Бас тақырып

Барды бағалау – ерлік

Премьерадан ерекшелік көзге ұрып тұрды. Драма әрі фильм көргендей болдық. Сонысымен жалықтырмады, қалай мәреге жеткенін де байқамай қалдық. Сахнаның тартымдылығы мен классикалық әуендер жанымызды астан-кестен етті. Ішімізде бірдеңе қопарылып бара жатты. Оған ақ адал, жалындаған жастық махаббатты қосыңыз. Әңгіме С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен Шыңғыс АЙТМАТОВТЫҢ «Шынарым менің, шырайлым менің» повестінің желісімен ықшамдалған «Арманым – Әселім» лирикалық драмасының премьерасы жайлы. Қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі Талғат ТЕМЕНОВ. Суретші – Шынар ЕЛЕМБАЕВА, музыкамен көркемдеген – Дәмелі ҚАНАЕВА, биін қойған – Дина ЖАҚЫПБАЕВА.

Иә, театрдың үлкен залы лық толы. Біткенше ешкім тапжылған жоқ. Аяқталғанда тік тұрып қол соқты, құрмет көрсетті. Себебі, карантинде көрісуге зар болған жұрттың жан жүрегін жұмбақ сезімдерге көмген қойылым болды – бұл.

Бірыңғай жас актерлер ойымызды оқып алғандай, күйкі тірлікке арбалған жүрегімізді лирика дейтін мақпал әлемге тартып бара жатты.

Ілиясты – Ахай Жұмамұратов, Әсел образын – Амира Омарова, Қадишаны – Дина Заитова, Байтемір бейнесін – Заңғар Ақаев сомдады. Ілиястың ұлы Саматтың кішкентай кезін Бекарыс Талғатұлы ойнайды. Драманың мазмұнына қысқаша тоқталсақ. Ілияс есімді тракторшы жігіт күтпеген жерден Әсел дейтін сұлу бойжеткенге ғашық болады. Шынайы махаббат адамның мінезін өзгертіп, оны тәуекелге жетелейді де тұрады. Солай жүріп, құлай сүйген ғашығы мен ұлынан көз жазып қалады. Махаббатқа мас болып жүріп, жасаған бір тәуекел ісі оның өмірін түгелдей өзгертіп жібереді. Жүйкеге салмақ түсіп жүргенде ішімдікке әуес болып, Әселдің пәк сезімін бағалаудан да қалады. Тян-Шань тауының қиын жотасынан тракторын тіркемесімен өткізбекші болған Ілияс қауіп-қатерге тап болып, үйінен алшақта, келесі бір сылқымның үйінде оянады. Сол арумен бас қосып, өмірі қиындай түседі. Онымен жұлдызы жараспай, ауылына келе жатқанда көлігі апатқа ұшырып, бір жігіт құтқарып қалады. Ол Ілиясты үйіне алып келеді және әйелін шақырғанда Әсел кіріп келеді. Әрі ұлы Самат та өскен. Сол үйдің иесі Байтемірге бауыр басып қалған Әсел Ілиясқа бәрі кеш болғанын айтады һәм лирикалық драма жүректі езетін қос ғашықтың өкінішті сезімімен аяқталады.

Бұл жерде Әселді кінәлау қиын. Ол өте намысты қыз. Ілияс жоғалып кеткен соң, төркініне бармай, жарын табудан үміттеніп, баласын көтеріп, іздеп шығады. Үмітін үзбей жүргенде Байтемірге кезігеді. Ол Әселдің жанын түсініп, бірнеше жыл оған жоламай, сыйластық танытады. Қаза болған әйелі мен баласының орнына Әсел мен Саматты қабылдайды. Екеуі енді түсінісіп, бас қосқанда Ілияс қайтып келген еді. Міне, өкініштің үлкені – осы.

– Мұнда күнделікті өмірде әркімнің басында болатын жағдайлар өте шебер суреттелген. Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың ұлы идеясын Талғат Теменов сол деңгейінде бізге жеткізді. Әр көрген сайын жаңа қыры ашыла беретін құпия әлем – махаббат қой өзегі. Театрдың актерлері де шебер ойнап шықты. Енді, болашақта Талғат ағамыз Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» атты ұлы шығармасын сахнаға дайындаса, одан да шаһқар дүние шығарары анық, – деді Нұр-Сұлтаннан келген әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілікұлы.

Біз көбіне бас кейіпкердің еркелігін кешіріп, соңында сүйгенімен қосылатын туындыларды күтеміз. Өмірде кешірілмейтін еркеліктер де бар екен. Өйткені, алғаусыз махаббат өз дегенін жасайды. Әсел Ілиясты қанша сүйсе де, құрбандыққа барып, Байтемірдей жігітті таңдады. Негізгі себебін өзі ғана біледі. Біздің болжам мынау.

Өйткені, Байтемір де махаббатқа адал, тұрақты, отбасын бәрінен биік қоятын жігіттің төресі болып шықты. Ол Әселге бас салып, сезім білдірген жоқ. Уақыт берді, күтті. Әсел оның адалдығына сеніп, қабылдады. Дәл осы кезде Ілиястың келуі кеш еді. Өмірде кешігуден асқан қандай қасірет бар?.. «Үнемі сен қалағандай болады» деп кім айтты? Жоқ, қателесесіз. Уақытында қадіріне жетпеген, бағаламаған махаббатыңыз сізден осылайша теріс айналуы мүмкін…

Меніңше, актерлер өз образдарын сөйлете алды. Әсіресе, Ахай Жұмамұратов пен Заңғар Ақаев кейіпкердің көңіл-күйін әсерлі жеткізді. Ахай – өте талантты актер. Болашағынан үлкен үміт күттіреді…

– Драма оптимизмге толы болды. Театрдың жас буын актерлері тағы бір мәрте кәсібилігін дәлелдеді. Кейіпкерлердің сезімін керемет жеткізе алды. Қырғыз халқының салт-дәстүрін, қонақжайлығын, өзгеге, балаға деген қамқорлықты да тамаша көрсете білді. Музыкасы, декорациясы, актерлердің керемет ойыны махаббат пен жауапкершілік, қамқорлық пен адалдық, сатқындық пен сергелдең сынды сезімдер арқылы басқа әлемге апарғандай әсер етті, – деп жазды Fakebook парақшасына Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова.

Сонымен қатар, мұнда Ілияс пен Қадишаның сезімі де бар. Олар бірге өмір сүре алмаса да, ынтық. Ажырасып кетсе де, қимастығын көрдік. Яғни, қойылымда осындай шиеленіскен жастықтың жалындаған махаббаты бар.

Бірақ, бұдан Ілиясты оңбаған, опасыз деген ой туындамау керек. Меніңше, шын ғашық жандар қателесуге бейіл болады. Кейде мінезді жігіттердің құлай ғашық болуының соңы осылай аяқталып жатады. Десек те, мұндай ауыр сынға жігіттің жігіті ғана шыдай алады. Ілияс сондай атпал азамат, жігіттің төресі. Ең жақын жандарынан тірідей айырылса да, еңсесі түскен жоқ. Ақиқатты ашық мойындады, қателескенін жүрек құрғыр сезді. Өкініштен өзегі өртеніп бара жатса да, өзі танысқан кезде мойнындағы қызыл орамалын көріп, «Қызыл орамалды шынарым» деп еркелеткен Әселіне бақыт тілеп, орамалын иіскеп қала берді. Ішін алай-дүлей сезім кеміріп бара жатса да, қызыл орамалды мойнына байлап, «Жігіттер, билейікші» деді соңында. Билеп басталған хикая, бимен аяқталды. Сол соңғы билеп тұрған сәтіндегі ішкі жан-дүниесінде болып жатқан өкініш сезімін адам баласының басына бермегей… Оны һәм аядық, әрі мәрттігіне риза болдық. Нағыз ғашық Ілиястай-ақ болсын! Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласынан қойылымға қазақ өнері мен мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлер арнайы келгенін айтқан жөн. Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Президент әкімшілігі аппараты басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқып берді. Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса, Қазақстан ұлттық мұражайының директоры Арыстанбек Мұхамедияұлы өз құттықтауын жеткізсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова мен театр С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымов сөз сөйлеп, жас артистерге алғыс айтты. Қойылым режиссері Талғат Теменовке шапан жапты.

Осылайша, Сәкен театры 89-шы маусымын 20 маусым күні «Арманым – Әселім» спектаклімен жапты.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button