Бас тақырып

Бала күзеті дала күзеті емес

Бала – тек бір адамның ғана бауыр еті емес. Ол – тұтас ұлттың жүйке-жұлыны. Бала дегенде, көз алдымызға болашақ елестейтіні содан. Жұлынымыз үзілсе, жұрт болып, бой тіктей алмайтынымыз ақиқат. Ал, сол келешегімізге кейінгі уақытта қатер жиі төніп қояды. Демек, елдің ертеңіне тосыннан тиер қауіп бар. Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желіде «Қарағанды мектептеріндегі оқушыларды оққа байлаймын» деген суыт мәлімдеме қамсыз халықтың тағы бір тастүйіндігін талап етті. Бұл арада қоқан-лоқы жазған 13 жастағы бала да ұсталды дереу. Абырой болғанда, ол «тентектің» жазуы тек сөз күйінде қалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Мектеп пен балабақшада осындай оқыс оқиға шындаса, қайтпек? «Ауруын жасырған өледі». Сол себепті бүгін ондағы кем-кетікті тағы бір тұмсығынан тізуге тура келеді. Шындықтың жүзіне тіке қарайық…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Мәселенің мәнісі

13 ақпан күні әлеуметтік желіде экстремистік сипаттағы «Телеграм» арнадағы ақпарат жұртты шошытып-ақ тастаған. Онда қару-жарақтың суретімен «Қарағандының есінде қалады. Бұл суреттерді мен таңертең түсірдім. Аздан соң мен балаларды өлтіруге барамын, бұл күн Қарағанды үшін «сұмдық» күн болады…» деген (аударма-автордікі) мәтіндегі хабарлама жарияланды. Жазба адамның төбе шашын тік тұрғызады. Шынымен, сұсты. Ойын деуге де, оған балап, ойланбасқа да келмейді. Полиция департаменті жедел әрекет еткенін атаған жөн. Жоғарыда айтқанымыздай, Қарағанды облысының полиция қызметкерлері терроризм туралы хабарлама таратқан адамды сол күні ұстады.

«Қарағанды облысының полицейлері терроризм туралы хабарлама таратқан адамды ұстады. Қарағанды облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен атқарылған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде облыс мектептерінде оқушыларды атамын деп хабарлама таратқан «Телеграмм» арнасының әкімшісі әрі авторын ұстады.

13 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны әлеуметтік желіден терроризм тақырыбындағы ақпаратты көріп, «Очищение Караганды» деген атаумен өзінің телеграмм-арнасын құрған. Осыдан соң ұсталған азамат облыс төңірегіндегі мектептерде терроризм актісінің дайындалуы туралы ақпарат таратқан.

Қазіргі уақытта телеграмм-арнасы өшірілді. Полиция қызметкерлерімен бұл қылмысқа шетелде жүрген адамдардың қатыстылығы тексерілуде.

Полиция органдары шұғыл қызметтердің шығыны үшін залалды өтеу бойынша сотқа талап-арыз беріледі. Баланың ата-анасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Тергеу әрекеттері жүргізілуде» – деп мәлімдеген-ді Қарағанды облысы полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Сырбаз Батыров. Баланың мұнысы ойландырады…

Көз алдау ма, өзімізді алдау ма?

Жыл өткен сайын балабақша мен мектептегі қауіпсіздікке алаң азайған орнына асқынып барады. Кейінгі кезде осы мәселе биік мінберлерден жиі көтерілді. БАҚ-та айтудан, жазудан дамыл таппады. Әлбетте, билік әрекетсіз емес. Мектеп, балабақшаларға бейнекамералар орнатылды. Турникеттер қойылды. Күзет күшейтілді. Десек те, мына бір мәлімдеме қарекетті қажет етеді. Қоқан-лоқы әлеуметтік желіге шыққанда, жұрттың көз алдына мектептің кіреберісінде өз бетінше отыратын қауқарсыз күзет елестегені анық. Сол күні баласын мектепке жіберіп тұрып, жанын жегідей жеген алаңын баса алмаған ата-ана қаншама. Өйткені, мектептегі күзеттің «сиқы» баршамызға мәлім. Онда мамандандырылған бес қаруы сай күзет әлі бұйырмады.

«Облыстың білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілері мен білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.

Облыста 412 мемлекеттік мектеп (390 жалпы білім беретін мектеп, 11 мамандандырылған мектеп-интернат, 1 кешкі мектеп, 10 арнайы мектеп-интернат) жұмыс істейді, олар 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.

Барлық мектептерде 11 584 бірлік бейнебақылау камерасы орнатылған, оның ішінде ішкі камералар – 7 205 бірлік, сыртқы камералар – 4 379 бірлік.

Қазіргі таңда жедел басқару орталығына және полиция органдарының кезекші бөлімдеріне бейнебақылау жүйесін қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

202 мектеп немесе 100% (нұсқаулыққа сәйкес 3 топқа жататын, сондай-ақ, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан (толымдылығына қарамастан) лицензияланған күзетпен шарт жасасты. Турникеттер 202 (100%) мектепте орнатылған» дейді білім басқармасының баспасөз қызметі.

Ол кей күзеттің жағдайы мектепке жиі баратын ата-аналарға белгілі. Әлі күнге зейнеттегі қартаң адамдар, я болмаса, қосалқы жұмыс қылған әйелдер қауымы – күзетшілер. Олар қаруды қалай қолдану тұрмақ, ғұмырында қолына қару ұстап көрмегені анық. Ендеше күзетте не ақысы бар? Бұл арада жауап беру үшін асқан даналықтың қажеті жоқ. Өйткені жеке меншік күзет компаниялары аз ақша төлеуді көздейді. Яғни, компанияда басты мақсат – табыс. Қолы бос зейнеткерге, әйел адамдарға бұл күзет жұмыс емес, ермек. Қосалқы тиын-тебен. Осыдан соң мектептің күзетіне қалайша күмәнданбайсыз?

Жеке меншік күзет фирмасында жұмыс істеген Арман (есімі өзгертілді) айтады:

«Өзім негізі өрт сөндіруші болғанмын. Ерте зейнетке шыққан соң таныс-тамырлар күзетке шақырды. Айлығы көп емес. Бір күн істеп, екі немесе үш күн демаласың. «Күзет» деген жазуы бар киім береді. Бірақ, қаруы жоқ. Қосымша табыс үшін қолайлы» деп.

Күзетке қалай күмәнданбайсыз?

Күзет кәсіпорындары реестрінің 10 қаңтардағы дерегінше, Қарағанды облысында 220 күзет компаниясы тіркелген. Мұның қаншасы қаруланған, қаншасы жеке күзет екені туралы нақты мәлімет табылмады. Алайда, былтыр Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы негізінде Қарағанды облысының полиция департаменті жекеменшік күзет кәсіпорындарымен кездескен еді. Сол уақытта аймақта 255 күзет фирмасы бары айтылған.

Сол кездесуде күзет ұйымдарына қару беру, сақтауда, кадрларды таңдауда полициямен бірлескен алгоритм дайындалуы қажеттігі де көтерілген еді (!). Күзетшілерді де полиция қызметкерлері секілді бейнежетонмен жабдықтау да күн тәртібіне шыққан (!).

Жалғыз мектеп емес. Негізі, қазір күзетсіз бірде-бір ұйым, мекеме жоқ. Соның бәрінде бірдей сайдың тасындай іріктелген, еңгезердей күзетші жігіттер жүрген жоқ. Жұдырықтай ғана, қалт-құлт еткен кемпір-шал. Қала берді, қыз-келіншек. Ойланта ма? Ойлантады.

Демек, ішкі істер департаментінің күзет компанияларына кадр таңдауда полиция қызметімен бірлескен алгоритмі қажет деуінің мәні де осында. Кеш қалмас үшін қазірден қамдану керектігін қоғамдағы кейінгі оқиғалар тағы ескертіп, еске салса керек.

Түйін

Бұл тақырыпты таусыла жазғалы бірер жыл. Сең қозғалғаны рас. Бірақ, ол сенімге серік бола алмай келеді. Ол үшін міндетті түрде бір мектеп, я балабақша жарылуы, я балалар қынадай қырылуы тиіс пе?! Бала күзеті дала күзеті емес қой. Ол – болашақ. Болашаққа бейқамдық жүрмейді.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button