Былай байқасаң, бір басында бәрі бар: білім, қызмет, баспана, жеңіл автокөлік, тәп-тәуір тұрмыс. Бірақ, бірдеңе жетпей тұрған сияқты. Ол не? Ендігі әңгімені бірнеше мысалмен тұздықтай отырып жалғастырайық. Адамның атын атап, түрін түстемей-ақ, өзгертіп алайық.
Алматты анасы жалғыз өсірді. Қайта тұрмыс құрмады, барын баласына арнады. Ұлы да өнегелі азамат болып ер жетті, тәуір қызметтің «құлағын» ұстады. Бірақ, жасы қырықтың қырқасына шықса да үйлену ойында жоқ. Анасының алдындағы қарызын қалай қайтарсам деген ойдың құрсауында жүргенде, асыл адамынан айырылып қалды. Өкініштің отына өртеніп қала берді… Інжу үшін анасы жеке өмірін құрбан қылды. Маскүнем күйеуінен ажырасқан соң басқаға мойын бұрмады, қызының жүрегін жаралаудан қорықты. Ал, бойжеткен қызының ойында не барын бір құдай біледі: жас болып бейсауыт қыдырмады, жігітпен кездесуге бармады. Жаттанды жолы – жұмыс пен үйдің арасы. Жасы отызды орталаса да «кәрі қыз» оң босағада әлі отыр… Ғабит – кеш көрген бала. Шынтуайтында, күткен ханзадасы көп кешіккесін, анасы «көлденеңді көкаттыдан» өзі үшін туып алған. Сосын, баласы аман болса, барлық арманы орындалады деп ойлады. Ол зерек бала болды: бірнеше үйірмеге барды, төрт тілде еркін сөйледі. Анасының ғана емес, мектеп пен университеттің мақтанышына айналды. Алайда, жеке өмірі оңбады: бүгінде баласы бөтен еркектің бауырында. Өзі ішімдікке салынған…
– Балаға берілген шектен тыс махаббат тығырыққа тірелгенде тәрбиеден кеткен қателікті мойындау – ата-ана үшін үлкен өкініш. Отбасындағы жалғыз немесе зарығып көрген балада көбінесе өзімшілдік қасиет қалыптасады. Өйткені, ол ата-анасының табынушысына және өмірінің мағынасына айналады. Бәрі баланың жолында құрбандық болады. Нәтижесінде: бала басқаның пікірімен санаспайды, ешқандай шектеуді қабылдамайды. Осындай өкінішке ұрынбас үшін тәрбиенің дұрыс тәсілін қолдану керек. Бала мүддесіне бағытталған іс-әрекетті мектеппен, педагог-психологпен бірлесіп жүргізгенде, баланың табиғатын жақсы білгенде, жеке ерекшелігін терең түсінгенде, өмірлік бағдар қалыптастыруына мүмкіндік бергенде ғана тәрбие табысты болады, – дейді Сәтбаев қаласындағы №27 мектептің педагог-психологы Рита Әлиева. Иә, баланы шектен тыс өбектеу – орынсыз. Тіпті, зиянды! Ата-ананың ондай қарым-қатынасын дұрыс түсініп, қабылдауға қабілетті бала сирек. Сондықтан, көбісі қайтарымсыз қайырымдылықтың құрбаны болып жатады. Одан да Құдайдың бергенін қанағат тұтсақ болмай ма? Сонда баланың өз бетінше өмір сүріп, дамуына, еркін тыныстауына мүмкіндік туады. Бірақ, бұл – «баланы бетімен жіберу керек» деген сөз емес.
– Баласын шектен тыс өбектейтін, сол үшін өмір сүретін ата-анаға айтарым: «балам мен сияқты немесе өзім ойлағандай болады» деп күтудің қажеті жоқ. Оның өзіндік тұлға болып қалыптасуына көмектесу керек! – дейді Рита Әлиева. Бала да гүл сияқты. Ата-ананың міндеті – сол гүлді уақытылы суарып, күн сәулесі мол түсуін қадағалау, зиянкестен қорғау. Одан әрі жан-жағына жұпарын шашқан гүл еркін өседі.
СӘТБАЕВ қаласы.
Әлібек ӘБДІРАШ.