Руханият

БАБАНЫҢ БІТІМГЕРЛІГІ

Бірде Қаздауысты Қазыбек өзіне қараған елді жаудың тіке шабуылынан тысқары қоныстандыру үшін Сарыарқаның жерін шолып қайтуға шығады. Мұны естіген қалмақ қонтайшысы әйгілі бидің еліне қалың қол жіберіп, малмен қоса, жүзге тарта ер жігітті тұтқынға алған екен. Оның ішінде, Қазыбектің ұлы Қазымбет те бар. Сонда би қалмақ ханына былай депті:

– Жұмыр басты, екі аяқты адамымның өзін қайыр, төрт аяқты айдынды бозымның көзін қайыр. Ерім үшін құн алмай өлісемін, бозымның көзі жоқ болса екі есе құн аламын, – дегенде, қонтайшы:

– Қазыбек би, ерің үшін құн алмай өлісемін дегеніңді жөн делік. Ал, бозыңның төлеуін екі есе қып аламын дегеніңе жол болсын! – депті. Сонда Қазыбек:

– Бозымның төлеуі екі есе болатын себебі: белеңнен шыға келген қалың топтың ішінде оның жарық еткен айбыны Қоңтажыдай ханды да сескендіреді. Төлеуі толық болса – ендігәрі есте жүреді, – дейді. Сонымен, Қазыбек бұл жолы да шапқыншылыққа түскен балалармен қоса, малдың көзі барының көзін, көзі жоғының толық төлеуін алып қайтады.

Осы бітімнен қайтып келе сала Қазыбек елін Сарыарқаға көшіріп, бұл жерді ата мекендік қоныс еткен. Бірақ, әлі де ол қоңысқа көшіп болмаған елдің соңғы бөлігін қалмақ ханы тағы шаптырып алыпты. Артынша Қазыбекке шабылған елден хабаршы келеді. Сонымен Қазыбек тағы да қалмаққа тартады. Би бұл жолы Қоңтажының алдына серт қойып, мұндай шапқыншылық ендігәрі қайталамайтындай етуге немесе бір жола бітіспеске кетуге беттеп аттанады. Қоңтажының ордасына таяп келгенде, өткелде тұрған бір жастау қыз Қазыбектің қайда бара жатқанын сұрапты. Қазыбек қызға Қоңтажы ханға елшілікпен бара жатқанын айтыпты. Қыз оған:

– Елші болсаң, қазақтың Қазыбегі боларсың, есебің бітсе мені де еске аларсың, – депті. Қазыбек Қоңтажының ордасына түсіп:

– О хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуден танбадым, – дейді. Қоңтажы бұған:

– Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді естіп: «Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді» деп ойладым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Бірақ, сен келіп «ерімнің өзі қайтпай тұрып, бітім етпеймін» дедің. Не, бізге тіліңді кесіп тастап кетпедің. Содан кейін менен іргеңді аулақ салып әрі көштің. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы сенімен достасуға құмармын. «Даудың артын қыз бітейді, судың артын шым бітейді, судың артын шындық бітейді» деуші еді.

– Саған беретін қызым жоқ, қыз берсең алайын, – дейді Қаздауысты Қазыбек. Сонда хан Қазыбектен «ұлың нешеу еді?» деп сұрайды. Қазыбек «бір жарым ұлым бар» деп жауап береді. Қалмақ билеушісі бұған таң қалып:

– Бір жарымы қалай? Сенде  бес ұл бар деп еститін едім, – дейді.

–  Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ, аты Бекболат, соны бүтінге есептедім. Ал, мал мен қатынға ғана ие болатын үшеуін есепке алып жүргенім жоқ, – деп Қоңтажыға қарапты. Қоңтажы өз қызын беріп, оны Бекболатқа қосуды өтініпті.

Әзірлеген

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button