Жаңалықтар

Байыса, қазақ байысын!

«Балапан» деген балалар арнасынан «Алдар көсе» ертегісінің мультсериалдық нұсқасын көрсетіп жатыр. Соған қарап отырып, ойға баттық…

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Шықбермес Шығайбай қандай кейіпте? Сараң, арам, қарқылдап күлгіш бір надан. Алдар көсе соны алдап, малын алмақ. Кедейге болысады, көңілі содан толысады. Содан, қоржынын арқалап, есегіне мініп, ауыл аралайды, алдауға ыңғайлы «озбыр» байды жағалайды. Өзі де кедей. Мал-дүниеге түкіргені бар, қарсы келген сынағын күлімдеп ұрар. Шапаны қырық жамау.
Жарайды, мәселе Алдарда емес. Қазаққа кедей образы неге әлі күнге дейін сүйкімді? Бай – сүйкімсіз. Мұндай көзқарас қайдан тамыр тартады?
Осы сауал мазалайды. Мысалы, такси жүргізушісімен, құрылыстағы қарапайым сылақшы, кірпіш қалаушымен, зауыттағы жұмысшымен, базардағы саудагермен тілдесе кетсеңіз болды, бай атаулыны жақтырмайтынын айтады. «Қу» дейді, «сараң» дейді. Күнделікті өмірде естіп, көріп жүрген түсініксіз құбылыс. Әлбетте, бүгінгі қоғамда елдің ырысын тонап, шырт түкіріп отыр­ғандар көп. Жемқорларды, парақорларды жақтырмайтынымыз анық. Бұны жоққа шығармаймыз. Бірақ, адал еңбекпен, кәсіппен байығандар бар емес пе? Заман басқа. Баюдың жолы жетіп артылады. Мемлекеттік деңгейде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп келе жатқалы қашан. Субсидияңыз да, шағын несиеңіз де, бәрі бар. Тек, талап пен ниет керек. Кәсібіңді дөңгелетесің, өзгені де жұмыспен қамтисың, салық төлеп, ел экономикасына да салым саласың. Халыққа да, мемлекетке де тиімді. Кеңес дәуіріндегідей «Бай, кедей деген жоқ. Бәрі бір деңгейде» деген саясат емес.
Абайдың екінші қара сөзі еске түседі осындайда. «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-­үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтас­қан, «сарт-сұрт деген осы» деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп». Жанды жеріңе тиеді осы сөз. Маңайындағы адамдармен сөйлесіп, сұхбаттасқан сайын мынаны түсінемін: өзіңнен басқа өзгені жақтырмау деген жаман әдет қанға сіңіп кеткен секілді. Хәкім Абайдың айтып отырғаны біздің қоғамда да бар. «Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп. Әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім» дейді хәкім әріқарай. «Өзімнен басқасының бәрін жақтырмаймын» болып тұрғаны бұл күнде. «Абай – қазақтың кардиограммасы» (С.Ақсұңқарұлы) деген сөздің де мәнісін уақыт өткен сайын түсініп келемін.
«Әдет қаңға сіңеді» деуші еді қариялар. Кеңестік жүйенің не істегенін еске түсірейік осы тұста. Кедейлерге билікті берді де, бай-бағландарды қудалатып қойды емес пе. Біреуі «Ақ», біреуі «Қызыл» болып тартыс­ты. Хамит бандыны қуды. Бандысы – бай. Байлар жат жерге қашты. Қуғын-сүргіннен, қолдан жасалған аштықтан қашты. Бай кетіп, ел тозды. Озбырлық көріп, кеудесіне ыза мен кек толған кедей тап партияға келіп, тізгін ұстады, жөн нұсқады. Шолақ белсенділер елдің берекесін алды. Даланың еркін жұртын Ленин мен Сталинге табындырған, Сталин портретін отқа жаққаны үшін ағайынын ұстатқан «миы кодталған роботтарды» жасаған советтік жүйе. Қаламгерлерге өзінің идеология­сын насихаттайтын шығармалар жаздырды, кинолар түсіртті. Осылайша, ұлттық санаға, пайымға салмақты, жойқын соққылар жасады. Бүгінде әлемдік саясаткерлер мен тарихшылар советтік идеологияның қуатты болғанын мойындайды.
Кеңес үкіметі қалыптастырып кеткен сол түсінік пен көзқарас неге әлі күнге дейін тыйылмады? Басты сауалдардың бірі – осы. КГБ-да Совет үкіметіндегі еркін ойлы, пікірін ашық айтатын, батыл, көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың көзін жоятын жеке бөлім болған деседі. Отызыншы жылдардағы жаппай репрессия – осы деректің дәлелі. Қазақтың зиялыларын орманды бұтағандай қылды. Қызыл үкіметтің ұлттық санаға бағытталған залым саясатына іліккен буынның буы әлі тарқамағанға ұқсайды. Ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасында «Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп, Сталиннің өріп жүр балалары» деген қос тіркес бар. Осы жолдар айтар ойымды айшықтап тұрғандай. Дәулетті қазақты жамандап, ағайынды ағайынға жеккөрінішті етіп жүрген Сталинге адал балалардан туған ұрпақтың дүрмегі ме? «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге» демей ме әулие Бұқар жырау.
Әлемде «Алдар көсе» секілді ертегі көп. Мұндай тектегі ертегілердің моралі біреу ғана: озбырлықты, әділетсіздікті жеңіп, кедейлерге, әлсіздерге жәрдемдесу, белгілі бір ұлттың қанына сіңген қайырымдылықты, адамгершілікті жоғары қою. Ертегілердің болмысы – осы. Мәселен, орыс халқында Иван-дурак және Емелья дегендер бар. Зұлым, сараңдардан алып, жоқ-жітікке үлестіреді. Үнді халқының мифологиясындағы «Рамаяна» эпосының қаһарманы Рама да жындармен айқасып, соның дәулетін кедей-кепшікке таратады. Атақты Робен Гуд әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күрестің символына айналған. Африка халықтарында да жетерлік.
Осы тақырып төңірегінде Абылай Саликов есімді жас кәсіпкермен әңгімелескен едік. Ол кофе автоматтармен айналысады. Жасы жиырма алтыда. Бір кофе автоматпен бастаған ол бұл күнде он шақтысын ірі сауда үйлеріне қойып, табыс тауып жүр.
– Қазір облыста жас кәсіпкерлер өте көп. Біразы ай сайын миллион теңгеден астам табыс табады. Жарты жыл сайын жас кәсіпкерлердің семинарына қатысып тұрамын. Идеяларын ұсынып, қорықпай, тәуекелге бел байлап, шаруасын бастап кеткендерге қарап өзім де жігерленемін. Теңіз тамшыдан құралады емес пе? Оның үстіне, мемлекет тарапынан қолдау бар. Тек, бизнес идеяңызды жөнімен ұсынып, іске кірісіп кетсеңіз болғаны. Бастысы – ниет. Бәрі адамның өзіне байланысты. Өз тағдырына өзі жауапты. «Үлкен ақыл иелері идеяларды, орта ақылдар жағдайларды, кіші ақылдар адамдарды талқылайды» деген нақылды қаперімде ұстаймын, – деді Абылай Саликов.
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Қисық ағаш» повесіндегі бір хикметті оқиғаны айта кетелік. Повестің бас­ты кейіпкері саябақ маңынан өткен сайын алыстан қисық ағашқа көз тастап жүреді. Қисық ағаштың діңгегі бүтін, әрі жуан. Шамамен тағы бір ғасыр тұратындай. Бірақ, күндердің бір күні кейіпкер әлгі қисық ағаштың сұлағанын көреді. Сөйтсе, ішінен құрт жеген екен. Біздің санамыз да сол қисық ағашқа ұқсайтындай. Дер кезінде жебір құрттан арылу керек…
Бір дәуірде малы мен дәулеті тасыған халық қазақ еді ғой. Батырлар жырын оқыңыз. «Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай бопты, Төрт түлігі сай бопты, Тоқсан мың екен қорасы, Мұрындық, ноқта тимеген, Түйешілер мінбеген, Сексен мың екен маясы. Шұрқырап жатқан бір жылқы, Тоғай сайын мың жылқы…» (Алпамыс батыр жыры). Асыл Алпамыс Байбөрінің баласы. Немесе, «Тоқтарбайдың дәулеті – Ішкені – мас, жеген – тоқ, Бай-кедейдің көңілі жай» дейді Қобыланды батыр жырында. «Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Төрт түлік малы сай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Келе-келе түйелері болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты» дейді «Ер-Төстікте». Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың әкесі Рақымжан да дәулеті тасыған, маңайындағы жұртқа шарапаты тиген бай болған. Жібектен өрілген шылбырын атын жетектеген жігітке тарту етіп жүрген деседі көзкөргендер.
Байысақ бір-бірімізге қамқор болу, ағайынға қарайласу қасиеттері бойымызға әуелден дарыған жұрт едік. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» дейтін де біз емес пе?!

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button