Бас тақырып

Баспана алудың тиімді жолы

Бүгінде Елбасы ұсынған «7-20-25» ипотекалық бағдарлама енгізілген соң пәтер сатып алушылар саны артқан. Жылжымайтын мүлік жөніндегі мамандар осындай қорытынды жасап отыр. Соңғы бір жылдың өзінде 10 мыңға жуық адам баспаналы болу үшін банктерден есепшот ашқан. Ел бойынша, банктер 55 миллиард теңгеден астам сомаға 4657 өтінім қабылдаған. Оның ішінде, қаржы институттары 36,5 миллиард теңгеге жуық несие беру келісімін жасаған. Бұл туралы «Баспана» Ипотекалық Ұйымы» АҚ сыртқы коммуникациялар қызметі жетекшісінің орынбасары Айбар ОЛЖАЕВ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.


– Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттары мынадай. Жылдық мөлшері 7 пайыз, алғашқы жарна – 20%, несие мерзімі – 25 жылға дейін. Бұл жағдайда қарыз алушы қарызды 25 жылдан аз мерзімге ала алады және жаба алады. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау мен Шымкент қалаларының тұрғындары құны 25 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлердің тұрғындары 15 миллион теңгеге дейін баспана алуға мүмкіндік бар. Яғни, Қарағанды облысы үшін үй бағасы 15 миллионнан аспауы тиіс. Ипотеканы мақұлдау кезіндегі басты факторлар ретінде азаматтың төлем қабілеттілігі, атында басқа ипотекалық қарыздардың жоқтығы қарастырылады, – деді Айбар Олжаев
Бағдарлама тиімді жұмыс істеуде. Өңірлер бөлінісінде Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ, Маңғыстау облысы қатысушылардың саны бойынша көш бастап тұр. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында несиелеу өсімінің оң динамикасы байқалады. Ал, Қарағанды облысы мақұлданған өтінімдер бойынша 9-шы орында тұр. Қазірдің өзінде, 758 миллион теңге қаржы көлеміндегі 68 өтініш мақұлданған көрінеді.
Сонымен қатар, Елбасының кезекті Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты нысанаға алғанын тілге тиек етіп, «7-20- 25» мемлекеттік бағдарламасының арнайы әзірленіп, 250 мыңнан аса отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін алға тартты. Алғашқы жартыжылдықта бастау алған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы сол отбасылардың шаттығын еселейтін болады деген сенім білдірді. Бұдан бөлек, Айбар Олжаев халықтың сұранысын ескере отырып, күні кеше ғана «Баспана Хит» бағдарламасы жұмысын бастағанына тоқталды. Ондағы шарттарды «7-20- 25» бағдарламасына енгізілген өзгеріс деп түсіну қате екендігін айтты. ҚР Ұлттық Банкімен қабылданған ережелерді ешкім өзгерте алмайтындығын атады. Аталмыш бағдарламаны Астана мен Алматы қалаларынан өзге аймақтарда жаңадан салынатын үйлер аздығын ескеріп, қосымша бағдарлама ретінде жарыққа шығарып отырғандығын сөз етті.
Айбар Олжаевтың сөзінше, «Баспана Хит» бағдарламасының негізгі тиімділіктері – қайталама нарықтан, яғни, бұрын қолданыста болған үйлерді 11 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жыл мерзім уақытқа дейін ипотекалық жолмен сатып ала алады. Сондай-ақ, алғашқы жарнаны 20 пайыздан көп төлеуге және бағдарламаға қатысушы тұлғаның атында басқа баспананың болуы рұқсат етіледі. Өзге банктермен салыстырғанда бұл әлдеқайда арзан әрі тиімді мүмкіндік болмақ. Екінші деңгейлі банктерден тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесімен ерекшеленетін банктің салымшысы ретінде жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие алуға төте жол екендігіне тоқталды.
Жаңа бағдарлама аймақтағы жылжымайтын мүлік нарығына жан бітірмек. Жергілікті билік құрылыс қарқынын арттырып, жеңілдікпен берілетін үйлер санын мейлінше көбейтпекші.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button