Акция

Бала еңбегі қаналмасын

Жақында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны аяқталды. Акцияда мемлекеттік органдар өкілдері балалар еңбегін пайдалану мәселелеріне көңіл бөліп, фактілерге жүгінді.

Науқанға жоспарланған шаралар «Балаларды қорғау» күніне арналған мерекелік іс-шаралар кезінде ұйымдастырылды.

80 мыңнан астам бала қамтылды

Науқан аясында қашықтан сурет байқауы, «Менің бақытты балалық шағым», «Зорлық-зомбылықсыз әлем» мейірімділік марафоны өтті. Көпбалалы және азқамтылған отбасылардың балаларына тәттілер үлестірілді.

Облыстың білім басқармасы мамандарының айтуынша, 1-12 маусым аралығында мектеп кітапханаларында балалардың құқықтары мен мүдделерін реттейтін «Балаларға күлкі сыйла» онлайн көрмесі, сондай-ақ, балалар еңбегін қорғау мәселелері бойынша әдістемелік, нормативтікқұқықтық әдебиеттер көрмесі өткізіліп, 80 мыңнан астам бала қамтылды.

Педагогтер мен ата-аналар үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеу ерекшеліктері жөнінде полиция инспекторларының қатысуымен онлайн кездесулер және құқықтық түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Балалардың жазғы демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді. Барлығы 50-ге жуық кездесу өткізіліп, 1 642 отбасы қамтылды.

9-11 сынып оқушылары арасында адам саудасының алдын алу және балаларды еңбекке тарту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Адам саудасы және еңбек тәрбиесі дегеніміз не?» тақырыптарында және 5-8 сынып оқушылары арасында қашықтан «Менің бақытты балалық шағым», «Балалар не туралы армандайды?» суреттер байқауы өткізілді. Жазғы мектептегі бастауыш сыныптар оқушыларымен таза ауада барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, «Бақытты балалық шақ» флешмобы өтті. Сонымен қатар, жазғы мектептерде және өңірлерде «Балалар еңбегін пайдалануға жол берілмейді!» тақырыптарында шаралар ұйымдастырылды, – деді облыстың білім басқармасының маманы Гүлдана Ерболат.

1 017 рейдтік шара өтті

Ұлттық ақпараттық науқанында сондай-ақ, «Түнгі қаладағы балалар» кең ауқымды акциясы шеңберінде «Жасөспірім және еңбек» профилактикалық шарасы өткізілді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатарынан топтар құрылып, жасөспірімдердің шоғырлану орындарын, тұрмысы нашар отбасылардың, оқушылар білім алудан жалтаратын отбасылардың мекен-жайларын ескере отырып бағыттар бекітілді. Аталған шараға қалалық және аудандық әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар, ішкі істер департаментінің, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, еңбек инспекциясы жөніндегі, ҮЕҰ өкілдері, Балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдар, ата-аналар қоғамдастығы қатысты.

Жүзеге асырылған 1 017 рейдтік іс-шаралар барысында Жезқазған қаласының «Голден Фэмили» кафесінде балалар еңбегінің 1 фактісі анықталды. Кәмелетке толмаған, 2005 жылы туған, мектептің 9-сынып оқушысы, аталған кафеде еңбек шартынсыз даяшы болып жұмыс істеген. Осы орайда, жасөспірімнің ата-анасымен әңгіме жүргізіліп, кәмелетке толмағандарға қатысты ҚР ӘҚБтКнің 442-бабының 1-бөлігі (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойынсауық мекемелерінде болуы) бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, кафе әкімшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойынсауық мекемелерінде болуына жол беру) толтырылған.

Мүдделі ведомстволардың өкілдерімен бірлесіп, облыстың МЮП есебінде тұрған адамдардың тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүзеге асырылды. Алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында 81 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

2004 жылы туған кәмелетке толмаған К. ұсталды. Ол заңды өкілдерсіз түнгі уақытта көшеде жүрген. 1980 жылы туған анасына қатысты ҚР ӘҚБК-нің 442-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Алдын алу іс-шарасын жүргізу нәтижесінде балалар еңбегіне қатысты құқықбұзушылықтардың күрделі түрлері анықталмаған.

«Балаларға күлкі сыйла»

Мамандардың айтуынша, науқан аясында кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен, сондай-ақ, кафе, бар компьютерлік салондар әкімшілігімен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Сонымен қатар, рейдтік іс-шара аясында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларымен және колледж студенттерімен жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты Еңбек кодексін сақтау бойынша дәрістер өткізді. Жалпы науқан аясында 112 016 балалар қамтылып, 20 000 отбасына түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Акция нәтижесінде шешім қабылдау жұмыстары әкімдіктер жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялардың отырысында қаралмақ.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button