Байтақ елдің бақуаты – Бірлігі


Өткен сенбіде Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы өтті. Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайындағы ауқымды шараға облысымыздың 42 адамнан құралған делегациясы да арнайы барды.
1500-ден астам адамның басын қосқан жиын «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбын қамтыды.
Сессия барысында Қарағанды облысы «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы Виталий ТВАРИОНАС Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалды. «Орталықтың» өткен санында ғана осы азаматпен сұхбатымызды жариялаған болатынбыз.
Алқалы жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі қабылданды. Құжатта Ассамблея Қазақстан халқын әлеуметтік мемлекеттің және ұлттық әл-ауқатты арттырудың жаңа моделін бірге құруға шақырды.
Тағы бір атап өтерлігі, Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келген сессия қарсаңындағы Ассамблея Кеңесінің жұмысына аймағымыздан алты азамат шақырылды.

 


Сессияға елдің барлық аймақтарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Үкімет басшысы мен министрлер, облыстар мен республикалық маңызға ие қалалардың әкімдері, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік қонақтар, шығармашыл, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. Ел Президенті, ең алдымен, елді Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясының ашылуымен құттықтап, Ассамблеяның қоғамдағы маңызы мен рөліне кеңінен тоқталды. Алдағы міндеттерді де нақтылады.
– Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді.
Бүгінде ол – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі.
Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі, – деді Ұлт Көшбасшысы.

Президент сессия жұмысы тақырыбының өзектілігіне де назар аудартты.
– Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған.
Оның табысты жүзеге асуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді, бір-біріне сенімін арттырады.
Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама ешқашан болған емес.
Осының бәрі – тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – Ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы.
Әйтпесе, көгінде туы, төрінде билігі болса да, бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған қаншама мемлекет бар.
Біз осыны берік ұстанып, мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Расымен де, мемлекеттің ілгері басуы – ауызбіршілік пен өзара келісімнің жемісі. Халқымыздың «Ынтымақ түбі – береке» деген даналығы бекер айтылмаған ғой.
Елбасы бес әлеуметтік бастаманы ұсынуының негізгі үш себебін де тарқатып берді.
Елбасы айтқандай, «Жаһандық және өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет.
Біздің жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналған».
Сондай-ақ, жаңа бастамалар – экономикамыздың жаңа сипатқа ие болып, уақыттың талабына сай дамуына сеп.
– Мен ұсынған бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді.
Олар тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды.
Сол себепті мен осы мәселені Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында талқылауды ұсындым, – деді ел Президенті.
Қалың ел жақсы біледі. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігі – қоғамдық-саяси тұрақтылығы. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да беделді халықаралық ұйымдар мен таяу және алыс шетелдер еліміздің этно-әлеуметтік саясатына оң баға берді. Көптеген мемлекеттер тұрақтылықтың қазақстандық үлгісінен сабақ алуда. Олар Ұлы Дала елін – бейбітшіліктің бесігі деп таныды.
– Біз әрдайым негіз қалаушы конституциялық нормаға – барлық азаматтардың теңдігіне сүйеніп келдік.
Алдағы уақытта да солай болады, – деген Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатымыздың негізгі ерекшеліктерін де сөз етті.
Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, қоғамның бірлігін одан әрі нығайта түсу үшін әлеуметтік саланы жаңғыртуымыз қажет.


– БҰҰ мәліметіне сәйкес, Жер шарындағы халықтың 14 пайызы ашаршылық жағдайда отыр.
Әлемде күн сайын 24 мың адам аштықтан көз жұмады. Осы жәйтке бір сәт мән беріңіздер.
Жұмыссыздар саны 190 миллион адамнан асты. Бұл Ұлыбритания, Франция, Италия сияқты ірі елдердің халқын қоса алғандағы тұрғындар санына пара-пар.
Әлемдегі жұмыссыздық деңгейі, әсіресе, жастар арасында жоғары – 13 пайыз.
Экономикалық санкциялар, протекционизм, терроризм, экстремизм, жекелеген мемлекеттердегі тұрақсыздық, егемен елдерге бағытталған қарулы шабуылдар халықаралық құқықты бұзып, жер бетіндегі барша жұрттың ертеңгі күнге деген сенімсіздігін қалыптастырып отыр, – деген Елбасы мұның салдары кедейшілік пен жұмыссыздық мәселесін ушықтыратынын айтты.
Яғни, елдің игілігіне бағытталған бес әлеуметтік бастаманың тағы бір маңыздылығы осы болса керек. Мысалға, жас буынға ауқымды көмек – білім гранттарының санын көбейту, студенттерге арналған жатақханалар салу. Бұған баспана мәселесін шешуді көздейтін «7 – 20 – 25» бағдарламасын қосыңыз. Оңтүстіктен Солтүстікке тартылатын газ құбыры да елдің әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбек. Көгілдір отын құбыры біздің облыс арқылы өтетінін бұған дейін жазғанбыз. Экономикалық, экологиялық тұрғыдан аса тиімді бастама.
Осы және өзге де оң өзгерістерді сөз еткен Елбасы әрбір бастаманың халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталғанын айтты.
Ресми дерекке сүйенсек, Тәуелсіздік алғалы бері 12 мың шақырым автокөлік жолы салынған және қайта жөнделген. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол желісі пайдалануға берілген.
Бұған қоса, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 1300-ден астам ауруханалар, емханалар мен амбулаториялар салынды. Нәтижесінде, халқымыздың өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Ана мен балаға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерінің біріне айналды.
Ел болашағы – балалар үшін 1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша бой көтерді.
70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңдары мен залдары ашылды. Бұқаралық спорт та қанатын кеңге жайып келеді.
Мәдени мұрамыз жаңғырды. Мәселен, елдегі музейлер саны – 2,7 есе, театрлар саны – 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есеге өскен.
– Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жергілікті жерлерде Ассамблея мүшелері бұған белсене қатысып, олардың орындалуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесе бақылауға алуы керек.
Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейді.
Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз.
Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдарымызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция, – деген Президент әлеуметтік саясаттың жалғаса беретінін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев алға жылжу қағидаттарын тарқатып, бұл жолдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерін де ашып көрсетті. Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңестерінің де жемісті жұмысына тоқталды. Елбасы елдің жетекші жоғары оқу орындарындағы 40-тан астам кафедра мен Ассамблея орталықтары туралы да сөз қозғады.
– Осы әлеуетті барынша белсенді ету үшін менің тапсырмаммен «Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Парламент оны қарастырғаннан кейін мен оған қол қойдым.
Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясын кеңейтуді міндеттеді.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отан» партиясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеуді тапсырды.
Осылайша, мызғымас татулықтың, бақуатты өмірдің кепілі боларлық негізгі бағыттарды атап көрсеткен Елбасы тұғырымыз – тұрақтылық екендігін қайта еске салып, Қазақстан халқына игі тілегін арнады.
– Бірлік пен қарқынды дамудың арқасында біз көп нәрсеге қол жеткіздік.
Жаңа тарихи кезеңде бізді біртұтас ұлтқа ұйыстыратын, көздеген мақсаттарымызға жеткізетін қажетті алғышарттардың бар екеніне сенімдімін.
Халықтың бірлігі – жаңарған Қазақстанды өркендетудің басты шарты. Солай болған және бола бермек!, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің баяндамасынан кейін министрлер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, шет елдерден келген меймандар және жас буын өкілдері сөз алды. Әлемде баламасы жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының уақыт дәлелдеген жемісті жұмысын ортаға салды.
Сессияға қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырған Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындау туралы өкімге қол қойды.
– Өздеріңізбен келіскендей, жылына бір рет Ассамблея сессиясында түрлі өңірдің этномəдени бірлестіктері ұсынған ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары ауысу арқылы тағайындалады.
Биылғы жылы да Ассамблея Кеңесі ақылдаса келе маған бұл лауазымдарға «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Ионо Тварионас пен ҚХА мүшесі, меценат Исламбек Төлеубайұлы Салжановты ұсынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Екі азаматты тағайындау туралы өкімге қол қойған Президент сессия жұмысын қорытындылады. Елді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Сессия соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясына қатысушыларының үндеуі қабылданды.
Салтанатты жиын соңы әуенді-сазды бағдарламаға жалғасты.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясына қатысушылардың үндеуі

Құрметті отандастар!
Қазақстанда қоғамды саяси, экономикалық, рухани жаңғыртудың тұтастай стратегиясы іске асырылып жатыр.
Жыл басында ұсынылған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» шын мәнінде әлеуметтік жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстан әу бастан-ақ әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде құрылды. Бес әлеуметтік бастама осы бағыттың қисынды жалғасы болып, әлеуметтік мемлекет туралы конституциялық норманы жаңа нақты мазмұнмен толтырды.
Қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, салықтарды азайту, қосымша білім гранттарын бөлу, студенттерге арналған жатақханаларды жаппай салу, микрокредиттеуді кеңейту және газдандыруды одан әрі жалғастыру – бұл, азаматтардың өмір сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуді мақсат ететін нақты және есептелген шаралар.
Осы шаралар топтамасының арқасында экономикалық және қоғамдық прогреске ықпал ететін жағдайлар жасалады және ең бастысы – әркімнің іс жүзінде әлеуметтік қорғалуы мен тұлғаның өзін-өзі танытатындай еңбек етіп, өмір сүруіне кепілдік беріледі.
Осы арқылы, мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі нақты мәнмен толыға түседі.
Мұның бәрі де әлеуметтік бірлік пен қазақстандық қоғамның кірігуінің нақты әрі пәрменді тұғыры болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын тұтастай қолдайды және оларды тиімді іске асыру жөніндегі амалдарды талқылауға белсене атсалысады.
Біз, барша қазақстандықтарды осыған шақырамыз.
Біз, бірлесіп, жаңа өмір мүмкіндіктерін, әлеуметтік мемлекет пен ұлттық игіліктің жаңа үлгісін жасаймыз.
Біз, бес әлеуметтік бастаманы іске асыру, бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға, азаматтардың әл-ауқатының артуына, Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне жәрдемдесетініне сенімдіміз.

Қазақстан халқы
Ассамблеясының сессиясы.

Астана қаласы,
2018 жылғы 28 сәуір.

Сессияға қатысушылар лебізі

Зулпа ЧУМАКОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист:
«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларына қатысқан сайын ерекше əсерге бөленемін. Мен Ассамблеяның бірінші сессиясына да қатыстым.
Бастысы, осы күні Ассамблеяның мәртебесі артып, түрлі кеңестер құрылды. Бұл – Елбасымыздың ерен еңбегі деп білеміз. Себебі, Тəуелсіздік алған тұста бізбен тағдырлас көптеген мемлекеттер абдырап қалды. Ал, Қазақстан сара жолды таңдады.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы əлем мойындаған институтқа айналды. Осы сессияда елдің əл-ауқатын жақсартуға бағытталған негізгі басымдықтар анықталды.
Біз мұны Президентіміздің ел мерейін асыруға бағытталған игі бастамалардың бір парасы ғана деп білеміз».

Вячеслав ЛИТВИНОВ,
Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 6 курс студенті:
«Статистикалық көрсеткіштер бойынша, халқымыздың өмір сүру жасы 6 жылға ұзарып, əлеуметтік жағдайы жақсарған. Бұл – Президент қамқорлығының нәтижесі. Елбасы Үндеулері дəрігерлер, мұғалімдер жəне өз өмірін жақсартқысы келетін барлық азамат үшін тиімді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған экзоскелетті былтыр Минскіде «ТМД үшін 100 идея» көрмесінде ұсындық. Жобамыз 10 жылдан бері арбаға таңылған əйелге үміт сыйлады. Ол қазіргі күні өзі қимылдап, еркін қозғала алатын жағдайға жетті.
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін инвесторлармен бірігіп жұмыс жүргізудеміз».

Қуаныш Аманқұлов

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.