеуге күш салған «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының Президенті Саяхат Ыбышев, ұйымдастыру алқасының төрағасы Бақытжан Әріновтердің сіңірген еңбегін айрықша атап өткен орынды. Мәдени мұра – мәңгілік ел құндылығы. 9 шілде күні сағат 11:30-да «Әлтеке Жидебай батыр» қоғамдық қорының Президенті Саяхат Ыбышевтың демеушілігімен және ұйымдастыруымен Жидебай батыр кесенесінің алдына ескерткіш тақта орнатылып, құран бағышталды.

Осылайша, жас ұрпақ батыр рухын асқақтатып, үлкен іс тындырды.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

Шет ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button