Жәдігер

Бабыр бидің шапаны

Бұл – бүгінде Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде тұрған жәдігер. Бидің шапаны табиғи мақта-матадан тоқылған кездемеден тігілген, өрнекті, бедерлі. Оны бидің ұрпағы Дәметкен ӘНЕҚЫЗЫ музейге 1991 жылы өткізген.

Суретті түсірген автор

«Бағаналының төрт босағасы» атанған төрт бидің бірі – Бабыр Бөкеншіұлы (1784- 1884 жж.) Қызылтас – Ибескі – Жұртшы болысын 1830 жылдан бастап, үздіксіз 26 жыл басқарған, егіншілікпен айналысқан. ХІХ ғасырдың ортасында орыс көпесі Н.Ушаковқа Жезқазғанның 6 кен орнын жалға беріп, мысты өлкенің кен байлығын игеруге алғаш рет инвестор тартқан. Орынбор генерал-губернаторы граф В.Петровский Омбы губернаторы Г.Гасфортқа қатарынан екі хат жолдап, қазақтарға байланысты Б.Бөкеншіұлына салмақ салынса, істің оңтайлы шешілетінін атап көрсеткен. Оның 10 баласы, 12 немересі Кенесары хан бастаған Ұлтазаттық қозғалысында қызмет көрсеткен.

Бабыр бидің батырлығы, көріпкелдігі, зағипқа жанар сыйлайтындай ерекше емшілігі болған. «Әйел босана алмай қиналғанда Бабыр би бір Аллаға жалбарынып, қамшысын жоғары қарай сілтеп қалғанда, шаранадағы шақалақ шыр етіп жарық дүние есігін ашады екен» дейді ел ішіндегі аңыз.

Академик Төрекелді Шарманов – осы атақты Бабыр бидің ұрпағы.

Бабыр би Түркістанда, Әзірет Сұлтан кесенесіне жерленген.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button