МедицинаРесми

Басты стратегиялық мақсат

Мемлекет тағдырына әрбір азамат тікелей жауапты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін алға тартты. Бұл орайда екпін макроэкономикалық көрсеткіштерге емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруына түсірілмек.

Мақсат үдесінен шығу – жолында ауқымды өнеркәсіп жобаларын тиянақтау күн тәртібіндегі басты міндет. Үкіметке кешенді шаралар легін анықтап, әр өңірдегі инфрақұрылымды дамыту жоспарын пысықтауда. Ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірлескен жұмыс жалғасын табуда. Одан кейінгі межелі міндет – инвестиция игілігін ұтымды пайдалану. Ел Президенті Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Штаб – бұл саладағы ахуалды жақсарту үшін ауқымды өкілетке ие.

Таразы басын тең қылу үшін Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық халықтан төлем жиюмен шектеліп қана қоймай, инвесторға тартымды әрі қос тарапқа да тиімді жағдай орнауы ләзім. Қазына қалтасы да жұқармағаны назарда болғаны абзал. Әлбетте, бұл ретте мемлекеттік сатып алу ісін және мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін жаңа заңдар елеулі рөл атқарады.

– Осы құжаттар мемлекеттік сатып алу ісінің ашық болуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, экономиканы дамытуға қажетті қаражат қорын қалыптастыруға септігін тигізеді. Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлу қажет. Қазір бұл секторды жаңғырту шаралары айқындалып, іске асырылып жатыр, – деді Президент.

Жаһандағы экономикалық ахуал республикаға түрлі әсерін ти­гізіп тұрады. Турбулентті түйт­кілдер көзі – қырағы мемлекет үшін, керісінше, соны мүмкіндік. Уағында ара-жігін ажыратып тұрған кәнігі мемлекет өкілдері ұтымды ұсыныстарын дер шағында жеткізіп тұрады. Үкіметтің жел қайдан соқса да, желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспарына әр саналы азаматтың мән беріп жүргені де саналы қолдау. Өйткені, тұрғындардың қаржы саласынан қара танығаны әбден маңызды. Құзырлы мекемелердің тұтыну несиесін беру тәртібі мен коллектор ұйымдарының қызметін реттей білуі тұтас экономиканың көсегесін көгертеді. Бүгінде кредит капиталының көлеміне қатыс­ты талап бес есе күшейтілді.

Енді аймақтағы ахуалға тоқталып өтсек. Бір жоқты бір жоқ түртеді. Атқарушы билік әртараптан ойластырылған іс-қимыл стратегиясы мен өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігері көп жайды бір жақты етпек. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл орайда өңір басшылығы отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде маңызды қадамдар жасады. Қарағанды ендігіде кеншілер аймағы, өндірісті өңір болып қана қоймасы анық. Сағат сайын жаңарған жаһан бедерінде қазіргі Қарағанды жаңа технологиялар бағытында қарышты көрсеткіштер көрсетіп тұр. Бизнес саласында да биік белестерді бағындыру үстінде.

Мәселен, өңдеу өнеркәсібі сек­­­торының үлесі 80% жуықтайды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір ел бойынша жетекші орында тұр. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен Saran индустрия­лық аймағының аумағында бірқатар перспективалы өнеркәсіптік жобалар іске сәтті асырылуда, ірі кәсіпорындар іске қосылды.

Өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру, моноқалаларды дамыту, экологиялық жағдайды жақсарту, өнеркәсіптік кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту өңірдің өркендеуіне кепіл. Шалқар үміт есепті әрекетпен ақталады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button