Ұлытау

Баһадүр буын рухына – Ұлытаудың ұлық құрметі

    Ұлт бесігі – Ұлытауда Ұлы Жеңіс күні өткізілген іс-шаралар легі «Таңбалы тас» саябағындағы «Ер есімі – ел есінде» мемориалдық кешені іргесінде ұйымдастырылған соғыс құрбандарын еске алу жиынынан бастау алды. Мәңгілік алау жанына жиылған қауым боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, жауынгер буын рухына дұға бағыштады.

Туған жер топырағының қаскөй дұшпанның табанында тапталмауы үшін қасық қанын аямаған майдангерлер рухына тағзым етуші жұртшылық мемориалдық монумент пен қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, ұлытаулық баһадүр Серікбай Асатовтың ескерткішін гүл шоқтарына бөледі. Құрметті қарауыл тобының әскери қарудан әуеге үш дүркін оқ атуын қалың ел ерлік даңқының дәуірлерге жалғасарының дәлеліндей қабылдады.

Өз лебізінде аудан әкімі Әнуар Омар сұрапыл соғыста қан кешкен майдангерлердің есімдері мен көзсіз ерліктері ел жадында мәңгілік жатталып қаларын тілге тиек етті. Кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге боларлық әрекеттерге барған аталар мен әкелердің даңқты жолын үздіксіз дәріптеу – қастерлі парыз екендігін айрықша атап өтті. Ой-тұжырымдарын өзіне тән шешен тілмен ортаға оралымды түрде салған аудан басшысының сүбелі сөзін тыл ардагері, ауданның Құрметті азаматы, Ұлытау селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шабаз Смайылов ұтымды жалғастырды.

Мемориалдық кешендегі рәсімнен кейін тыл ардагерлері арнайы әзірленген жеңіл көліктерге жайғасып, орталық алаңға бағыт алды. Аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бастаған бұқара салтанатты сап құрып, мерекелік реңде безендірілген көліктердің соңына ілесті.

Іле-шала аудандағы мекеме-кәсіпорындардың күшімен дайындалған әскерилендірілген үлгідегі шеру басталған еді. Жағалай жұрттың көз алдынан жүк көліктеріне орнатылған шабуылдаушы ұшақтың, қаһарлы «Катюшаның» және қанқұйлы соғыс кезеңіндегі басқа да қару қондырғыларының макеттері, қару асынған сұсты жауынгерлердің легі бірінен соң бірі өтіп жатты.

Аса әсерлі көріністен кейін ашық аспан астында орналасқан келісті сахна төрінде театрландырылған көрініске кезек берілді. Жан алысып, жан беріскен шайқас даласы, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранын ұстанған тылдағы қым-қуыт тірлік – бәрі-бәрі барша көрерменнің, әсіресе, аға буынның жанарларына еріксіз жас үйірілткен. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының таспаға жазылған өз үні – жанды дауысы тыңдарман бойына ерекше рух дарытқанын айрықша атап өту ләзім.

Тақырыптық мазмұндағы әндер орындалған концерттік бағдарламадан соң тыл ардагерлері арнайы орналастырылған далалық асхана – әскери палаткада солдат ботқасынан дәм ауыз тиді. Ескіден жеткен есті әуендерді шырқап, өздерінің іздерін басқан буынға ізгі тілектерін жаудырды.

Мерекелік бағдарлама аясындағы жарыстар да жанкүйерлердің зор қызығушылығын тудырды. Әсіресе, әдеттегі сайыстардан өзгешелеу «Қымыз ішу» мен «Құнан қойды көтеру» бәсекесі елді ерекше тәнті етті. Алғашқы сындағы «мешкейлер» арасында бір минуттың ішінде 7 тостаған қымызды іркілмей сімірген Жасұлан Елеусізов жеңімпаз атанса, келесі сайыста салмағы 48 келі қойды иығына салып, үш минутта 60 мәрте отырып-тұрған Ернат Төлеш топ жарды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне лайықты марапаттар тапсырылды.

Ардақты тұлғалар – тыл майданы еңбеккерлеріне киіз үйлер ауылында ақ дастархан жайылды.

Сол күні Әнуар Серікбайұлы бастаған ауданның басшылық құрамы соғыс солдаттарының соңғы тұяғы, Жезді кентінің тұрғыны Нығмет Махановтың шаңырағына арнайы атбасын бұрып, сый-сияпат жасады.

Түйіп айтқанда, ұлытаулықтардың баһадүр буын рухы мен тыл ардагерлеріне көрсеткен қапысыз құрметі «ұрпақтар сабақтастығы» делінетін ұғымның өміршең екендігін айғақтап берді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Суретті түсірген Ж.АЯШОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button