Бәсеке биіктерге бастайды

    Бәсекенің биіктерге бастайтынын бағамдаған «КәсіпҚазақмыс» кәсіподақ комитеті мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жастар одағы жыл сайын кәсіби шеберлік байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жақында Шығыс Жезқазған кенішінде ұйымдастырылған байқауға өз ісін кәсіби тұрғыда меңгергендер санатындағы 100-ге жуық маман қатысты.

Өзінің өзгелерден оқ бойы озық екендігін дәлелдеуге талпынған аталған кенішке қарасты шахталардың жұмысшылары тәжірибелік және теориялық тапсырмаларды толыққанды әрі межелі мерзімінде орындап шықты. Нәтижесінде ең үздік ретінде танылған 10 жұмысшы Шығыс Жезқазған кеніші кәсіподақ ұйымының төрағасы Сержан Жақсыбековтің қолынан тиесілі марапаттарын алды. Басқаларға қарағанда басымдығы айқын аңғарылған тағы да 10 жұмысшыға белгіленген сый-сияпаттарды Жастар одағының төрайымы Айгүл Абаева тапсырды.

Тағылымды іс-шара аясында кеніштің кәсіподақ комитетінің төрағасы биылғы жылы мерейлі жасқа толған алты жұмысшыны ыстық ықыласпен құттықтап, ізет көрсету жолымен жөн-жоралғысын жасады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.