Бағзының көзі – балбалдар
Балқаш тарихи-өлкетану музейінде ежелгі көктүркілердің діни ғұрыптық жораларында пайдаланылған балбал тастар сақтаулы тұр. Талай тарихтың куәсі, бабалардың көзіндей болған жәдігерлер Ақтоғай жерінен, Қусақ даласынан табылған.
Көшпенді өмірден сыр шертетін мүсіндер сол кезеңнің түсінігі мен дәстүрлерін бүгінге дейін жеткізген өнер туындылары екені анық аңғарылады. Еркек, әйел сұлбалы балбалтастар әсем, айшықты қашалған десек, асыра айтқандық емес. Балбалдар музейге 1976 жылы тапсырылған.
– Бұл балбалдарды арнайы экспедиция ұйымдастыру арқылы 1976 жылы Қусақ даласынан таптық. Балбалдардың басы жалпақтау, қасы қалың, мұрны жалпия біткен, орташа көлемдегі көзі түркілік сипатқа ие. Ұлы Түркілердің озық мәдениетінен хабар беретін тастар ертеде ғұрыптық, діни-нанымдық қызметтерді атқарған. Бұл туралы Қазақстандағы балбалтас тарихы туралы алғашқы зерттеуді жүргізген академик Әлкей Марғұлан «Ежелгі мәдениет куәгерлері» еңбегінде балбалтастар ежелгі түркілердің діни-ғұрыптық кешені екенін дәлелдеп жазды. Қусақ даласында тұрған тасты көлігімізге артқанымыз бүгінгідей есімде. Экспедиция құрамындағы музейдің аға ғылыми қызметкері Надежда Торопова, жүргізушіміз Леонид Земцов және балам Бекмұрат Бегдаров төртеуіміз жабылып, көлікке әрең тиедік. Сонда түскен суретте сақтаулы тұр, – дейді өлкетанушы Күләш Сардарбек.
Нұрдос КӘРІМ