Ресми

Балаға керегі махаббат қана

Ықылым заманнан қазақ баласын төбесіне көтеріп, ұлттың болашағы, тағдыры деп қарады. «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» (А.Байтұрсынов) деп, бала тәрбиесіне ерекше қарағаны өз алдына, қауіпсіздігіне де жете мән берді. Қазір заман да, заң да басқа. Бәріне топырақ шашқан емес, дегенмен, обалы нешік, енді ғана көктеген көкөрімдердің жауы алыстан емес, жақыннан келгенін көзіміз көріп, жағамызды ұстап та жүрміз. Осы орайда «қазақстандық балалардың, оның ішінде қарағандылық балалардың қандай құқықтары бар? Болған күнде қалай қорғалады? Өзегінен шыққан сәбиін қорғауға келгенде ата-ана әрекеті қандай болмақ?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік… Себебі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек. Біз әр баланың үніне құлақ асуымыз қажет» деп, қадап айтқаны бар.

Жалпы, көпшілігіміздің санамызда «Балаларды қорғау күні» оларға бәрін рұқсат етуге болады деген пікір қалыптасқан. Бір қарағанда ата-ана ретінде күнделікті атқарылуы тиіс міндеттеріміздің орнын 1 маусымда толтырып, олқы кеткен тұсымыздың жыртығын жамауға тырысатынымыз рас. Махаббат та, көңіл де, сыйлық та осы күні… Бірақ, өзімізді қанша алдасақ та, бір күнмен баланың көңіліндегі, өміріндегі бос қалған орынды толтыру мүмкін емес екені айдан анық. Міндетіне баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кіретін облыстағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева да дәл осылай дейді.

– Баланы қорғаудағы басты мәселе – оларға деген сүйіспеншілік. Сәбиге деген ерекше мейірім ешқашан кері әсер еткен емес. Ал, оларға бөлетін уақыт орнын түрлі сыйлықпен сатып алу баланың психикасын бұзады. Жақсы тәрбие уақытты қажет етеді. Шамадан тыс белсенді қоғам оған мойын бұрғызбайды. Өмірімізде не маңызды? Құндылықтарыңыз қандай? Осы құндылықтар бағамында балаңыз нешінші орында? Осы жайлы ойланып көрдіңіз бе? Ата-ана немқұрайдылығынан бала зардап шегіп жүрген жоқ па деп, бір мезет ойланған да жөн, – дейді Ирина Болеславовна.

Ирина Киселева сондай-ақ, ересектер алдымен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін де айтады. Ол үшін зорлық-зомбылықсыз және балалар үшін қауіпсіз орта құру. Бұл, алдымен физикалық, эмоционалдық және жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғауды және цифрлық кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтиды. Ал, бала құқығы бұзылған жағдайда кез келген ата-ана уәкілетті органға, яғни бала құқығы жөніндегі уәкілге жүгіне алады.

Мәселен, дәл осы органның араласуымен балаға қатысты жасалған қатыгездік фактілері расталып, қылмыстық іс қозғалған. Ирина Болеславовна балабақшадағы қатігездікке байланысты 10 өтінішті қарағанын айтады. Нәтижесінде, кінәлілер жұмыстан шығарылған. Уәкіл бүгінде зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру бойынша жұмыс жүріп жатқанын да жеткізді.

Одан бөлек, мектепте буллинг орын алған жағдайда да аталған органға жүгінуге болады. Жалпы, ресми мәліметтер облыс мектептерінде буллингке қатысты оқиғалар тіркелмегенін көрсетеді. Бұл аталған мәселеге бей-жай қарау керек деген емес. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар кеңесі өткізген «Буллинг менің мектебімде жоқ» атты вебинардан кейін балалардан бірнеше қоңырау түскен.

– Жағдай ауызша қорқытудан басталған. Бірақ, тез арада жауап қатып, буллинг жасаған балалармен сөйлескеннен кейін мәселені тез арада шешуге мүмкіндік туды. Ал, балалар болса, өзара сөйлесіп, жанжалды шешті, – дейді Ирина Киселева.

Бұлар – балабақшадағы және мектептегі жағдайлар. Өкінішке қарай, бала құқықтары қоғамның маңызды аспектісі және оны қорғау жалпымемлекеттік міндет болғанымен, отбасында бала құқығына нұқсан келтіру жағдайлары бар екенін айтады уәкіл.

– Ата-аналардың өздері немесе қамқоршылар баланың құқығын шектейді. Оған өз пікірін білдіруге мүмкіндік бермегені өз алдына, ойыннан және бос уақытынан айырып, физикалық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылыққа ұшыратады, – дейді Ирина Болеславовна.

Бұл жағдайда көмекке Ювеналды сот келеді. Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Динара Мутубаева өздерінің қызметі кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғанын айтады.

– Ювеналды сот балаларға қатысты жасалған қылмыстық істерді қарайды. Сондай-ақ, балалардың мүддесін қорғайтын азаматтық және әкімшілік істер де бар. Бұл бағыттағы жұмыстар мүдделі адамдармен, атап айтқанда білім бөлімімен, қамқоршы және қорғаншы бөлімінің қызметкерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Тіпті, баланың ата- анасымен және психологтың қатысуымен міндетті түрде психологиялық зерттеу жүргізіледі, – дейді Динара Маратқызы.

Статистикалық деректер 2022 жылы сотқа Қылмыстық кодекстің 139 бабы, яғни алимент төлемеу бойынша 21 іс келіп түскенін көрсетеді. Одан бөлек, аталған сот балаға дене жарақатын салу туралы істерді қарайды. Мәселен, 2019 жылы қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша 2 іс, 2018 жылы 1 іс қаралған.

Динара Мутубаева Ювеналды сот тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша істерді қарамайтынын айтады. Атап айтқанда, бала құқығына қатысты, яғни, баланы тәрбиелеу мен күтуден жалтарған ата-ананы жауапқа тарту бойынша істер қарастырылады. Және бала құқығының бұзылғанын көрген кез келген адам аталған органға жүгіне алатынын айтқан жөн. Бұл – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Ал, балаға қатысты қылмыс орын алса, бей-жай қарамай, полиция органдарына барып, арыз жазған жөн.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button