Руханият

Балалар әдебиетінің бағы жана ма?

Қазір әр баланың қолында гаджет. Осыдан барып «Ана тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді» дейміз. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деп қадап айтты.

«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға балалар әдебиетінен алты кітап таңдалды. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», Марат Қабанбаевтың «Жиһангез Тити», Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн», Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Мәди Айымбетовтың «Бар болғаны он төрт жас». Тізімнен өткен ғасырдың жауһарларын көрдік. Осы алтаудың арасында тек біреуі ғана Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» шығармасы қазіргі заман әдебиеті.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей бізде Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев, Толымбек Әбдірайым ағаларымыздың жолын жалғастырар жас жазушылар қайда? Қазақстан Жазушылар одағында 700-дей мүше бар деп күпінгеніміз осы ма? Сол жазушымын дегендер баланың көңілін аулардай ой туғызып, қазақтың жанын, қазақтың барын беретін інжу-маржан болардай дүниелер жазып жүр ме?

«Бала адамның бауыр еті» дейміз. Дегенмен, сол баламыздың болашағына өзіміз жол салмасақ, кім салады сол даңғылды? Жастайымыздан жата жастана оқыған «Менің атым Қожа» повесі тентек болса да, адаса жүріп жол тапқан Қожа хикаясы арқылы әр мектеп оқушысы бойындағы бар бұзықтықты, балалық махаббатты түзді. Әр баланы жақсы қасиеттерге жетеледі.

Ал, бізде қазір балалар әдебиетінде, бала тілімен жазылған шығармалар жоқтың қасы. Бала үшін кітап дүкеніне бардыңыз ба? Бара қалсаңыз сол дүкендерде жасөспірімдерге, кішкентай сәбилерге де арналған кітаптар жеткілікті. Бірақ, соның біразы, біразы емес-ау барлығы дерлік шетел кітаптарының тәржімасы. Көзтартар дизайнмен жасалғаны тағы бар.

Балаңыз қандай кітап оқыды екен, сұраңызшы. Әрине, сізге айтатыны «Гарри Поттер», «Өрмекші адам»… солай кете береді. Немесе, көзімен жер шұқиды. Онысы бір кітап та оқымағанының белгісі.

Балалар әдебиеті артта қалғаны сондай, соңғы үш жылда отандық баспалардан балаларға арналған небары 364 кітап қана шығыпты. Әрі ол шығармалар 1000-1500 данамен ғана басылған. Кезінде балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жылына 300 мың таралыммен ондаған жыл бойы жарық көрген. Тәуелсіздік алғалы балаларға арналған кітаптардың 70 пайызы мемлекеттік тілде басылып келе жатса да таралымы жалғыз «Менің атым Қожа» повесіне жетпеген. Неге? Өйткені бізде жас жазушыларға қолдау жоқ. Әйтпесе, балалар әдебиетіне үлес қосып, қалам тербеп жүрген жас жазушылар жетерлік. Мысалы, Серікбол Хасан, Мирас Асан, Олжас Қасым, Елдос Тоқтарбай, Еділбек Дүйсенов, Асхат Өмірбай тағы басқалары.

Күнтізбе бітіп, жаңа айды парақтар уақытта 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп атауды бір топ қоғам қайраткері ұсынды. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп балалар әдебиетін дамыту жайлы Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал да жолдады. «Бауыржан Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Гүлге су құймаса, солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы бөлінбесе, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек екен. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын?! Сондықтан, халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу қажет.

Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады» деді Нұртөре Жүсіп. Иә, балалар әдебиетіне қолдау керек. Ол үшін жас жазушыларға серпін беру қажет. Мүшәйра, байқаулар өтуде. Бірақ, үдеден шығар шығарма жоқ. Бар шығар, бірақ тасада қалады. Ол үшін Нұртөре Жүсіп айтқандай, балалар әдебиетінің үлес салмағына мән беру керек. Балалар психологиясын зерттейтін мамандар «балаға ата-анасы аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, ол қатарынан 6 айға озады. Ал, баласы 5 жасқа толғанша анасы кітап оқып бермесе, онда құрдастарынан 2 жыл артта қалып қояды» дейді. Қолына планшет ұстап ұйықтайтын қала баласымен, ата-әжесі айтқан ертегіге елітіп, кітапты құмартып оқып басын жастыққа қояр, интернеті жоқ ауыл баласының қайсысы озарын сіз де білесіз. Балалар әдебиетіне берері бар жас жазушының бірі Серікбол Хасан «Қазіргі қазақ әдебиеті де, жалпы баспа саласы советтік вакуумда қалып қойған. Вакуумнан шығу керек. Балалар әдебиеті деген өзіңнің балалық шағыңды жазып шығу емес. Қазіргі балаларға не керек екенін ескеру. Бүгінгі балалардың таным-түсінігі басқа. Қызығатын дүниелері мүлдем бөлек. Шығармаларда қазіргі дала, қазіргі қала болу қажет. Балалар шығармалардан дәл қазір қолданып жүрген заттарын, дос-құрбыларын, анығында өзін көргісі келеді. Байқасаңыз, бүгінгінің балалары Отанды құндылық деп есептемейді. Дүниенің қай бұрышы да ортақ мекен деп біледі. Себебі олар білім алып, өзін тұлға ретінде дамыту үшін шетел асудан қорықпайды. Сондықтан, отаншылдық бағыттағы, патриотизмге баулыйтын шығармаларды көбірек жазу керек. Сондай-ақ құрғақ моральды, уағызды қабылдамайды. Сол себепті, шығармалар өзегінде оларды селк еткізетін керемет идея болғаны жөн» дейді.

Рухани азық болар көркем шығармамен қатар, балалар зейінін арттыру үшін жабылып қалған «Жас техник», «Жас конструктор», «Зерде» сынды жасөспірімдерге арналған танымдық журналдарды шығаруды қайта қолға алу керек. Бұл, қазіргі пандемия жағдайында оқшауланып, үйде отырған балалар мен жасөспірімдердің телефонға тәуелділігі артқан кезеңде ғана емес, ертеңін ойлайтын қазақ еліне керек. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дейміз. Бірақ, соған аса мән бермейміз. Баланың материалдық жағдайын жасасақ та, рухани азығына көңіл аудармаймыз. Содан барып баламыздың киімі көк, көңілі тоқ болғанымен, ой-санасы жұтаң болады! Олай болса, ана тілімізге деген құрмет ретінде, әрі баламыздың санасы жат нәрсемен уланбасын десек, балаларымызды әдебиетпен сусындатайық.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button