Жаңалықтар

«Баланы – жастан…»

Балалар асыға күтетін жазғы демалысқа санаулы күн қалды. Күнделікті сабақ оқудан босап, өз еркі өздеріне тиеді. Бұл оқушылардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, қадағалау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету осы мезгілдегі басты мәселе деген сөз. Сондықтан да облыстың білім басқармасы бас болып, полиция, төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен бірлесіп ведомствоаралық кеңес өткізді. Ондағы мақсат – оқу жылы аяқталмай тұрып, білім беру ұйымдары басшыларына балалардың қауіпсіздігі мәселесін жан-жақты түсіндіру, жазатайым жағдайлардың алдын алу бойынша хабардар ету. Облыстағы барлық білім беру мекемелерінің басшылары да Абай атындағы №104 мектеп-лицейіне осы мақсатта жиналды.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша сөз қозғады. Оның ішінде, арнайы қызметтерге көрінеу жалған қоңырау шалумен байланысты құқық бұзушылықтардың, нашақорлықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз үйден тыс жерде және ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеу айтылды.

– Сәуір айында Қарағанды мен Теміртау қалаларының көптеген мектептерінде жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарламалар түскенін білесіздер. Бұл іс-шараларға полиция күштері мен құралдары тартылды. Бұл ауыр қылмыс және оған Қылмыс­тық кодексте ауыр жаза қарастырылған. Сонымен қатар, өкінішке қарай, бізде кәмелетке толмағандар арасында есірткіге байланыс­ты қылмыстар жиі тіркелетінін мойындауымыз керек. Оқушылармен және студенттермен жұмыс істеу қажетті ақпаратты тікелей жеткізіп, қауіпті салдардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Қ.Ысмағұлов.

Сонымен қатар, департаменттің бейіндік бөлім басшыларының орынбасарлары өз баяндамаларында басқа да тақыраптарды жан-жақты қаузады. Мәселен, кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыс арасында бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері басым. Оны жасайтындардың орташа жасы – 15-17 жас. Жазғы демалыс кезінде жол-көлік қозғалысы да өзекті бола түседі. Жол қозғалысының ең осал қатысушылары – балалар. Оқушылар мен студенттердің жолда өз-өзін ұстау ережелерін елемеуінен болатын оқиғалардың соңы қайғылы аяқталуы бек мүмкін. Мәселен, жыл басынан бері облыс аумағында балалардың қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 12 жасөспірім әртүрлі деңгейде жарақат алды. Осының барлығы бейнероликтермен көрсетіліп, білім беру ұйымдары өкілдеріне түсіндірілді. Құрманғали Ысмағұлов барлық ақпараттық материалдар білім басқармасына берілетінін жеткізді және оларды оқушыларға көрсету, әлеуметтік желілерге жариялау қажеттігін баса айтты.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Жиембаева кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік жайлы мәселе көтерді. Оның айтуынша, биылғы жылдың төрт айында 75 жағдай тіркелген. Және бұл кеш анықталады екен.

– Көбінесе бұл фактілер кеш анықталып жатады. Әдетте қыз­дар ата-анасынан жүктілігін жасырады. Іші өскенде ғана мойындайды. Бұл жағдайлардың барлығын біз тіркеп, құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Әрқайсымен жұмыс жүргізіледі. Жүкті болып қалғандардың көбі баланың болашақ әкесімен қосылды, – дейді Г.Жиембаева.

Жүкті болып қалған қыздардың жасы 16 мен 18-дің арасы. Маман биыл тіркелген жағдай былтырғымен салыстырғанда жоғары екенін де айтып өтті. Былтыр бұл уақытта 69 жағдай тіркелген болатын. Жалпы, былтыр кәмелетке толмаған 186 қыздың жүктілігі тіркелді. Сонымен бірге, зорлық нәтижесінде жүкті болып қалатын жағдайлар да кездеседі екен.

Кәмелетке толмағандар үш­ін тү­сік жасату ата-анасының келісімімен ғана жасалады.

– Жүктілікті тоқтату әлеуметтік себептермен жүзеге асырылады. Десе де, жасөспірім қыздар баланы алдыртпауға тырысады. Жалпы, аймақта түсік жасату саны азайып келеді, – деді Гүлжан Жиембаева.

Кеңестің түскен кейінгі бөлігінде жаз кезіндегі балалардың қауіпсіздігі, маусымдық жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Мұрат Қатпанов жазғы кезде балалар үшін суға кету және терезеден құлау қаупі жоғары екенін айтты.

– Бұл жиын барлық мектеп басшылары алдында бала қауіпсіздігі туралы ақпарат берудің жақсы мүмкіндігі. Жазда өрт, суға кету қаупі арта түсетіні белгілі. Бала қызығушылығынан не білместіктен қауіпсіздік ережелерін сақтай алмайды. Сондықтан, балаларға айтып түсіндіру, ата-­аналарға ескерту – маңызды жұмыстардың бірі. Түрлі жағдайлар болады. Жақында вагонның үстіне мінген балаларды ток соқты, тағы бір бала шұңқырға құлап, қаза тапты. Терезеден құлау фактілері көбеюде. Жыл басынан бері 9 бала құлады, біреуі қайтыс болды, – дейді М.Қатпанов.

Жазғы демалыс жіті ішек инфекцияларының да белең алатын кезі. Ауру судан, тағамнан жұғады. Тазалық сақтамау, қол жумау да аурудың пайда болуына алып келуі мүмкін. Және ауруды қоздыратын микробтар мен вирус­тардың көбісі қоршаған ортаның әсеріне берік екенін ескерген жөн.

– Облыс аумағында жыл сайын жіті ішек инфекциясын жұқтырған 850 адам тіркеледі. Оның 70-80%-­ы 14 жасқа дейінгі балалар. Балалар арасында аталған аурудың таралуына жеке гигиенаны сақтамау себеп. Яғни, бала да, оған қараушы адам да тазалық сақтау, тамақтандыру тәртібін дұрыс сақтамайды, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұқпалы паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жақия Джашибекова.

– Балалардың қауіпсіздігі мәселесін барлық мүдделі органдармен талқыладық, – деді басқосуды қорытындылаған білім басқармасы басшысы Гүлсім Қожахметова. – Болуы мүмкін барлық қауіп тәуекелдер айтылды, ерте жүктілік, жол қауіпсіздігі, синтетикалық есірткі. Енді осындай шаралар барлық мектепте өтуі керек. Басты міндет – ата-аналар мен балаларға қауіптер туралы жеткізу. Бұл туралы айтылмайды емес, айтылады. Сонда да балалар машина астына түсіп, құлап, суға кетіп жатады. Иә, баланың аты – бала. Бірақ, ересектер, ата-ана түсіндіріп айтса, олар түсінеді деп ойлаймын. Мектеп директоры, сынып жетекшілері балаларды уақытша жұмысқа орналастырады ма, лагерьге жібереді ме, бос уақытын дұрыс пайдалану мәселелерін қолға алуы тиіс. Соңғы қоңыраудан шыққан бала 1 қыр­күйекте аман-сау сабаққа келуі керек. Бұл – негізгі міндет.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button