Бас тақырып

Барды ұқсата білейік

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 27 наурыздағы №32 санында жарық көрген «Су мен шу» тақырыбындағы мақала дұрыс жазылған. Үйтас-Айдосқа қатысты көп дүниені дәйектеп жазған. Бірақ, Есқұла мен Қожамсейітті де қамти кету керек еді. Бұл екеуіне байланысты таратып айтсам, әңгіме ұзап кетеді. Ал, қысқа қайырсам, Есқұланың су қоры кеншілер қаласынан артылмайды. Демек, Жезқазғанға құбыр тартып, қыруар қаражатты ысырап қылу қажет емес. Қожамсейітке келсек, металлургтер қаласының күні оған қарап тұрған жоқ. Өйткені, Үйтас-Айдостың су қоры Жезқазған жұртшылығына жетіп-артылады. Тек жібі түзу құбыр тартудың қамын қарастыру керек.

Жезқазғандық бір қауым ел көз тіккен Есқұла су құбырының құрылысы басталғалы он жылдан асты. Кейін Жезқаған-Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік кешенді жоспарына енгізіп, жобаны 3 жылда жүзеге асыру көзделді. Алайда, жерасты су көзінен тартылған құбыр 2018 жылы кеншілер қаласы – Сәтбаевқа әупірімдеп әрең жетті. Сөйтіп, ұзындығы 71,8 шақырымдық құбырдың 55,3 шақырымы тартылды.

Кейінгі нақтыланған жобаға сәйкес, су құбырының құрылысы 2020 жылы толық аяқталуға тиіс еді. Республикалық бюджеттен – 500 млн. теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1 937 млн. теңге бөлінді. Былтыр мамырда облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Жезқазғанға жұмыс сапарынан «инженерлер мен мердігерлер құбыр құрылысын жыл соңына дейін аяқтаймыз деп мәлімдеді» деген ақпарат тарағанда жезқазғандықтар бір желпініп қалған. Бірақ, қуаныш ұзаққа бармады.

Өйткені, «Қазақмыс» корпорациясы Бас жобалау институтының жобаға түзету енгізуі кешеуілдеп, құрылыс-монтаж жұмысы қаңтарылды. Жобалық-сметалық құжатқа түзету қарашада енгізіліп, сосын мемлекеттік сараптаманың қортындысын күтуге тура келді. Сараптаманың нәтижесі сәтті шыққанымен, ырғалып-жырғалып жүргенде жылдың да төбесі көрініп қалды. Соның салдарынан игерілмеген қыруар қаржы республикалық бюджетке қайтарылды.

Әрине, Жезқазғанды сапалы ауызсумен жабдықтаудың әртүрлі жолы іздестірілуде. Кейбіреу Қожамсейіт су көзін қосымша пайдалануды ұсынады. Қолда бар су көзін толық игере алмай жатқанда, сол қаншалықты қажет? Оған жұмсалатын қыруар қаражатты былай қойғанда, жерасты су көзін орынсыз ысырап қылған қалай болады? Мәселенің экологиялық маңызы бар осы жағын неге ойламаймыз?

Қожамсейітті қатарға қосуды ұсынатындар оның суының сапасы мен кермектігі Айдос пен Үйтастан артық дегенді алға тартады. Шындығында, бұл аймақтағы барлық жерасты су көзінің сапасы химиялық құрамы жағынан бірдей. Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының химиялық зертханасы Айдосқа жүргізген сараптама қортындысы мен Қожамсейіт қорын мемлекеттік Қор комиссиясы бекіткен кездегі деректі салыстырсақ, айырмашылық жоқтың қасы. Жаңағыдай жалған мәлімет қайдан шығып жүргені белгісіз.

Айдос пен Үйтас жерасты су көзінің қоры пайдаланылып келе жатқан уақыттан бері онша ортая қойған жоқ. Қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың жолы — Үйтас-Айдос су көзінің магистральдық құбырын түбегейлі қайта құру арқылы қолда барды тиімді пайдалану.

Сұлтан СҮТБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті геологы.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button