Бас тақырыпРесми

Бағдарлама байыпты нәтижемен құнды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылды? Алға қойған мақсат-міндеттер қаншалықты деңгейде орындалды? Осы және өзге де мәселелер баспасөз мәслихатында кеңінен талқыланды. Оған облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Бекзат АЛТЫНБЕКОВ пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН арнайы қатысып, осы сауалдар төңірегінде байыпты әңгіме өрбітті. Науқаншылдықтан арылуға және жобаның бұқаралық маңызына ден қоюға шақырды. Сондай-ақ, баспасөз өкілдері облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнәр ҚҰРБАНБАЕВАНЫҢ мәліметтеріне де құлақ түрді.

Сурет өңірлік коммуникациялар қызметінен алынды

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын сөз алып, бағдарламаның мән-маңызына тоқталды.

 – Бұл бағдарлама ұлттық болмысымызды сақтауға, жаһандану заманында ұлттық кескін-келбетіміз бен болмыс-бітімімізден ажырап қалмауға серпін беретіндей жоба. Биыл сәуір айында атаулы бағдарламаның жүзеге асырыла бастағанына – 3 жыл. Осы уақытта облыс аумағында бірқатар кешенді жұмыстар атқарылды. Жалпы ел бойынша жүзеге асқан шаралар аз емес. Ал, алдымызда тұрған мақсат-міндеттер одан да ауқымды,– деді Ерлан Бейсембайұлы.

 Бағдарлама негізінде алдағы атқарылатын жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын, туған өлкемізді көркейтетін, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жас ұрпақ қалыптастыратын тың жобалар болатынын жеткізді. Облыс әкімінің кеңесшісі Бекзат Алтынбеков алдағы жылға бекітілген жоспарлар ретімен бөлісті.

 – Биыл өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылады. Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Абайдың інілері – қазақтың ірілері» атты поэзия күнін өткізу жоспарда. Сондай-ақ, Қарағанды облысының «100 жаңа есімі» анықталып, әр аудан мен қала бойынша көрнекті тұлғалардың тізімі түзіледі. Әр өңірдегі қасиетті орындар анықталып, жолсілтемелер жасалады. Оларды арнайы электронды сайтты қолданысқа енгізіп, соған жүктемекпіз. «Туған жерге туың тік» атты жерлестер форумын өткізу де жоспарда, – дейді Бекзат Қомарұлы.

Облыс әкімі кеңесшісінің сөзін Ерлан Бейсембайұлы да қуаттады: «Иә, бұл жобалардың барлығын зерттеп, зерделеп барып, ұсынып отырмыз. Расымен, ауылдан ажырап қалған небір белді, белгілі азаматтарымыз бар. Мысалы, ғалымдар, профессорлар, әр саланың биігінде жүрген азаматтар өздерінің туған жерлеріне барып, кездесу өткізіп, дәріс жүргізсе, ауыл жастары үшін де үлкен олжа болатын еді» деді ол.

Баспасөз мәслихатында Алтын Орданың 750 жылдығына орай, Ұлытау төріндегі Жошы хан кесенесінің жанынан үлкен кешен ашылатыны айтылды. Құрылыс жұмыстарын наурызда бастап, тамызда аяқтау – жоспарда. Сол кешен құрамында Жошы хан ескерткіші де бой көтереді деген жағымды жаңалық жария етілді.

Бекзат Қомарұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әр шаңырақтан бастау алатынын, мұнда басты назарды отбасы құндылылығына бөлуі қажеттігін атап өтті. «Әлеуметтік желіден ғалым Кенжебай Ахметов ағамыздың парақшасынан «Әке-шеше қазақша сөйлемей, Қазақстан қазақша сөйлемейді» деп жазғанын көзім шалды. Осы сөздің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұр. Ата-ана баласына ұлттық тәрбие бере алса ғана, тіл қадірі артады. Міне, нағыз «Рухани жаңғыру» осы екенін ұғынуымыз қажет» деп, кесек ойын кестелеп жеткізді.

Ерлан Құсайынның айтуынша, қазіргі уақытта жастардың көпшілігі әлеуметтік желіде болғандықтан, ұлттық болмыс қалыптастыратын, жастардың рухани түйсігін оятатын қысқаметражды роликтерді түсіру жоспарланып отыр екен.

Брифинг соңында баспасөз өкілдері шара спикерлеріне сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button