Жаңалықтар

Балқантау (эссе)

…Мен бұл Балқантауға қыстың соңы, көктемнің басында келдім. Егіндібұлақ жұрты бұл тауды «Балқан», «Қу» деп атайды екен. Ал, мен бұл тауды алғаш рет көргенде неге екені белгісіз бірден «Балқантау» деп айтып қалдым. Ақын Кәрім Сауғабаевпен кездесіп тұрып «Балқантау дегеніңіз осы де» деп өзімді-өзім мақұлдағандай боп, қызыға таңырқап едім.

Кәрім ілкімді ақын екен:

– Балқантау дедіңіз, Ілаға, тебірентер Сізді, бұл көркем тау, – деді мені құшақтай алып. Қарағай, шыршасы боз мұнарға бөгіп, қиял қозғайтын сол Балқантау, міне, енді менің әніме арқау болды, Шәймерген, – деп оның көңілін өсіре сөйледім. Мен сол сапар Балқантаудан қайтқанда көктем лебі біліне бастап еді.

– Солай ма, аға?

– Иә. Жадыраған күнмен біз де жадырап, Балқантаудың етегін әнге бөлеп, сейіл құрып ек, шіркін, сол бір сәттер… сурет, ол… сурет… мына әннің екінші шумағы осыны суреттеуі тиіс, Шәймерген. Ән жүйесі осылай түзіледі. Қані, елестет, ойлан. Шәймерген тағы да іркілді. Қолы жүретін емес. Сезіп отырмын, мен көрген көріністі көре алмай, қиналады. Түрткі керек тағы да. Талай ақынды түртпектеп, аузына сөз салған сәтім амал жоқ, тағы да өзімді әрекетке қосты. Сөйтіп тұрып: «Мен кеткенде Балқанда көктем еді» деп жай ғана күңк еткендей болдым. Шәймерген басын изей қалып, бұл сөзді тез-тез сүйкете жазды да сәл бөгеліп, беті-көзін уқалап, ұйқыдан оянған жанша дел-сал күйде аңырып: сол сәтте құбыла қалып, сәл жымиды да:

– Бел-белестер құлпырып, көктеп еді, – деген жолды қағазға түсірді.

– Дұрыс, – дедім. Енді үшінші жол… Ол тағы тығырыққа тірелді. Жаңа ғана жымың еткені жым-жылас. Реңі бозарды. Тағы да демеп жіберуім керек пе?

– Қиын екен, аға, әнге сөз жазу қандай қиямет. Бұдан әрі не деймін? Мен Балқантауда болғам жоқ, Сіз көрген қызықты көргем жоқ. Және бұрын-соңды әнге сөз жазбаппын, аға. Ар жағын…

– Онда ол менің өз сөзім боп шығады, Шәймерген. Әрине, әнге бірден сөз жазу қиын іс. Мына үшінші жол… бұл жол, Шәймерген, былай болады, тыңда. Есіңде ме, «Евгений Онегин»… Абай аудармасы. Соның бір жерінде Татьянаның: «Мен қызыққа мас емес пе ем, кетсең еді ұзатып» дейтін сөзі бар. Осы екі жолдың: «Мен қызыққа мас емес пе ем?» деген сөзіне зейін сал. Осы жолдағы хал-күй шуақты сезімді білдіреді, осыдан айырылма. Сені осы жол жадыратады, жайраңдатады, сен ессіз ғашықсың бір. Шәймерген жүрексіне бас изеп:

– Жадыратқан сол күндер… – деді де тоқтай қалды.

– «Жадыратқан» дұрыс табылды, табиғат тылсымы мен адам сезімі бұл әнде егіз өріледі, осыны сезін, осыны! Мысалы, қыз лебі мен көктем лебі… екеуінің жұпар лебі, ә! Шәймерген ұялып, төмен қарады. Қолы жүрер емес. Көңілдегі әлгі дітім өз-өзінен жарқ етіп іштей: «Жадыратқан жанымды лебіңдей боп» деген жолды емірене, тебірене қайталап, Шәймергеннің әлгі екі жолына өз қолыммен ойдақтата жазып:

– Оқып көр, енді, – дедім. Алдындағы үш жолға үнсіз қадалған Шәймерген: «Самал желі Балқанның өбкен еді» деп, сүлесоқ күйде терезеден сыртқа тұнжырай қарады.

– Тұнжырама, Шәймерген, сен өзің не жазып отырсың, а, нендей күй, бұл? Бұл сол қимас күндердің ең сәулелі сәті… солай. Мына жолыңның сұлбасы дұрыс. Екі сөзді өзгерт – «самалды» «жібек» деп, «Балқанның» деген сөзді – «Арқаның» деп, иә, дәл… дәл осылай өзгерт. Қані солай ет. Төрт жолды түгел жаз. Шәймерген тез жазды. Сөйтіп, бұл шумақ: Мен кеткенде Балқанда көктем еді, Бел-белестер құлпырып көктеп еді. Жадыратқан жанымды лебіңдей боп, Жібек желі Арқаның өбкен еді, – деп шырайы кірді. Қыз лебі, көктем лебі, бұл! Табиғатты да, адамды да исіндіре елжіретеді. Іңкәрлік. Құмарлық. Құштарлық! Осы тылсым шалқытқан сезім экстазы, бұл! Қалайша… қалай ғана естен шығатын құбылыс, бұл? Өзім осылайша толғанып отырдым да: – Балқантаудың бауырына ұзап барып, бар дүниеден оқшау шығып, Абайдың: «Келмеп пе едің жол тосып, жолығуға аулаққа» деген сөзін емірене айтысып, мәз болысып, кейін соны ұмытпай тебіреніс отына күйіп отырып, өткен күндерді еске алғанға не жетсін! Әннің соңғы шумағы осы сезімді берсін, Шәймерген. Қадірлі, жақсы сәттердің естелігі, ол. Элегиялық сөз керек, – дедім, ептеп шаршағаным сезіліп. Шәймерген осы сөзді ұйып тыңдап: «– Балқантаудың бауырына ұзап барып», – деп түртіп қойды, қағаз шетіне. Мен оны ап-анық оқыдым да: «– осы жолды жалғастыр, енді. Элегиялық сезімді еске алу болсын. Түйіні осы… осы! » – дедім. Шәймерген екінші жолды: «– Екеу-екеу жүруші ек сыр ақтарып», – деді. Мен: – Қос көңілден жүруші ек сыр ақтарып, – дедім. Шәймерген үнсіз көнді. Үшінші жолды көп нүктемен белгілеп, төртінші жолдың аяғын «ұнап қалып» деп бітіретін сыңай аңғартты. Мен тұнжырадым. Іштей «концовка», деп тыпыршыдым. Әнге сөз жазған ақындардың көбі осы концовканың не айтарын білмейді. Ол композитордың әндегі діттеген ойының түйіні ғой, түйіні! Осы бір күйдіріп-жандырған «музыкальный момент» үстінде соңғы екі жолды: Асыл еркем өткеннің белгісіндей, Жүрегімде қалыпты шырақ жанып, – деп еш мүдірмей қағаз бетіне құйып түсірдім.

Шәймерген таңғала бас шайқап өзі жазған «Ұнап қалып» сөзін қаламмен шимайлап, өшіріп тастады. Осылайша түзілген үш шумақты пианинода әндетіп отырғанымызда біздің музыка редакциясының қыз-жігіттері кіріп келіп: «– Аға, бұл жаңа ән ғой», – деп дуылдасты да қалды. Мен жай ғана бас изедім. Маған еркелей сөйлейтін, мінезі жұмсақ Қалқаман Жүнісбеков қаласы бұзылмаған ақ тісін жарқырата жымиып:

«– Аға, жаңа біз коридорда тыңдадық та тұрдық. Мына Нағима мен Рыс екеуі тез үйреніп алды-ау деймін», – деп қауқалақтай сөйледі. Сол күні кешінде, шамасы сағат онның кезі, біз тұрған он бірінші микрорайонында көрші… ағайын-туыс боп силасатын Иген Хасенов інім телефон соғып:

– Ілаға, мына бір әнді тыңдаңызшы, – деді. Тыңдай қалдым. Үй іші – гу-гу. Дулы отырыс. Қыздар үні… о, тоба, бүгін… бағана шығарған әнім «Балқантаудың бауырында»… біздің редакцияда істейтін Рыс пен Нағима… тағы бір дауыс, о, ол – Әтіркүл… хирург Асқар Иембергеновтің жұбайы… тіс дәрігер. Иген, Асқар, Тоқан… бәрі бірінен соң бірі жаңа әнмен құттықтайды, кеп, ду-ду боп. «Балқантаудың бауырында» әні осылай шықты. Мұны әп-сәтте жасалған импровизацияның лебі, экспромт десе де болады. Қорғасындай құйыла салған ән! Бұл ән дәл осы кездерде менің «Арқаның аруы», «Жайлаукөл кештері» әніммен әбден серілерше бұлғақтап, ән еркесі боп жүрген Қайрат Байбосыновтың құштар сезімді үнімен алғаш рет эфирден берілді. Алматыда досым Өмірзақ Айтбаевтың үйінде болған бір отырыста академик Евней Бөкетовпен әңгіме-дүкен құрған сәтте ол кісі «Балқантаудың бауырында» әнін тыңдап отырып:

– Мына ән бір қарағанда баяғы сал, серілердің әні секілді, әрі ол фортепиано сүйемелінде үзілдіре баурайтын элегияға ұқсайды – деп ақынша мөлдіреді. Бұл осы ән жөнінде алғаш рет айтылған жылы лебіз еді. Қайрат Байбосыновтан кейін бұл әнге Зейнеп Қойшыбаева қатты қызықты. Зейнеп әнді эстрадалық-симфониялық оркестрмен орындады. Сөйтіп, екі әншіден кейін «Балқантаудың бауырында» көп әншінің репертуарына енді. Оларды тегі санап та болмайды. Қазақстанның қай жері, қай түпкіріне барсам да, ән алдымнан шыға берді. Сол жылы кеш күзде Қытай мен Монғолиядағы ағайындарға жетіпті… Бір күні «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет пен өнер бөлімін басқаратын Ақселеу Сейдімбеков телефон соғып:

– Ілаға, сонау Егіндібұлақ… Балқантаудан бір хат келді. Ақын досым… өзіңіз білетін Кәрім Сауғабаев жазыпты. Ілағаңның мына бір әні үшін құдіретім жетсе Қарқаралы мен Егіндібұлақтың дәл ортасында алтыннан ескерткіш орнатар едім!» депті, ал, бұған не дейсіз? – деді.

Не дейін, іштей тебіреніп, толқыдым да жүрдім. Кейін Кәрімнің өзі телефон соқты.

– Ілаға, Сіздің әніңіз ел ішіне әжептәуір серпіліс әкелді. Егіндібұлақта «Балқантау» деп мейманхана мен ресторанды атадық. Ауыл-ауыл осы әнмен тыныстап, өзіңізге деген алғысты да айтып жатыр. Әнге мәз бола шаттанғаным сондай, «Қарқаралы мен Егіндібұлақтың дәл ортасына Ілағаңа алтыннан ескерткіш қою керек» деп жаздым Ақселеуге. Ал, ән сөзін жазған мына бір Шәймерген деген ақынды білмейді екем. Мен секілді Қарағанды төңірегіндегі біраз ақын олар да білмейді. Бір қызығы ән сөзінен өзіңіздің музыкальный сөзіңіздің лебін сезіп, аң-таңмын. Әніңізге сөз жазған талай ақынды жөндедіңіз, білемін оны. Ал, мына Әлдибеков дегеніңіз… қандай ақын ол? Әлде жақыныңыз ба, көңіл жықпас, а, Ілаға? Әніңізге мен де ынтықпын. Жүрегімде қызғаныш оты тұтанды… қызғаныш! Ой, ғафу етіңіз, Ілаға, не деп барам, тәйірі… «Балқантаудың бауырында» әнін жаңағы ақыныңызға қиғым келмейді. Жоқ, көңіліңізге де тиіп кеттім бе, тағы да ғафу өтінемін… елге тағы да келіңізші, Ілаға, ана жолы райком мені совхоздарға уәкіл етіп жіберіп, әбден мысымды құртты. Аудандағы газеттің редакторымын ғой, бар іске араласам, көрген-білгеннің бәрін жазуға тура келеді. Қол тимейді. Уақыт тапшы. Сөйтіп, сізбен ең болмаса бір дастарқан басында отырып сұхбаттаса да алмадым. Солай болды. Алматыда Ақселеу бар, білесіз өзіңіз, екеуіміз студенттік кезде бірге оқыдық, доспыз. Әніңізге деген бар сүйінішімді соған жазып ем, оқыпсыз. Бір тілегім – бір әніңізге сөз жазсам… әлгі Әлдибеков құрлы жазатын шығармын, Ілаға. Телефон соғып тұруыма бола ма, Ілаға?

– Болады… хабарласып тұр Кәрім, ілтипатыңа рахмет! Сөз сонымен тынды.

* * *

1982 жылдың сәуір айы. Сол бір күндерде Қарағанды обкомының екінші хатшысы Жәлел Шубаевич Қалмағамбетовтің арнайы шақыруымен қасымда әнші Қайрат Байбосынов бар, Қарқаралы мен Егіндібұлақ аудандарын аралап, сал-серілердің әндерін насихаттап, кездесулер, концерттер өткізіп жүрдік. Келген мақсатымыз осы. Біздің қай жерде болғанымыздың бәрін Жәлел өзі тікелей сөйлесіп, біліп отырды. Бір естен кетпес демалыс сәтіміз Егіндібұлақ ауданының Арқалық совхозында жылқышы боп істейтін Жақан есімді азаматтың үйінде болды. Жақан қонақжай, ән десе ішкен асын жерге қоятын, қызуқанды ақкөңіл жігіт. Міне, осы үйде осыдан төрт жыл бұрын шығарған «Балқантаудың бауырында» дейтін әнімді бізді осы сапарда бастап жүрген аудандық газеттің редакторы, белгілі ақын Кәрім Сауғабаев қайта-қайта айтқыза берді. Осы әнге деген елдің ықыласы ерекше екен, оған да көңіліміз желпініп көтеріліп қалдық. Сөйтіп, әнмен шалқып отырғанда Кәрім ақсары жүзі алабұртып, көз алдымда жазған бір парақ қағазды маған ұстата салды. Қолымда домбыра. Қағаздағы бір шумақ өлеңге көз тоқтата үңілгенде: Арқа жаққа жыл құстары жеткенде, Кездесіп ек Балқантауда көктемде. Көңіліме ғашық отын жағып ең, Баяғыда ауылыңнан кеткенде, – деген өлең жолдары бұрын-соңды сезіп-білмеген бір соны әуезбен өріліп бара жатты. Мен үн-түнсіз шерте бердім. Қайрат домбыра үніне беріліп, ойға шомды. Айт-айтпа, сол сәтте мына бір шумақты әндете жөнелдім. Экспромт, бұл! Шабыттың қас-қағым сәттік әлегі дей беріңіз. Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме оны енді Қайрат іліп алды. Кәрімде ес жоқ. Мәз. Жақан қозғалақтап, ол да қуанып, дастархан басындағы қыз-жігіттерге мақтанышты сезіммен қарап қояды. Сол күні күн еңкейіп бара жатқанда Жақанның жайлауынан «Балқантаудың гүлдері» атты жаңа әнмен Егіндібұлаққа қарай жолға шықтық. Егіндібұлақтан Қарқаралыға қарай ертең жүреміз деп отырған күні Кәрім жаңа әннің: Тердік сонда Балқантаудың гүлдерін, Өзіңменен бірге өткіздік түндерін. Екеуімізді шаттандырды, жаным-ау, Армандатқан, думандатқан күндерім. Сол жылдар көз алдымда – жас шағым, Жан сырыңның құпиясын ашқаның. Балқантауға аңсап тағы келемін, Сен ардағы болсаң-дағы басқаның, – деп жалғасқан екі шумағын жазып берді. Сөйтіп, Егіндібұлақ селосының іргесінде тұрған Балқантау жайында екі ән осылайша дүниеге келді. Бұл ән Кәрімді романтикалық қиялмен шалқытты. Әнге беріле толқыған Кәрім бір сөзінде:

– Менің студенттік досым Ақселеу Сейдімбеков біздің осы тауға қатты қызығып былай дейтін-ді: «Ел аузындағы аңызда ерте заманда қытайлармен болған мың жылдық соғыста ауылы шабылған бір мүсәпір кемпірдің бір ұлы, бір қызы ғана қалып, тіске басар ештемесі жоқ әбден арып-ашып ашығады. Жігерлі бала өртенген ауылдың жұртынан бір ескі садақты тауып алады. Аспанда ұшып бара жатқан аққуларды атбақшы болады. Сөйтеді де жандалбас қып жүгірген бала: «Ей, аққу-ау, аққу-ау, барар жерің Балқантау, ол да біздің көрген тау» дейді, аспаннан көз алмай. Осы сөз Балқан тауына байланысты. Ықылас күйші осы аңыз бойынша өзінің атақты күйі «Аққуды» шалды ғой. Балқан деген таулар мына дөңгеленген дүниенің әр жерінде бар. Ықылас болса ол тауларды көрген жоқ, осы Балқантауын ғана біледі. Ықылас менің нағашым боп келеді, мен Тамаға жиенмін» деп айта беретін-ді. Енді аз күннен, кейін, Құдай қаласа Алматыға жетесіздер, Әнді Ақселеуге көрсетерсіздер, оған ұнайтынына күмәнім жоқ. Оған жазған сәлем хатым осы әнді туғызды ғой, Ілаға!» деп көзі жасаурағандай болып, тебірене сөйледі. Ертеңінде ел жігіттері Егіндібұлақтың күнбатыс жағындағы биік белестің үстінде бізді осы әнмен шығарып салып тұрғанда, Кәрім:

«– Бір кезде Ықылас атасы Балқантауға қалай толғанса, мына Ілағам да сондай шабытты күйде кетіп бара жатыр. Сапары оң, жүрген жері ән болсын!» – деді.

Алматыда Ақселеумен жиі жүздесіп жүрдім. Балқантау жөнінде шыққан екі әнге риза болғаны сондай, өзінің кейбір романтикалық ойларын ақын жүрегінің лүпілімен сездіргендей болып, өзгеше хал кешті. Кәріммен телефон арқылы жиі сөйлеседі екен. Оны да сол сәтінде маған жеткізіп тұрды. Кәрім әлі де шабыт құшағында екен. Сол 1982 жылдың маусым айының бас кезінде Кәрімнің сөзіне жазылған «Балқантаудың гүлдері» радиоға қабылданып, оны ә дегеннен Зейнеп Қойшыбаева мен Қайрат Байбосынов эфир арқылы орындай бастады. Кәрім бір жолы маған телефон соқты: «– Мына біздің Балқантауға екі ән шықты. Мен бір қиялға түстім, Ілаға, ол ойымнан не шығады, білмеймін, Балқантауға айтатын әлі де жүрек сөзі барын сезінем. Осы тақырыпқа тағы да толғанып жүрген жайым бар. Айтар дітімді толық жеткізе алмаған сияқтымын. Ол сырымды Ақселеуге айтып ем, әуелі шегі қата күлді, содан кейін ойлана қалып: «Ілағаңды жақсылап тұрып сауу керек. Бір Балқантауға екі ән шыққан жүректен тағы бір ән… тіпті, төртінші ән, яғни, Балқантау төрттаған-бір цикл боп түзіле қалса…» деді. Кәрімнің бұл сөзін сабырмен тыңдадым да:

«– Мен не жазсам да өз жүрегімнің әмірімен істеймін. Заказбен ән жазбаймын. Бірақ, ойды ой түрткілейді ғой, Кәрім, көкейіңде тағы не түйткіл бар, соны қағазға түсіріп көр. Оқиын», – дедім.

Ақселеу «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет және өнер бөлімін басқаратын-ды. Бір күні ол мені редакциясына шақырды. Әдетімізше ән мен күйлер жөнінде сөз еттік. Кәрім оған топтама өлеңін жіберген екен, маған соны көрсетті. Бір өлеңін ұнатқанымды сезді ме, Ақселеу өзінің ілкімді, ізетті қалпымен лып-лып етіп, машинкаға бастырып берді. Кейін сол өлеңге әр кез назарым түсіп, ойланып жүрдім. 1983 жыл. Желтоқсан айының соңғы күндерінде Кәрім Алматыға келді. Кезекті демалысына шығыпты. «Қазақстан» қонақ үйіне жайғасып, өзімен дос-көңілдес жандармен, ақын-жазушылармен сәлемдесе бастапты. Мен сол күндерде, алдағы келер жылы – қаңтардың он тоғызыншы жұлдызында АХБК сарайында өтетін авторлық кешіме дайындалып жүрдім. Сол қат-қабат көп жұмыстың арасында Кәрім біздің үйде қонақта болды. Сағыныса жүздестік. Әңгіме арасында Ақселеуден алған өлеңді оқып, ол ойда жоқта мені кәдімгідей тебіренткені… осы кездесуден кейін екі-үш күн өтті-ау деймін, радиодан «Балқантаудың көктемін» мөлдірете орындаған Зейнеп Қойшыбаеваның күмістей сыңғыраған сырлы үні қозғап жіберді ме, жүрегімде жатталып қалған: Жылдардың ойланамын өткеніне, Қараймын қуанышпен көктеміне. Ақиық Алатаудан, дариға-ай, салған әнім, Шаттанам Балқантауға, дариғай, жеткеніне, – деп жаңа әннің тұп-тұтас сұлбасын көргендей болдым. Осы әуен бір апта бойы жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпеді. Оның жаңа ән екеніне көзім анық жетті. Мұндай сәтте Қайрат Байбосыновқа телефон соғатын әдетім бар еді, солай еттім. Әнді толық айтып бердім. Тағы да бірнеше рет қайталай бергенде Қайрат оны лезде жаттап алды. Сөйтті де: «Ал, Ілаға, тыңдап көріңізші» деп домбырамен балбырата орындады. Ал, Кәрім біздің үйге тағы бір келгенде мына жаңа туған әнді тыңдап, бірдеңе деуге сөз таппай мәз бола қуанды. Әнді «Балқантаудың аққулары» деп атадық. Бір Балқантауға үш ән арналды. Алдыңғы екі ән сияқты мына үшінші әнге де радионың тоғыз әншісінің концертмейстрі, қазақ әнін жетік біліп, жатқа ойнайтын Наталья Атаева аккомпанемент жасады. Атаева менің әндерімнің табиғатын жете түсініп, әр жаңа әніме қызыққанын: «Очень лирично… контиленно» деген сөздермен білдіруші еді. Мына әнге де бар зейінін салды. Аккомпанемент әнші сүйемелінде емін-еткін төгіліп, ән әуезінің әсерлі иірімдерін ашып, төгіле мөлдіреді. Бұл әнді тыңдаған әншілер де клавирді ксерекстен өткізіп, өз репертуарларына алып жатты. Осы бір кездерде «Қазақстан» қонақ үйінде Кәрімнің бөлмесінде Ақселеу үшеуіміз бас қостық. Балқантауды ардақтаған үш әнді мен әндетемін, Ақселеу ерінбей-жалықпай үйінен алып келген қызылқоңыр домбырасын бос бұрап алып, бипаздап шертіп, мені ынтыға сүйемелдейді. Сөйтіп отырып: – Балқантау әзірше үш әннен құралып, триптих болды, – деді, ойлана бас изеп. Кәрімім де бұл сөзді үнсіз тыңдап:

– Иә, триптих, – дей берді де:

– Жоқ, Ақселеу, мен бірінші әннің сөзін жазған Шәймерген Әлдибеков дегеннің шылауына оралатын жан емеспін. Балқантау – менің Балқантауым! Егер, Ілағама Құдай қуат берсе, тағы бір ән жазса, сонда нағыз триптихтың иесі мен боламын, – деп ақының өзімшілдік мінезіне басты.

Ақселеу Кәрімнен осы сөзді күтіп жүріп, енді, міне, оны өз құлағымен естіп, діттеген ойына дөп түскендей, қыбы қанып, іштей қоштағанын алабұрта қызарған ақсары жүзінің тамылжи қалған сәтінен аңғартқандай болды. Мен не дерімді білмедім. Екеуінің дәмесін анық сездім. Бірақ, ол үдеден шыға алам ба? Оған концертіме дайындалып жүрген осы бір абыр-сабыр күндерде ойлануға мұршам жете ме? Тегі маған мұндай тілектер көп айтылады. Соған орай отыра қалып ән жазу менің дағдымда жоқ болжаусыз құбылыс. Оны өзімнен басқа ешкім түсінбейді.

Ұмытып барады екем, Кәрім менің авторлық кешіме арнайы келді ғой. Осы ілтипатына риза көңілде едім. Концерттің әзірлігі сала-сала боп жүріп жатты. Оған Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі, мемлекеттік хор-капелласы, радионың эстрадалық-симфониялық оркестрі, камералық оркестрі және он сегіз әнші қатысады. Оркестрлер мен хор-капелласына қыруар партитуралар жазылды. Оған ең білімді, тәжірибесі мол оркестровшиктер ат салысты. Менің дегбірім қашты. Сүйікті әншілерімнің бірі Әлібек Дінішев ойда жоқта тұмауратып қалды да оның репертуарын Кенжеғали Мыржықбаев алды. Уақыт та тақалып, қысып кеп берді. Осындай әр нәрсеге елеңдетіп-алаңдатып қойған қарбалас шақта, бір күні жұбайым Тиыш екеуіміз машинаға отырып, Алатаудың етегіндегі бір пионер лагерінде дем алып жатқан қызым Қарлығашты алып қайтуға жолға шықтық. Жоғарғы Каменькадан тауға өрлеп барып, Қаскелең жаққа бұрылатын жолдың бойында жаңа жауған ұлпа қарды сойғылат отырып, діттеген лагерьге жеттің. Осы екі ортаға қанша уақыт жүрдім есімде жоқ, машинаны зордың күшімен омбылатып, айдап келе жатып:

«Тиыш, менің басым жарылып кетер ме екен, не ғылар екен? Бір ән асқақтап, биікке өрлеп барады. Қайырмасы толқын-толқын… баспалдақ-баспалдақ боп, төмен түседі. Солай түсуі бітпейтіне бір арман секілді уһілетеді. Басым… басым… жарыла ма, қайтеді?» деп іштей әлекке түстім. Осы оймен толғана толқып, лагерьден Қарлығашты алып қайттым. Ал, кешінде үйде жайбарақат қана рахаттанып, пианино ойнап, діліме әбден орныққан әлгі бір әнге импровизация жасап, олай-былай құбылтып отырып, ақыры жортақтаған беймаза ойым: «Балқантау» деп қана аталған төртінші әнмен тоқтағандай болды. Бір циклдың соңғы әні жүрегімнен емін-еркін құйылып түсті. Ертеңінде Кәрім біздің үйге келе қалды да, әнді селт етпей отырып, қайта-қайта тыңдады. Тыңдаған сайын мені мейірлене құшып-құшып қояды. Елпектеп бір отырды, бір тұрды. Әнге сүйсіне ұйып, пианиноға сүйеніп, қолма-қол: Күн шықты көк жиектен арай-арай, Көз талды Балқантауға, дариға, қарай-қарай. Армандай өмір бақи алдарқатқан, Жүздеспей кетеміз бе, дариға, уа, дариға-ай? – деген шумақты тез-тез жазды.

Телефон дегеніңіз дайын тұр, әнді Ақселеуге де тыңдаттым. Әннің аты – «Балқантау» дедім. Кәрім бұл сөзімді басын изеп, қуана қоштады. Ақселеу:

– Ілаға, не дейін енді? Әнді түсіну үшін көп уақыттың керегі жоқ. Секемшіл жүрегім еш қобалжымай, қабылдады. Баяғыдан білетін әнім сияқты. Өзінің мүшесі Біржан сал, Ақан сері, Естай әндерінің бірінші, екінші жолдың әуезін үшінші, төртінші жол қайталап, өте эмоционалды «дариға» сөзін аһылаған арманның лебімен сездіруі ғажап екен. Әнді «Балқантау» деп өте дәл атапсыз. Тағы бір айтыңызшы… туу, өзім шығарғандай болдым-ау, Ілаға! Недеген арман бұл, аһ ұрғызған! – деді, үні дір-дір етіп. Кәрім жер – көкке симай желпініп, Егіндібұлақтағы үйіне…. Майра келінге телефон шалып, мына жаңалықты айтып, лепіре сөйледі. Ақселеуге де телефон соғып: – Мен үшін Балқантау триптиғы ақыры шықты өстіп, ал, Ілағаң үшін ол – өзің айтқан төрт таған, Ақселеу! Өзің айтқандай Ілағаңды осылайша екі жақтап, саудық Ақселеу! – деді, сол қызына сөйлеген шабытты күйі.

Сол күні Кәрім біздің үйге қонып: Бұлттардай ойнақ салған аспанымда, Ол күндер өтті-кетті, дариға, қас қағымда. Алаңдап Балқантауға жүрермін тек, Бәріне куә болған, дариға, жас шағымда, – деп мұның алдындағы үш әндегі бірінен-бірі туындап, біріне-бірі жалғасқан өзекті ойдың түйінін осы шумақта осылай шешті. Менің де діттегенім осы еді.

* * *

1984 жыл. Қаңтардың он тоғызыншы жұлдызында АХБК сарайының кең залында дүркіреп өткен авторлық кешімнің бағдарламасында «Балқантау» циклының төрт әні түгел орындалды. Ең соңғы «Балқантау» әнін тамаша оркестровщик Эдуард Богушевский өте әсерлі жасап еді. Сол партитурамен Кенжеғали Мыржықбаев жан-жүректі толғантып, нәзік лиризммен кең тыныс алып, романтикалық леппен әуелетіп еркін шырқады.

* * *

«Балқантау» циклы елге кеңінен тарады. Оны белгілі професионал әншілермен қатар жер-жердегі өнерпаздар, вокалдық топтар орындағанын өз көзіммен көріп, тыңдап жүрдім. Алматыға келіп, консерваторияда оқып, бірігендерінің кейбірі концерттік ұжымдар мен опера театрында қызмет етіп жүрген шыңжандық қыз-жігіттер «Балқантау» циклын өз елдеріне жеткізіп таратқаны да маған сүйінішті хабар боп жетіп жатады. Осы циклдың ең соңғы әні – «Балқантау» қырғық ағайындарға да белгілі ән боп тарап, баяғы «Даниярдың әні», «Әсел», «Жәмиланың әні», «Асылым» сияқты менің есімімді тағы да бір танытып қойды. Бұған мысал ретінде мына бір оқиғаны айтуға тура келеді: 2004 жылы маусым айының төртінші жұлдызында Алматының Республика сарайында, сол жылы желтоқсан айының бірінші жұлдызында Астанадағы Конгресс-Холлдың залында өткен «Еділ-Жайық» атты авторлық кешімде қырғыз еліне бұрыннан белгілі жоғарыда аталған әндеріммен бірге симфониялық оркестрдің сүйемелімен «Балқантау» орындалды. Әнді орындаған Қырғызстанның халық артистері – Дариға Жалғасынова (колоратуралық сопрано. Орындаған әндері – «Жәмиланың әні», «Асылым»), Керим Турапов (тенор. Орындаған әндері – «Даниярдың әні», «Әсел») жұртшылықты таң-тамаша қалдырды. Осы концерттерде Қырғызстанға кең тараған әндерім жөнінде СССР халық артисі, қырғыздың атақты дирижеры Асанхан Жұмахматов қызықты естеліктер айтып, жоғары баға берді. Астанадағы концерттен кейін белгілі-белгілі зиялы кісілермен ресторанда отырғанда Қырғызстаннан келген осы қонақтарымыз бірінің сөзін бірі толықтырып, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Бішкекте болған бір сапарын сөз етіп, Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың резиденциясында отырып, «Балқантау» әнін тыңдағанын айтты. Бұл әңгімені тыңдаған жандар риза көңілмен бас изеді.

«Балқантау» циклы өмірде осылайша жасап жатыр…

Илья ЖАҚАНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button