Жаңалықтар

Бала – үміт, бала – бақ

   1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай республиканың әрбір облыс орталығында бір мезгілде музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі ұйымдастырылды. Қарағандыда өткен шеруге 40 оркестр мен ансамбль құрамында 2200 жасөспірім қатысты.

Жалпы, Балаларды қорғау күні әлемде 1950 жылдан бері тойланатынын ескерсек, бұл күнде еліміздің түпкір-түпкірінде балалар үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, театрландырылған қойылымдар өтеді. Ал, Қарағандыда өткен шеру – «Тәуелсіздік» монументінен орталық саябаққа дейін жалғасты. Балалардан құралған бірнеше барабаншылар отряды, үрмелі оркестрлер мен ансамбльдер, би ұжымдары салтанатты шарада жүріп өтті.

Жалпы, салтанатты шеру – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыра отырып, өскелең ұрпаққа салтанатты және көше-фестивальды шеруі арқылы эстетикалық және патриоттық тәрбие беруді көздеді. Сондай-ақ, жалпыұлттық идеяны дамыту және қолдау болып табылды. Оған қоса, кең көлемде өткен республикалық акция – барлық білім беру ұйымдарын біріктіріп, өзара ынтымақтастық орнатты.

Мереке барысында өткен музыкалық-теа­трландырылған қойылымдар бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Балалар мен педагогтардың шығармашылық мүмкіндігін арттыруға ықпал етті. Жасөспірімдердің орындаушылық шығармашылығын қолдау мақсатында өткен шарада Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Ахметкәрімова қатысушыларды мерейлі мерекемен құттықтап, «Алғаш елімізде өткізіліп отырған бұл шара жасөсіпірмдердің өнерге құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Мереке сіздерге көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас естелік сыйлайды деген ойдамыз», – деді.

Алғаш рет ұйымдастырылған музыкалық ансамбльдердің шеруі аясында «Сарыарқа дарыны» аймақтық-ғылыми практикалық орталығы облыстық II «Сарыарқа дарыны» фестивалін өткізді. Шара аясында ұлттық ойындардан спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жыл бойы үздік өнер көрсеткен оқушылар ІІ облыстық «Сарыарқа дарыны» фестиваліне қатысып, орталық саябақ сахнасында өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Фестиваль барысында мың бұралған биі және әсем әнімен үздік өнер көрсеткендер болды. Әсіресе, облыстық музыка мектебінің домбырашылар ансамблі және «Шолпан» би ұжымының өнері, сондай-ақ, Шахтинск қаласының балалар және жастар ансамблі, Абай, Теміртау қалаларынан келген өнерпаз оқушылар көптің көңілінен шықты.

Бұл күні ешбір бала сыйлықсыз қалған жоқ. Ән мен күйден, биден шашу шашқан фестивальдің қатысушыларына мадақтама, бағалы сыйлықтар берілді. Фестиваль мүсіншелері табысталды. Мерекеге келген көрермен балалар ұлттық спорт ойындарына қатысып, естелік сыйлықтарға ие болды. Қаламыздың кішкентай тұрғындарына, сондай-ақ, шеруге қатысушыларға тегін балмұздақтар таратылды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button