Жаңалықтар

“Балабақша -бизнес емес”

Таяуда ғана өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыс­­тық кезеңінің жеңімпаздары атанған Хами­тов­тер отбасының ұстанымы осындай. Балабақшалар желісін іске қосқан кәсіпкерлер отбасы ортақ істерін бизнес деп емес, баланы дамытуға салынған инвес­тиция деп біледі. 

Жеті бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Қайрат пен Айнагүл Хамитовтердің отбасы шынымен де сүйсінерлік. Отағасы әу бастан жеке кәсіппен айналысады. Үлкен ұлдары Ерлан бес жыл Канадада білім алып келіп, елде кәсіп ашқан. Қыздары жоғары және орта оқу орындарында білім алуда. Кішкентай екеуі балабақшада. Немерелерінің қабағына кірбің түсірмейтін ата-әжесі бар. Ойлап қарасаң, бұдан артық не керек болуы мүмкін адамға? Бақыттың осы баяндылығы шығар. Дәл осы мақсат отбасының бірлескен еңбегінің өзегіне айналды.

Бүгінде олар өз балалары үшін ғана емес, өзгенің баласы үшін де еңбек етуде. Көпбалалы ананың айтуынша, балабақша ашу идеясы өз балаларын балабақшаға беру кезінде туындаған екен. 

– Кәсіпке балаларым үшін келдім деуге болады. Балабақшаға орналастыру қиынға соқты. Сосын отағасының айтуымен осы істі қолға алдық. Былайша айтсақ, іргетасын қалаған – сол кісі. Өз баламызға қандай жағдай жасағымыз келсе, өзгенің де баласына сол мүмкіндікті бергіміз келеді, – дейді ол.

Айналдырған үш жылдың ішінде «Дарынды бала» балабақшасы ата-аналардың ықыласына бөленіп үлгерді. Мұндағы ғылыми жұмыс, бала тәрбиесі, балалардың тамағы, тәрбиешілермен, ата-аналармен қарым-қатынас – Айнагүл Қайырбекқызының міндеті. Қалған жұмыстың бәрі Қайрат Амангелдіұлының жауапкершілігінде. 

– Қазір көбісі мені «бизнес-вумен» деп атап жүр ғой. Негізі олай емес. Барлық істің бастауында менің жарым тұр. Әр балабақшаның жобасын, оларға жұмсалатын қаражатты табушы сол. Әйел адамға ондай жұмыс қиын, – деп ағынан жарылды.

Кәсіпкерлер отбасы балабақшадан бөлек, былтыр өнер мектебі мен «Дарынды ана» коворкинг-орталығын ашып, балалар мен ата-аналарға қосымша мүмкіндіктер жасауда. Домбыра сабақтары, көш­басшылық жұмыстар, талант-менеджмент бағдарламалары, мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес өздері жасаған бейнесабақтар шынымен де баланың дарынын ашуға бағытталған. Ал, коворкингорталықта отбасы жарасымдылығы, оның құндылығын арттыру мен сақтау бағытындағы жұмыстар атқарылады. 

– Қазіргі уақыт басқа. Оның талаптары да бөлек. Балаларды басынан жан-жақтылыққа баулу керек. Мен өзім қарапайым отбасынан шықтым. Біздің тәрбиеміз басқаша еді. Бүгінгі қоғамда бәрі бар: жақсы да, жаман да көз алдыңда тұр. Соның ішінен өзіне керегін игеру керек. Қазір біз балаларымызға адал болуды, қоғамға пайдалы азамат болуды үйретеміз. Ерік-жігері мықты болып, көңілді арбайтын нәрселерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейміз, – дейді Айнагүл Хамитова. 

Баланың білім мен тәрбиесі бәрінен жоғары. Үлкендердің әрбір әрекеті – оларға үлгі. Сондықтан, әуелі өзімізді түзеп, жақсы өнеге көрсете білген жөн болар. 

Қазіргі қоғамда отбасының ойрандалуы әп-сәттік іс болып кетті. Оған ешім таң қалмайды да, басын қатырмайды да. Әркімнің өз өмірі, өз отбасы дейміз де қоямыз. Ал, сол отбасылардан қоғам құрылатынын ескере бермейміз. Статистикадағы қосылған әр үшінші шаңырақтың шайқалуы ойлантып қана қоймай, уақыт ұттырмай шара қолдануға мәжбүрлеуі тиіс. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да осындай ниеттен туған дүние. Биыл алтыншы жыл қатарынан өткен байқау елімізде берекесі мен мерейі тасыған, өмірлік жолы өнеге боларлық отбасылардың көп екендігін де көрсетті. Оның ішінде Хамитовтердей жас отбасылардың да барлығы үміт отын маздатады. 

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button