«Баланы жастан…»
Баланың тентектігін еркелікке балайтын жұртпыз. Бірақ кейде ол шектен шығып кетеді. Ондайда тиісті құзырлы орындар мен жауапкершілік барын балаға ескерткен жөн. Қазақтың «баланы жастан» деген даналығы осыны меңзесе керек. Ал, жалпы, қазір қоғамда бас жарып, көз шығарған тентектер көп пе? Әдетте, баланың бұзақы, сотқар аты мектепте шығады. Сол мектептердегі жасөспірімдердің арасында, ондайлар жоқ деуге келмес. Ел ішінде бір тентек болары хақ. Алайда, сол тентекті тезге сала білу де – тәрбие.
Мектептің дүние-мүлкін бала қиратса, оның да өтеуі барын бала білуі тиіс. Ешбір әрекеттің жазасыз қалмайтынын мұғалімдер де, ата-аналар да санасына құюы қажет. Өйткені, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатқан соң кеш болуы мүмкін.
Мектеп оқушысының жаудай тиетіні, әдетте, мектеп мүлкінен – парта. Жиі «шабуылға» ұшырайтын мүлікті оқушы сындырса, оны өтеп жатқан ата-ана сирек шығар. Ол болса, бюджет қаржысына алынған дүние. Оның орны толып, өтелуі тиіс.
Негізі, мектеп партасы нарықта әрқалай бағаланған. Қарағандыдағы жиhаз сататын дүкеннің бірінде екі оқушыға арналған парта 40-50 мыңнан 75 мың теңгеге дейін. Заң талабына сәйкес, мүліктің бұл түріне мектептер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тапсырыс береді. Бір жиhаздың құны 50 мың болған күннің өзінде, мемлекет қазынадан қанша қаражат шығындайтынын бағамдай беріңіз. Ендеше, тәртіп бұзған баланың ата-анасының қалтасына салмақ та түсуі тиіс. Ал, мемлекеттің мүлкіне ашық түрде қиянат келтірген жеткіншектер қолмен жасаған қылмысын жарасы жеңіл әрекетке балайды. Мектеп инспекторы демекші, орта білім ордаларындағы полиция қызметкерлері теріс жолдағы баланы дер кезінде жөнге салғанда өзекті мәселе қылаң бермесі анық.
– Қазақстан Республикасының Азаматтық және Қылмыстық кодекстерін ашып қарасаңыз, барлық қылмыс түрлеріне жаза бар. Демек, мектеп мүлкін кәмелеттік жасқа жетпеген бала бүлдірсе, оның шығыны ата-анасының мойнына ілінуі тиіс. Өкінішке орай, оны бала мен ата-анаға мектеп әкімшілігі, мектеп инспекторлары жеріне жеткізіп айта алмай отыр. Психологтар бала, ата-анамен жеке дара психологиялық жұмысты күшейту керек, – дейді бала құқықтары жөніндегі өңірдің өкілетті өкілі, балалар омбудсмені Ирина Киселева.
Ал, психиатр Анаргүл Бәйсейітқызы бала бойында шатақ мінездің пайда болуын оның «психопатиялық синдромға» тап болуымен түсіндіреді.
– Мұндай жеткіншектердің интеллектісі мен есте сақтау қабілеті сақталады. Сырттан қарағанда сау тұлға. Психопатиялық жағдай көбіне балада есейе келе біліне бастайды. Көзге көрінбейтін сырқатты бөгде адам түгілі, ата-анасы да бірден аңғармайды. Психопатиялық ахуал қайдан пайда болады? Оның себептері көп. Көбіне нәрестенің ана жатырынан шығарда бастан зақым алуы, сыртқы ортада соққыға тап болуынан немесе үйдегі жанжалдың салдарынан немесе жақындарынан үнемі баланың жүйкесіне тиетін ауыр сөз естуі біз айтқан психологиялық індетке алып келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік, экономикалық және тұқым қуалаушылық әдет психопатиялық ауытқу тудырады. Ата-аналар баласының бойынан осындай мінез-құлық көрінісін байқаса, бірден арнайы мамандарға жүгініп, кеңесін алған абзал, – дейді психиатр-дәрігер Анаргүл Көлдібаева.
Сарапшы қоғамда балаларға арналған идеологиялық жұмыстың кемшін түсіп жатқанын айтады.
– Біздің елде отыз жылдан бері бала тәрбиесін мектеп пен ата-ана бір-біріне сілтеп келеді. Бала қайраңға шыққан балықтай екі ортада қалып тұр. Социализм заманындағы идеологияны енді сезіне бастадық. Мұнымыз әсте кеңестік кезеңді аңсау емес. Капиталистік қоғамда отырған Америкада әлі күнге дейін жасөспірімдердің «бойскаут» қозғалысы жұмыс істеп келеді. Батыстың жеткіншектері білім мен тәрбиедегі олқылықтарды ұжымдасып шешіп қана қоймай, гуманитарлық көмекті белсенді еңсеруде. Әлемге әйгілі «Жасылдар партиясын» жасақтаған солар. Швейцариядан шыққан шынашақтай ғаламшар жанашыры Грета Тунберг бастаған қоршаған ортаны қорғау қозғалысы дүние жүзінің саясаткерлеріне серпін берді. Қараңызшы, қаршадай қыздың партиясына күні бүгін жер жүзіндегі қаншама бала үн қосып, Тунбергтің соңынан ілесуде. Қазір дүние жүзінде осындай балалар партиясы жасақталып жатыр. Біздің жасөспірімдер кімнің жетегінде жүр, кімге еліктейді, қандай жолды таңдайды?
…Қазіргі жастар мен жасөспірімдерді екі қауіп күтіп тұр: бірі – мәдениетсіздік, ал оның ақыры – азып-тозуға апаратыны белгілі, екіншісі – деструктивті діни ағымның шырмауына ілесу. Сондықтан, мемлекет мейлінше ұрпақ тәрбиесін жедел қолға алатын кез келді, – дейді сарапшы Айдос Айым.
Данышпан әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығын есте мықтап ұстау керек.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.