Балқашта құрылыс бәсеңдемейді
Халқымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздікке қолымыз жеткеніне – 30 жыл. Осы уақыт ішінде еліміз тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Алғаш Тәуелсіздігімізді алып, қаз-қаз басқанымыздағы дағдарыстан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы кері кетті. Жаңадан ғимарат салмақ тұрмақ, барымыздан айырылып қалдық сол жылдары. Десе де, уақыт өте келе құрылыстың тамырына қайта қан жүгіріп, қанат жая бастады. Қазір елдің қай түпкіріне барсаңыз да алыстан менмұндалайтын биік нысандардың қарасы жыл озған сайын көбейіп келеді.
Осынау Тәуелсіздіктің отыз жылдығының мерейлі мерекесіне өзіміз өмір сүріп жатқан Балқаш қаласы да толайым жетістіктермен жетіп отырғаны анық. Мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырудың арқасында елде экономика нығайып, инфрақұрылым жақсарды. Шаһардың келбетін жақсартатын жаңа әлеуметтік нысандар мен мәдени-спорттық кешендер пайда болды.
Бүгінде Балқаш қаласында тұрғын үй құрылысы екпінмен жүріп жатыр. Олардың басым бөлігі – көпқабатты үйлер. Сондай-ақ, өңірімізде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған мектеп оқушыларға есігін айқара ашып, көпшілікті қуантты. Қазіргі Әлихан Бөкейханов атындағы мектеп-лицейдің тұсауы 2008 жылдың 12 желтоқсанында кесілді. Былтыр Тәуелсіздік күніне орай, мектеп ауласына Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның бюсті қойылды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін ұтымды пайдаланудың нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылды. «Балақай», «Ертөстік» балабақшалары салынып, орын тапшылығы жойылды. 320 балаға шақтап салынған «Балақай» бөбекжай-бақшасы мемлекет қаражатына тұрғызылды. Нысанның құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Содан араға екі жыл салып қолданысқа берілді. Бүгінде «Балақайдың» 3 қабатты ғимаратында 16 топ тәрбиеленеді. Заманауи ғимаратта бейнелеу өнері, ән-саз, би үйірмелерінен бөлек, балдырғандардың ақыл-ойын дамытатын, патриоттық рухта тәрбиелейтін сабақтар жүргізіледі. Оған қоса, балалар компьютердің тілін меңгеріп, күн сайын спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Балаларға қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқытылады.
Айта кетейік, бүгінде Балқаш қаласы бойынша 15 балабақша бар. Бұлардың көбісі Тәуелсіздік жылдарында қазақыланып, атаулары өзгерді.
Егемендіктің арқасында қазақ халқының ұлттық спорт түрлері қайта жанданды. Жастардың бұқаралық спортпен айналысуына жан-жақты жағдай жасалды. Ашық аспан астындағы спорттық нысандардан бөлек, дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Ақтеңіз» спорт кешені, ашық аспан астындағы спорт алаңдары мақтануға тұралық орынға айналуда. Мәселен, көп жылдар құрылысы тұралап қалған «Ақтеңіз» спорт кешеніне 166 млн. теңге жұмсалды. Спорт нысаны іске қосылған соң 25 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішіндегі бассейн 2010 жылы апатты деп танылып, жұмысын тоқтатқан болатын. Араға он жыл уақыт салып, қайта ел игілігіне берілген бассейннің ұзындығы – 25 метр. Мұнда балалар жүзуді үйренеді.
2025 жылға дейін Балқаш қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынбақшы.
Бүгінгі таңда ұлан-ғайыр жобалармен кемел келешекке, өркендеуге бет бұрған Балқаш қаласының әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі, соның ішінде, құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Тәуелсіздік жылдарында жұрттың қажетін ашқан ондаған тұрғын үй, әлеуметтік нысан бой көтерді. Бұл, әрине, ел жанашырлары мен еңбеккерлердің маңдай терінің, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Алдағы уақытта да бұл жұмыс қарқынмен жалғаса түсетіні сөзсіз.
Нұрдос КӘРІМ.