Руханият

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…»

Соңғы кезде қазақы фильмдер көптеп түсіріліп, кино өндірісі қарқынды дамуда. Бір кездері «аз» дедік. Енді, көбейген соң сапа іздеуіміз заңды. Оның үстіне, қазір, екінің бірі – кинорежиссер. Телехикая, веб-сериалдар елге таптырмас алданыш болып тұр. Солардың кейбіріндегі былапыт сөздер алғашында құлаққа түрпідей тиетін. Ақырындап, етіміз үйреніп барады. «Өмірдегі шындық» десек те, бұл – үлкен трагедия. Өйткені, бала-шаға түгел интернетте отыр. Олар боқтаумен қоймай, не қазақша емес, не орысша емес түсініксіз тілдерімен баба тілімізді де шұбарлап бітті. Амалсыздан қолға қалам алдық…

Шындығында, қазір теледидар қарайтын адам аз. Әр үйде интернет бар. Ютубқа кіріп қалсаң, қаптаған қазақ тілді фильмдер. Оның сапасы тәуірі бар, мүлдем сапасы сын көтермейтіні де баршылық. Жайдарманшы, КВН-ші, сықақшының бәрі актер, бәрі режиссер қазір. Жарысып сериал түсіріп жатыр. Оны телеарнаға беріп әуре болмайды. Ютубқа жүктей салады. Сол арқылы табысты күреп тауып отыр. Оған «веб-сериал» деп ат қойып, айдар таққан. Жастардың жұмыс істеп, интернеттен табыс тапқаны жақсы, әрине. Бірақ, табыс табам деп, ұлттың тілін, мәдениетін келеке қылуға болмайды ғой. Жуырда «Донор» фильміне барғанда бас кейіпкердің шешеден боқтағанына мәз болған жастарды көрдік.

– Бұл үрдіске қарсымын. Өтімді қылудың жолы ғой. Жаман нәрсе тез қабылданады. Сол фильмдердегі анайы сөздерді жастар жаттап алып, ұран қылып айтып жүр.

Бұл – ұрпақ тәрбиесіне өте қауіпті. Боғауыз сөзі бар фильмге тыйым салу қажет. Мен де бірнеше фильм түсірдім. Бірде-бір анайы сөз қосқан емеспін. Балаларымызбен боқтап сөйлесіп отырсақ, не боламыз? Жаман сөз көп айтылған жерге жамандық үйір болады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме? Осылай жалғаса берсе, соңы жақсылыққа апармайды, – дейді тәжірибелі режиссер Қаршыға Иген.

Жастар жағы қалдырмай көретін «Сержан братан», «Зомбеты», «Шекер», «Қарапайым Қайрат», «5:32», «Жездуха», «Азартник», «Сәке» сынды телехикаялардың денінде былапыт сөз қаптап жүр. Тіпті, еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілген «Пацанские истории» фильмін көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Бұлардікі құдды фильм емес, боқтау сайысы сияқты. Ар, намыс, ұят дегенді ысырып қойып, бәріміз отбасымызбен осылай табыс қуып кетсек, болашағымыз не болмақ?

Бұл туындылар үлкендер мен балаларға арналмаған десек те, интернет бәріне ортақ қой. Кейде ақсақалдармен отырғанда қосып қаласың. Боқтай жөнелгенде кірерге тесік таппайсың. Талғамның соншалықты төмендеп кеткеніне қынжыласың да қоясың. Бірақ, осы сияқты сериалдар миллиондаған қаралым жинауда. Ел де осылардың келесі бөлімін асыға күтіп отырады. Дені комедия жанрында. Бұлардың бір ерекшелігі жұмыстан шаршап келгенде шаршағаның шығады. Бітті. Басқа рухани азық алып жарытпайсыз. Көтерген мәселесі де ұсақ-түйек әлеуметтік дүниелер. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, «тізесі шыққан» тақырыптар.

– Теледидар қосқанда мүмкіндігінше, ютубқа кірмеуге тырысамын. Өткенде бала-шағаның көзінше бір сериалды қосып қалып, анайы сөздерінен төбе шашым тік тұрды. Біз «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» сынды классикалық туындылармен өскен ұрпақпыз. Солардан үлгі алдық. Жақсылық пен жамандықты айыруды үйрендік. Соларға еліктедік. Мұндай фильмдер қазір де бар. «Қазақ хандығы», «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол» сынды фильмдерді көзіміздің жасын сүртіп отырып, рухымыз тасып отырып, рахаттанып көреміз. Ал, егер қазіргі жас ұрпақ мәдениеттен жұрдай, боғауызға толы, бірбірімен сүйісіп жататын тәртіпсіз киноларды көріп, соларға еліктесе, ертеңіміз бұлыңғыр ғой, қарағым. Бұған шектеу қойып немесе басқа бір жолын қарастыру керек. Ең болмаса, үйдегі тәрбиені дұрыстайық. Боқтамайтын ұрпақ өсіріп жеткізсек, фильмдер де былапыттан арылмай ма? Сондықтан, жастайынан әдептілікке баулиық балаларымызды. Әйтпесе, мына заманның ағымы өте қауіпті, – дейді алтын құрсақты ана Тамара Абдуллаева.

Негізі, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге шектеу жоқ. Алайда, бұл немкеттілік отбасы құндылықтарына, тұтас ұлт тағдырына кері әсер етіп отырғанын түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен.

– Біз жастар жасанды сценарий мен театр актерлерінің ауыр сөздерінен жалықтық. Ондай дүниелер қазір қызықсыз. Драма көргіміз келсе, театрға бару қиын емес. Театрдың аурасын киноға тықпалау артық. Бізге еркін, түсінікті фильмдер керек. Жастардың пікірімен де санасу қажет деп ойлаймыз. Боқтамайтын адам жоқ. Бәрі боқтайды. Оның несін жасырамыз. Керісінше, фильмдердегі анайы сөздердің сырт көзге жаман көрінетінін, құлаққа түрпідей тиетінін біліп, боқтауды азайтып жатырмыз. Жаттап алып, айтып жүргендердің тәрбиесі дұрыс емес шығар. Тәрбиесі мықты адам ондайға еліктемейді. Сондықтан, оны ауқымды проблемаға айналдырудың қажеті жоқ, – деп ойын айтты жас көрермен Ескелді Ниязбеков.

«Кинематография туралы» Заңның 8-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасының аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22.00-ден кейін таңғы сағат 06.00-ге дейін прокаттауға жол беріледі» деп жазылған. Осы бағыттағы туындылардың кинотеатрларда кешкі сағат 18.00- ден бастап көрсетіліп жүргені елге аян. Бұғанасы бекімеген, оң-солын танымаған жасөспірімдер мен жастар осыларды жаппай тамашалауда. Жаңа Қазақстанда жаңарамыз деп жанталасып жатқанда заңды белден басып, осындай сорақылыққа жол беріп отырмыз. Жаман тұстарын жаттап алып, жастарымыз күнделікті бір-біріне айтып мәз.

Ал, енді қазақша түсірілген «Отыңды өшірме», «Жайна», «Өз үйім» сынды телехикаяларды көрген сайын көргің келеді. Бәрі жарасымды. Диалогтары таза, тәлімге толы. Мысалы, «Жайна» телехикаясы 27 жастағы тұрмысқа шықпаған қыздың өмірі хақында. Соңғы оныншы сериясы теңін таба алмаған күйі аяқталады. Яғни, бұл әлі шешімін таппаған сұрақ. Демек, жігіттер ұсақталып бара жатыр деген сөз. Былапыт сөз бен жеңіл-желпіге әуес жігіттер осындай қыздардың отырып қалуына кінәлі ме? деген ойға жетелейді фильм. Ешқандай боғауыз жоқ. Жұп-жұмыр…

Бізге осындай фильмдер керек-ақ. «Асқазанымыз миымыздан ақылды. Өйткені, асқазан керегін ғана қабылдаса, ми бәрін қабылдай береді» депті Шыңғыс Айтматов. Сол себепті, жас буынға қолға түскенді ұсына бермей, талғамын көтеруге тырысайық. Ертеңіміз еңселі болсын десек, бүгін ойланайық. Анайы сөздер мен мәдениетсіздікке толы сериалсымақтардан арылып, тағылымды дүниені көбірек түсірейік. Бұл барлығымыз ойлануға тиісті ортақ сұрақ.

Ал, Сіз ше, қандай фильм көріп жүрсіз?..

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button