Бас тақырып

БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ, МАҒАШ АҒА!

Қазақ журналистикасының алыбы, болмысы ірі, жүрегі кең азамат Мағауия Сланбекұлы СЕМБАЙ өмірден өтті.

1976 жылы 1 қазанда ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, «Орталық Қазақстан» газетіне небары 21 жасында келген қаламы қуатты журналист 1997-2019 жылдар аралығында облыстың бас газеті “Орталық Қазақстанның” Бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. Рамазан Сағымбеков, Тілеуxан Жүсіпов, Нұрмаxан Оразбеков, Рымқұл Сүлейменов, Шерxан Мұртаза секілді тау тұлғаларды өзіне ұстаз тұтты. Бүкіл саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған ағамызбен классикалық журналистиканың бір дәуірі қоса кетіп барады. Бақұл болыңыз, Мағаш аға!

Өзі ұзақ жылдар басқару тізгінін ұстаған облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтады.Мағауия Сланбекұлы СЕМБАЙ – 1955 жылы 29 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Ақтайлақ селолық советіне қарасты Совет колхозында (Аққора) түйеші, шопан отбасында туған.

1961 жылы Аққора ауылындағы №18 сегізжылдық мектептің 1 класына барған. 1969 жылы аталған мектепті бітіріп, оқуын Қарқаралы қаласындағы №5 мектеп-интернатта жалғастырған.

1971 жылы осы оқу ошағын тәмамдаған. Сол жылы Алматы қаласындағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен.

ҚазМУ-ды 1976 жылы бітіріп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа қабылданған. Газет редакциясында қатардағы тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аппаратында 1991 жылы аға тілші, 1997 жылы Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерінде болған.

1996 жылы – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасында аға оқытушы .

1997 жылдың 5 қарашасынан зейнет демалысына шыққанға дейін «Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы» ЖШС Директоры-Бас редакторы қызметін атқарды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

М.Сембаев облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне белсене араласты. Ол Қарағанды облыстық мәслихатының ІІІ және IV шақырылымдарында қатарынан екі рет №25 Қарқаралы сайлау округінен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

«Жауынгер қыздар» – «Боевые подруги», «Қолыма қалам алдым, айтамын деп», «Алаштың алдаспаны», «Ой тамызықтар», «Құбылыс» жинақтарының авторы.

Оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды салаларына байланысты көптеген очерктері мен әңгімелері әртүрлі жинақтарға енгізілді.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1981 ж.), Г.Толмачев атындағы республикалық байқаудың «2009 жылғы таңдаулы БАҚ редакторы» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2009), ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен Қазақстан Республикасының мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған.

М.Сембай 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын, 2015 жылы Қарағанды журналистикасын дамытуға сіңірген еңбегі үшін облыс әкімінің арнайы сыйлығын иеленді

«Астанаға 10 жыл» медалі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Журналистер одағына 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Қонақасы 5 қараша, сейсенбі күні сағат 19.00-де Қарағанды қаласындағы «Түркістан» мейрамханасында беріледі.

Жаназа намазы 6 қараша, сәрсенбі күні сағат 10.00-де «Әл-Машани» мешітінде шығарылады. Жерлеу рәсімінен кейінгі қонақасы «Түркістан» мейрамханасында сағат 13.00-де беріледі.

Басқа материалдар

Back to top button