Президент тапсырмасын орындай отырып...

Балаға қамқорлықпен қарайық

Бала тәрбиесі – шетін дүние. Білместікпен мүлт кетсеңіз, өмір бойы бармағыңызды тістейсіз. Бірақ, тәрбиенің жөні сол екен деп, шиеттей бала-шағаға қол жұмсап, қол жұмсамағанның өзінде психологиялық қысым көрсету арқылы бала жанына қаяу түсіріп, артынан «неге бұлай болды?» деп, түсіне алмай дал боламыз. Айналып келгенде, кінәліні басқадан іздейміз. Бірақ, кінәлі бала да емес, басқа да емес, ата-ананың нақ өзі.

Шынында, қоғамда ата-ана тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған бала жайлы деректер өте көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет деп бастама көтерді. Өткен жылдың қыркүйегінде Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған заң жобасы қоғам арасында кереғар пікірлер тудырды.

Кез келген дүниенің қажеттіліктен туатыны бар. Заң қабылдау қажет делінгенде, Президент соны назарға алғаны анық. Ал, баланы ата-анасынан, жақындарынан қорғау қажеттілігі туған соң, бұл жерде басқаның бәрін ысырып қойып, баланың мүддесін бірінші орынға қойсақ, қане?!

Шыны керек, қоғамда баланы қорқытып, тіпті, айғайлап, қала берді ұрып-соғып тәрбиелеу қалыпты жағдайға айналды. Тыңдамайтын бала, бұзақы бала қайдан пайда болады дейміз ғой сосын.

Ал, індет жағдайында карантин деп үйде отыру, тіпті, отбасында балаға жасалатын зорлық-зомбылықтың өршуіне әкелді.

– Эпидемиологиялық жағдай салдарынан адамдар уақытының басым бөлігін үйде, отбасымен бірге өткізді. Салдарынан көптеген елдерде, оның ішінде елімізде де отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің саны артты. Жалпы, зорлық-зомбылық дегенде ойымызға сексуалдық сипаттағы зорлықзомбылық келгенімен, балаға физикалық және психикалық денсаулығына зиян келтіру де осы санатқа жатады, – дейді мамандар.

Ата-анасы балаға бір рет қол көтергеннен кейін уақыт өте келе ол қайталана береді, тіпті, қатыгездік деңгейі де арта түседі. Ұрыпсоғып, артынан өзін кінәлі сезініп, кешірім сұрап, жақсы жаққа қарай өзгертемін деп тырысу да бос әуре.

– Отбасындағы зорлық-зомбылық халықтың кез келген топтары мен санаттарында, таптық, нәсілдік, мәдени, діни, әлеуметтікэкономикалық аспектілеріне қарамастан орын алуы мүмкін. Сондықтан, толық немесе толық емес отбасы, әлеуметтік жағдайы жоғары немесе төмен болуына қарамастан кез келген отбасында осындай жағдай орын алуы мүмкін, – дейді №57 мектеп-лицейінің психологы Сымбат Берікқызы.

Маманның айтуынша, ата-ана арасындағы қарым-қатынастағы зорлық-зомбылықтың куәсі болған немесе өзі соның құрбаны болған бала мазасыз, сабақ үлгерімі нашар, өзіне сенімсіз болып өседі. Тіпті, түнгі қорқыныштар, тамақтану әдетінің бұзылуы сияқты эмоционалдық, достарының болмауы да бала тәрбиесінде кеткен олқылықтардан. Мұндай бала болашақта отбасын құруда да қиындыққа ұшырайды.

Антон Макаренконың «Ұстаздық дастан» кітабын оқыған боларсыз? Азамат соғысынан кейінгі тұрақсыздық, әлеуметтікэкономикалық дағдарыстың өршіп тұрған шағында ана-анасынан айырылып, ұрлық жасаған панасыз сотқарларды, адам өлтіру түкке тұрмайтын қылмыскерлерді тезге салатын колония ашып, гуманизмге құрылған тәрбие арқылы ұрмай-соқпай, қорқытпай-ақ «нағыз адам» тәрбиелеп шықты. Әр баланы жалғызындай жақсы көріп, қамқор ниет танытқан ұстаздың еңбегі еш кеткен жоқ. Кейін, А.Макаренконың тәрбиесін көргендердің ешқайсы жерде қалмады.

Ал, ел аман, жұрт тынышта өз баламызды өзімізді өзімізге жау ету, әлсіздіктен, жігерсіздіктен өзгелерді мойындата алмай, күшін үйдегі әлсіз баладан алу адам атанып жүргендер үшін ұят қылық. Осындайда заң шынымен керек-ау дейсің. Бұл жерде ұлтқа да, нәсілге де бөліну қажет емес. Кімнің баласы болса да, отбасында зорлық-зомбылықты көрмей өссе, сол дұрыс.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button