Жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн режимде қолжетімді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа жылмен құттықтау сөзінде «Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан, келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ», – деді. Осы шешімі арқылы Мемлекет басшысы еліміз жаңа дәуірге жай ғана қадам жасап қана қоймай, көштің алдынан көрінуге бел буғанын айқындап отыр. Сөйтіп, жылқы жылында цифрландыру мен жасанды интеллектіге айрықша көңіл бөлініп, берілген тапсырмаларға сәйкес атқарылатын жұмыстарға қарқын қосылмақ. Бұл – «өсемін, өнемін, өркендеймін» деген халыққа тән қадам деп түсінгеніміз абзал. Кәрі тарихқа көз жүгіртсеңіз, кез келген ұлттың интеллектуалдық сапасы һәм қуаты дәуірлер алмасқанда көрінеді. Сіз бен біз жаңа дәуірдің табалдырығынан аттадық.

Сурет ЖИ

Қазақстан цифрлық дәуірге қадам басуда әлдеқашан толағай жетістіктерге жетіп қойған. Біріккен Ұлттар Ұйымының жасаған рейтингіне сүйенсек, электрондық үкіметтің даму индексі бойынша Қазақстан 193 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Бұл – әлемдік сарапшылардың бағалауынша өте жоғарғы көрсеткіш. Ал, онлайн қызметтер индексі бойынша, әлемде 10-шы орыннан көрінді. Рейтинг мемлекеттердің цифрлық қызметтерін, электрондық үкімет инфрақұрылымын және азаматтарға онлайн қызметтердің көрсетілуін бағалайды. IMD World Digital Competitiveness Ranking, яғни, цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің рейтингісінде еліміз 67 елдің ішінде 34-ші орынды алып тұр. Бұл – 2024-2025 жылдарда жасалған рейтинг. Цифрлық бәсекеге қабілетті үздік бестікке енген мемлекеттер: 1-орында Швейцария, 2-орында АҚШ, 3-орында Сингапур, 4-орында Гонконг, 5-орында Дания тұр.

Әлемдік тәжірибе мемлекеттік қызметтердің цифрлануы жемқорлық деген дертке қойылатын қауқарлы тойтарыс екенін көрсетті. Экономика, медицина, білім мен ғылым, құқық қорғау салаларындағы күрделі проблемалар шешімін тауып жатыр. Нақты деректер сөйлесін. Мәселен, әлем елдеріндегі жемқорлыққа қатысты «Transparensy International» ұйымы жыл сайын жемқорлық жайлаған елдердің рейтингісін жасайды. 2020 жылы Қазақстан 94-ші орынды алған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл – сол жылдардағы ең үздік көрсеткіштердің бірі. 2024 жылы 84-ші орыннан көрінген. «Transparensy International» ұйымы былтырғы көрсеткішті жариялаған жоқ. Ақпан айында жарияланады деп күтілуде.

Цифрландыруда жеткен жетістіктеріміз көп. Бірақ, қаншалықты жетістікке жеткенімізді бағамдау үшін қоғамдық көліктердегі бір ғана «Onay!» төлем жүйесін мысалға келтірейік. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, қоғамдық көліктерге енгізілген «Onay!» төлем жүйесінің өзі жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешіп берді. Смартфондағы банк қосымшасы арқылы «Onay!» қосымшасына қаражат аударып, автобустағы QR код арқылы жол ақысын төлейсіз. Төлем жүйесі арқылы автопарктердегі кірістер мен шығындар толық бақылауға алынып, жұмсалатын қаражат мөлшері жүйеленді. Осының арқасында бүгінде аймақтағы автобус парктеріндегі қоғамдық көліктер толықтай жаңарды деуге болады. Цифрлық технология арқылы мемлекеттік бюджет көл-көсір үнемге кенелді.

2024-2025 жылғы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда мемлекеттің қызметтердің 90-92%-ы онлайн режимде қолжетімді. Мұнда eGov порталы және басқа да қосымшаларды мысалға алуға болады. Цифрландыру нәтижесінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін азаматтардың саны едәуір азайған. Кез келген құжатты жасату үшін ұзын-сонар кезекте тұрмайсыз. Ақпараттандыру жұмыстары да бір ізге қойылған. Құжатыңыздың тіркелгенін, дайын болғанын SMS хабарламалары арқылы ақпараттандырып отырады. Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға мәжбүр болған жағдайдың өзінде eGov қосымшасы арқылы кезекке тұрасыз. Бұл жүйеге жасанды интеллект енгізілген. Жасанды интеллект тізімнен қателеспейді, кезекті сапырмайды. Бұлжымас тәртіппен, жүйемен жұмыс атқарады.

Қарағанды – өндірістік аймақ. Еліміздегі ең қуатты өңірлердің бірі. 300-ге тарта өндірістік орын бар. Алпауыт компаниялар бүгінде цифрландыруға толықтай бет бұрған. Адамның қателігінен болатын өндірістік апаттар кейінгі бес жылда күрт азайды. Себебі, зауыттарға қарбаласқа толы жұмыс барысында адам аңдамай қалатын қателіктерді оңдап отыратын «ақылды құрылғылар» орнатылған.

Аймағымыздағы «Террикон алқабын» мақтанышпен айтамыз. Бұл – зияткер жастардың ортасы, адамзат баласының күнделікті тіршілігін жеңілдететін, мүмкіндіктерін арттыратын қосымшалар жасалатын шеберхана, IT мамандардың ұстаханасы деуге де болады. Келешекте дәл осы мамандар цифрлық және жасанды интеллект дәуіріне батыл қадам жасаған Қазақстанға ауадай қажет болмақ.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button