Жаңалықтар

Бала қауіпсіздігі салғырттықты көтермейді

Биыл бала қауіпсіздігі үшін оқу жылының өзгеріске ұшырағаны баршаға мәлім. Алғашында 1-сыныптар үшін кезекші топтар ашылды. Ахуал сәл жақсарғанда бастауыш, одан үшінші тоқсанда 9-11 сынып мектепке оралды. Бас дәрігердің нұсқауымен ол мектептердің баршасында санитарлық талап – қатаң. Онда әр оқушы залалсыздандыру сүзгісінен өтуі тиіс. Дене қызуы өлешенеді. Бетпердемен жүреді. Залалсыздандыру құралдарын қолдану қажет. Теміртау қаласында, жалпы 29 мемлекеттік, 1 жекеменшік мектеп бар. Қалада аралас форматта 1-5 және 9-11 сыныптағы 15 593 оқушы білім алуда. Штаттық режимде, яғни, дәстүрлі түрде 2 мектеп ашық. №4 қазақ мектебінің директоры Шолпан ФАТКУЛИНА өзі басшылық ететін білім орнында қорғаныш шараларының жүйелі, залалсыздандыру құралдарының жеткілікті екенін айтады. Өйткені, бала қауіпсіздігі салғырттықты көтермейді…

Шолпан Мұратқызы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, ең алдымен, балалар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты назарда екенін жеткізді. Осыған байланысты түгел сынып бөлмесінде ақпараттық бұрыш жабдықталған. Онда балаларға індеттің алдын алу, одан сақтану жолдары егжей-тегжейлі баяндалған.

– Сынып сағаттарында, өзге де шараларда коронавирус індеті туралы, одан сақтану жолдары ұдайы айтылады. Бұл Instagram парақшамызда да жарияланады. Мұндай ақпараттық жұмыстармен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрал-жабдықтар қолданылады. Баланы мектепке қабылдағанда бала өтетін залалсыздандыру сүзгісі кіреберіске қойылды. Медбике балалардың қызуын өлшеп, арнайы журналға тіркейді. Балалар бетпердемен келеді. Бетпердесі болмаса, тегін беріледі, – дейді Шолпан Мұратқызы.

Қоңыраулар түрлі уақытта соғылады. Бір мезгілде емес. Әр сыныптың қоңырауы әр кезде. Бұл балалардың жиналып, топтаспауы үшін керек. Осы мектептегі оқушылар екі түрлі форматта оқиды. 9-11 сыныптар үшінші тоқсаннан бастап келген. Топ-топқа 15 баладан бөлінген. Бастауыш сыныптар үшін де қоңырау кестесі бөлек.

– Қазіргі таңда негізгі пәндер, яғни, білім берудің 70 пайызы офлайн өтеді. Қалған жеңілдетілген пәндер қашықтан оқытылады. Ал, 6,7,8,10 сыныптар онлайнда. Мектептің барлық қабатына санитайзерлер қойылған. Кезекші бекет бар. Оқу, тазалық бөлмесінде қажетті құралдар бар. Балалар бұл туралы жақсы біледі. Өздері залалсыздандыру құралдарын үнемі пайдаланады, – дейді мектеп директоры.

Сабақ арасында бөлмелер кварцталады, желдетіледі. Ол үшін де кесте жасалған. Мектепте екі медбике бар. Бала науқастанған жағдайда оқшаулайтын бөлме жабдықталған.

1 ақпаннан бастап асханасы іске қосылды. Асханада қашықтық сақтау негізге алынған. Қашықтықты сақтаудың арнайы белгілері қойылыпты.

№4 мектепте 1 286 оқушы болса, оның қазіргі таңда 867-сі аралас форматта оқып жүр. 419 оқушы – қашықта.

Жалпы, қалалық білім бөлімінің бас маманы Нәзира Ильясованың айтуынша, Теміртауда 23 957 оқушының 11 917-сі қашықта. Ал, 28 балабақшада – 192 кезекші топ ашылған. Ондағы бала саны – 2 374. Сонымен қатар, 7 жеке меншік балабақшадағы 28 кезекші топ балаларды қабылдауда. Онда – 411 балдырған. Мектепалды дайындық сыныбы бар 18 мектептің 25 сыныбында 426 бала білім алып келеді.

– Барша білім ұйымдарында залалсыздандыру құралдары жеткілікті. Алдын ала қамтылған. Бетперде үш сағат сайын ауыстырылады. Сыныптарға белгіленген уақытта залалсыздандыру жұмыстары жүгізіледі, – дейді Нәзира Ильясова.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Теміртауда 6 наурыздан бері күніне 40-65 мұғалім ерікті түрде індетке қарсы вакцина алуда. Нәзира Асқапқызының мәлімдеуінше, бүгінде 370 мұғалім екпе жасатқан.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ТЕМІРТАУ қаласы

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button