Руханият

Барлық жанрда бірдей қалам тербеген

Мен алғаш көргенде Софы дәл қазіргісіндей болатын. Сол шаш, сол тройка, сол көзілдірік, сол галстук. Байқамай бір жерлерде сүрініп қалған ба, біраз уақыт қолына таяқ ұстады. Бірақ, ондай-ондай кімде болмайды? Төлен Әбдіков суреттегендей: «Софы маған Алашорданың бір қайраткерін еске түсіреді де тұрады. Бірақ, кейін оны Колчактардың біреуі атып кеткен». Ол – құрдастардың әзілі ғой. Аз өмірде әзілдеп өткенге не жетсін…

Өзгермейді дегеннен шығады. Софы жас кезінде еңбекқор еді. Әлі сол қарқынынан тайған жоқ. Біз сияқты жүріп кету, тұрып кету дегенді әсте білген емес. Жұмысынан шығады да үйіне бара салып жазуға отырады. Қатал режим. Тіпті, жазушылардың бір пленумында: «Дулат барда көп отырады» деп мені сынағаны да есімде. Ол кезде сөйтіп сынауға болатын. Құданың құдіреті, сол сыннан кейін мен барға екі-үш ай бойы бармай кеттім. Үйде жатып алып «Дерменені» бітірдім. Бір шаруаны біттіге санап, қайтадан бардың есігін аштым. Софы талай көрді. Содан кейін де пленумдар болып жатты. Бірақ, Софы мені қайтып сынамады. Сонысы бекер болды. Тағы сынағанда кезексіз бір шығарма бітіп қалар ма еді, кім білсін?!

Жетпісінші жылдардың бас кезі. Софы «Елім-ай» романын «Жұлдызға» ұсынды. Тахауи Ахтанов редактор. Ол кезде Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары шығып, әдеби ортада әр түрлі пікірлердің гулеп тұрған кезі. Дәл сол тұста, дәл сол тақырыпқа жазылған жас жазушының романы дүниеге келді. Бәріміз оқып шықтық (Төлеген Тоқбергенов, Оразбек Сәрсенбаев, т.б.). Бұл роман да әр түрлі пікір таласын тудырды. Негізгілері: «тақырып қайталау», «ділмарсу», «кейіпкерлердің бәрі шешен сөйлейді», «шұбалаңқы», тағытағылар. Роман ұзақ жатып қалды. Ол кезде жас жазушының романын «Жұлдызға» жариялау деген өте сирек құбылыс. Софы бәрімізге ренжіп жүрді. «Қызғанасыңдар, мейірімсізсіңдер» деп бір күндері ызадан көзіне жас та алды ғой деймін. Әрине, ол заңды да еді. «Елім-ай» сияқты ақыл-ойыңды сарп етіп қиналып бітірген сүбелі туынды әні-мінімен жарыққа шыға алмай жатса, перзентінің тағдыры үшін қай автор ашу-ызаға булықпасын! Бәріміз «виза» қойып, бас редактор Тахаңа ұсындық. Ол кісі де тоғыз ай ұстап, әйтеуір қол қойды-ау! Бөлімге келіп айтқан сөзі әлі есімде: «Ей, мынау Сматаев деген аса тәуір жазушы екен ғой. Тіліне риза болдым. Тарихи тақырыпта Есенберлиннен кем емес. Жариялайық». «Елім-ай» «Жұлдыздың» бірнеше санында осылай жарияланып еді.

Әр жазушы үшін оның барлық дүниесі басты шығарма көрінеді дейді ғой. Софы бұдан кейін де талай-талай роман, повестердің авторы болды. Ал, қалың оқушы үшін, әдеби орта үшін «Елім-ай» оның басты туындысы боп қала беретін секілді.

Ол кездерде тарихи-революциялық тақырып болмаса қазақ елдігінің, мемлекеттігінің, оның ішкі-сыртқы саясатының тарихын жүздеген жылдардың тереңдігінен қарауды кеңес цензурасы қолдай қоймайтын. Софы Сматаев осы тақырыпқа батыл барып, оқушыны бір сілкінтіп тастады. Қазақ халқының азаттық жолындағы тақырыпты көтеру, ол жөнінде көркем шығарма жазу бүгінгі таңда жаңалық болмай отырса, 60-70-жылдары ол ерлікпен пара-пар болатын. Тіпті, көркемдік деңгейді былай қойғанда, қазір ғой, әр ауылдың жазушысы бір-бір батырын тауып алып, сол тақырыпты әбден шиырлап, алдыңғы жасаған образдар мен оқиғаларды қайталап, киелі тақырыпты аяқ асты етіп жатқаны.

Софының бұл еңбегі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған алғашқылардың бірі әрі сүбелі туынды болғанымен құнды.

Софы Сматаев – жемісті жазушы. Ол әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп келеді. Бір жанрдан екінші жанрға ауысу да оңай шаруа емес. Оның үстіне сенің мамандығың металлург болса, Софыға жанр атаулының жаттығы жоқ. Бұл күнде ол қазақ әдебиетіндегі барлық жанрда жемісті еңбек етіп келе жатқан қарымды қаламгер ретінде белгілі. Ол – романист, новеллист, либреттист, драматург, ақын, эссеист, журналист.

Дулат ИСАБЕКОВ.

Басқа материалдар

Back to top button