«БАЛАМДЫ МЕДРЕСЕГЕ БІЛ ДЕП БЕРДІМ…»

    Қазақ баласы ислам дініндегі өз ұстанымынан қашанда ажырамаған. Өзіндегі білім жетпесе айлап, жылдап білім іздеп, еліне имандылық нұрымен оралған. Сол ілім, сол білім қызыл сәбет кезінде пышырай бастаған. Жиырмасыншы жылдардан бастап діни наным бойынша қудалау қазақ даласында күні кешеге дейін жалғасты. Сонымен, қазақ баласы үшін діни наным көзі жабылғандай болған.

Тоқсаныншы жылдардағы жылымықтан кейін дінін түзегісі келгендер абдырап-ақ қалған. Бізді сауаттандыруға қазақ тілінде жазылған діни әдебиеттер шетелден тегін ағылып жатты. Өкініштісі, олардың дін исламмен ешқандай қатысы жоқ еді. Енді ел оқу іздеген. Қырғыз, тәжік елдерінде он жылдап оқыды. Осы екі ортада жер-жердегі ашылып жатқан мешіттерде кешегі кәмөнестер отырды.

Оқу іздеген жастарымыз Шам, Мысыр асып жатты. Ал, ол елдерде мұсылмандық ұстанымдар әртүрлі болды. Олар оралғанда сол ұстанымдарын ала келді. Олар келіп ауылдағы дүмше молдаларды алмастырды. Ол аздайын олардың дәріс оқығандары қаншама?!

Еліміздегі қасиетті дін исламымыз осылайша милығып жатты.

Есен Шаймұратұлы мына Қарқаралының тумасы болады. Сәулелі күндер келгендей болып көрінгенімен бір ызғардың барлығын бар жанымен сезінген. Оның үстіне жасөспірім баласы Олжас имандылық жолына ұмтылсын. Ауылымызда медресе ашылса ғой деп армандайтын. Сөйткен Олжасы қыршын жасында жол апатынан көз жұмсын.

Қайғы сабыр шақырса ұмытылады. Көз алдында арманы асқақ Олжас тұрып алсын. Баласының арманының біраз жұртшылықтың арманы екенін жақсы түсінген. Содан айналасымен, дін адамдарымен ақылдаса келе қасиетті Қарқаралыда, Құнанбай мешіті жанында медресе ашпақшы болады.

Алайда, басқа өңірлер де мұндай оқу орнына зәру еді. Есен енді алғашқы ойынан айнып, медресені облыс орталығынан ашуға бекінеді. Сол кездегі орталық мешіт жанынан жаңа құрылыс бой көтере бастаған. Мұны қала жұртшылығы да бағып отырған. Қолдарынан келер көмектерін ұсынды. Сөйткен құрылыс осыдан сегіз жыл бұрын тоқтап қалсын. Есен Шаймұратұлының татар дәмі таусылған.

Ел салауатты құрылыстың ертеңін ойлаған. Ақыры көптеп, көмектеп, қала, облыс әкімдерінің тікелей қолдау көрсетулерімен аяқталмаған құрылыстың тамырында қан бүлкілдесін. Әсіресе, «Аспап» құрылыс компаниясының басшысы, ел қалаулысы Төлеген Әшімовтің осы құрылысты өз жауапкершілігіне алуы елді қуантқан. Өйткені, Төлеген бауырымыз қашанда өз ісін аяғына дейін апаратын. Дін өкілдері, оның ішінде мешіт, өңір имамдары Орманбет Болатұлы, Өмірзақ қажы Бекқожа, Қанат Сәдуақас және басқалары құрылыс алаңында жүрді. Есеннің бауыры Ләззат Шаймұратқызы қазақ қыздарына тән қайсарлық танытып, ет бауырларының ісін жалғастырды.

Сол құрылыстың бітіп, ел игілігіне айналғанын көз көрді. Өткен жексенбіде иманды құрылыстың тұсаукесері өтті. Оның ашылу салтанатында белгілі айтыскер ақынымыз Дидар Қами жыр төгілдірді. Облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев сөз сөйлеп, барша жамиғаттың қуаныштарына ортақтастығын айтып, облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібековтің құттықтауын жеткізді. Наиб мүфти Наурызбай қажы Өтпенов қалың жұртшылыққа жүрекжарды сөзін жеткізіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтауын оқып берді. Облыс әкімі Н.Әбдібековке, халық қалаулысы Т.Әшімовке, имандылық саласында бір адамдай тер төгіп жүрген Л.Шай­мұратқызына мүфтияттың Алғыс хатын тапсырды.

Ел ақсақалдарының батасынан кейін жұртшылық медресені бетке алған. Ақ кимешекті әжелер шашу шашып, еңкейген кәрі, жүгірген бала сықпа құрттың, тәтті мәмпесидің дәмін алып жатты.

Айтары жоқ, мұнда жатып оқуға керектің бәрі жасалған. Қайда барсаң да мұнтазадай тазалықты көресің. Екінші қабаты жатын орны да, астыңғысы дәріс бөлмелері. Әзірге жиырмадан астам жас білім алып жатыр екен. Негізінен қырықтың үстінде адам қабылдай алады екен. Ұстаздар да бір қауым ел болыпты. Араларында Мысырдан келген дәріскер де бар болып шықты.

Одан кейін «Бәрекет» асханасында дастарқан жайылды. Өңір имамы Өмірзақ қажы Бекқожа барша мұсылман баласына, оның ішінде әкелі-балалы Олжас пен Есен Шаймұраттар аруақтарына арнап дұға бағыштады.

Сонымен, қаламызда тағы бір имандылық орны бой көтерді. «Олжас Есенұлы атындағы сауат ашу орталығы».

Имандылық мектебі қайырлы болсын, жамиғат!

Балаңызды медресеге беріңіз.

Біл деп беріңіз…

Төрехан МАЙБАС

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.