Бас тақырыпОблыс әкімі

«7-20-25»: биыл 700 отбасы баспаналы болады

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қарағанды облыстық құрылысшылар Ассоциациясының төрағасы Төлеген ӘШІМОВ өңірде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы баяндады.

Биыл мыңнан астам қарағандылық көптен күткен пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлайды. Олар – түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы кезекке тұрған азаматтар. Мәселен, биыл несиелік баспана бағдарламасы бойынша Қарағанды қаласында 10 үй, Жезқазған қаласында 18 пәтерлі 1 үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, облыс аумағында жалға беру шартымен тапсырылатын 12 үйдің құрылысы басталмақ.

Ал, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы Қарағанды облысында барлық қаржы көздері есебінен 4 мың пәтер беріледі.

Жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысына 10 млрд. 480 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Сондай-ақ, Төлеген Әшімов Президент тапсырмасымен қабылданған «7-20-25» бағдарламасының аясында Қарағандыда облыстық бюджеттен тұрғын үй сертификаттары үшін 1 млрд.теңге бөлінетінін атап өтті. Оларды өңірдегі сұранысқа ие маман иелері иеленеді деп жоспарлануда. Олар – дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлер. Осылайша, шамамен алғанда 700 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Ал, жеке тұрғын үй салу мәселесіне келер болсақ, бүгінде инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысына (13 жоба) республикалық және облыстық бюджеттен 2 798,8 млн.теңге бөлінген. Бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта елімізде және облыс аумағында қарапайым халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

Басқа материалдар

Back to top button