БАҚ пен тақтың арасы немесе «алтын көпір» баспасөз хатшылары неге сылбыр?
БАҚ – бұқаралық ақпарат құралдары. Тақ – билік. Қазір блогер де, әлеуметтік желідегі белсенділер де «БАҚ өкіліміз» деп адасып жүр. Содан болар, биліктегілер вайнер, блогер, белсенділерге іш тартып тұратыны. Әсілі, бұрыннан газет, журнал, телеарнадағылар нағыз БАҚ өкілдері еді. Тек кейінгі уақытта биліктегілердің беті бері бұрылғандай. Газетке мақала дайындау барысында әкімдіктегі басқармалардың баспасөз хатшыларына хабарлассақ, нақты мәліметті асықпай, сағызша созып жүріп беретін. Кейде ол да жоқ. Мемлекеттік тілдегі сұрағына ресми тілде жауап беретіні тағы бар. Дегенмен, бәрі емес…
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған. Өйткені, газет халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ел жаңалықты қайдан біледі? Әрине, газет пен теледидардан. Алайда, нақтыны фактілеп айтатын газет пен телеарналардың «Арқалағаны – алтын, жегені – жаңтақ» (Шерхан Мұртаза) журналистерінен гөрі өтірікті судай сапырған әлеуметтік желідегі айқайшылардың сөзі өтімді болған заманда аяққа тұсау болған баспасөз хатшылары мен арнайы бөлімдердің уақытылы ақпарат бермеуі де зиянын тигізері анық.
Дегенмен, «ашық үкімет» жұмыс істей бастағалы облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың басшылары журналистермен онлайн-кездесу өткізуі дәтке қуат бергендей. Осыдан кейін мемлекеттік мекемемен БАҚ-тың арасы жақындай түсер деген сенім молайғаны өтірік емес.
Осы кездесулерді ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов: «Қарағанды өңірінің журналистері кәсібилігімен әйгілі. Бүгінде біздің тілшілер республикалық басылымдарда ғана емес, шет елде де жұмыс істейді. Бұл сөзсіз қуантады. Алайда, қазір интернет пен әлеуметтік желілер ерекше әсер ететінін атап өткен жөн. Әрине, газеттер мен телеарналар интернет кеңістігінде өз беттерін ашты. Бірақ, блогерлермен және әлеуметтік желі белсенділерімен журналистерге бәсекелесу өте қиын. Өйткені, журналистер біржақты материалдарды беруге мүмкіндік бермейді. Біз, Қазақстан Республикасының барлық заңдарын, соның ішінде «БАҚ туралы» Заңды міндетті түрде орындаймыз. Сондықтан, біз блогерлерден артта қаламыз, бірақ біз бұдан ұтылмаймыз. Жалпы, мемлекеттік органдармен өзара байланыс орнатылған. Бірақ, журналистер ақпаратқа уақытында қол жеткізе алады деп айта алмаймыз. Кейбір кезде мәлімдеме алу үшін жиі ақпараттық майдан жүргізуге тура келеді», – дейді.
Өкінішке қарай, шенеуніктер аймақтық журналистерге қырын қарайтын фактілер де бар. Мысалы, жергілікті редакция мемлекеттік органға сұрақ қояды, бірақ мекеме жауаптан бас тартып, жұмысты қиындатады. Ал, республикалық БАҚ-тан дәл сондай сұрақ туындаса, жағдай басқаша.
«Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Және оны толығымен тоқтату керек. Бұл жерде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің журналистер алдында ашықтығы қарамағындағыларға үлгі екендігін атап өткен жөн. Өңір басшысының тапсырмасымен мемлекеттік орган басшылары журналистермен бірқатар кездесулер ұйымдастырды. Басшылар есеп берді және өз аттарына айтылған сынескертпелерді тыңдауға мәжбүр болды. Мұндай диалог алаңы сөзсіз пайдалы. Кейбір басшылар бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін түсінеді, ашық болуға тырысады, бірақ олардың қоғаммен байланыс жөніндегі мамандары ақпарат беруді ұмытып кетеді. Баспасөз хатшысы қарапайым қызметкер емес, басшының оң қолы. Және ол белгілі бір карт-бланшқа ие болуы керек. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін спикер табу – басты мәселенің бірі. Өткен жылдармен салыстырғанда, әрине, оң өзгерістер бар. Дегенмен, билік осы бағытта талдау жүргізіп, жұмысты күшейтуі керек. Кейде мемлекеттік қызметкерлер маған, Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы ретінде жүгініп, «Әріптестеріңіз бізге неге риза емес?» деп сұрап жатады. Мен оларға жұмыстарыңды ашық жүргізсеңдер, қазақша сөйлеп, нақты ақпаратты уақытында беріп отырсаңыздар, бұлай болмас еді деймін», – дейді Жәнібек Садықанов.
Иә, «Көш жүре түзеледі». Бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік мекемелердің мойын бұра бастауы – игі істің бірі болмақ. Біз үшін, халық үшін…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.