Руханият

Бүркіт болмысы: Аңыз һәм ақиқат

Қыран құс шамамен 70 жыл өмір сүреді. Алайда, осы жасқа дейін ол аса бір қиын кезеңді бастан өткереді. Қыран қырыққа толғанда қара тасты қақ жарар қайқы қара тұмсығының жүзі мұқалып, имейіп қалады екен. Қиядан көрген қызылдың қадамын аштырмай бүріп алар қылыштай қылшылдаған тырнағы қауқарсыз халге түседі. Бұл екеуі – оның басты қаруы һәм негізгі тіршілік құралы. Қос қанаты ауырлап, өзіне жүк бола бастайды. Бұрынғыша жеңіл ұшу жоқ. Аспан тағысы үшін өте ауыр азап.

Фото: “Орталық Қазақстан” газеті

БҮРКІТКЕ ЖАРАТУШЫ ТАҢДАУ БЕРГЕН

Осы бір кезеңде бүркіттің екі таңдауы болады. Бірі – басқа түскенге бағынып ит жемеде аштықтан бұратылып өліп тыну, екіншісі – ағынға қарсы жүзумен қайта түлеп, жаңа өмір бастау. Мұны қазақ «Қыранның қайта түлеуі» дейді. Ол – 150 күнге созылады. Екі жолдың екеуі де оңайға соқпасы анық. Алайда, таңдау – біреу.

Қыран құс алдымен, өзі түлеп ұшқан құз қабағындағы ұясын табады. Сол ұяға қонақтап, майырылған тұмсығын тасқа ұрып сындырады. Тұмсығы қайта шыққанша күтеді. Содан соң икемге келмей, имейіп қалған тырнақтарын сындыра бастайды. Тырнағы шыққанша тағы күтеді. Осы кезеңде мынадай бір сұрақ туындауы мүмкін. «Неге тұмсығы мен тырнағын бір уақта сындырмайды?» деген. Олай етсе, күнде жем-азығын қалай таппақ?! Ол тұмсығын сындырған уағында жемін икемге келмей қалған тырнағымен-ақ ілдәлап табады. Ал, тұмсығы шыққан соң тырнағын сындырып, жемін тұмсықпен табуға тырысады. Бұдан соң қыран ұшуға кедергі кәрі қауырсындарын біртіндеп жұла бастайды. Жаңа қауырсын шыққанша күтеді. Бүркіттің бұл түлеуіне, жоғарыда айтқандай, 5 айға жуық уақыт керек. Осы бір қилы кезеңнен соң қырықтың қырқасына шыққан қыран құс тастүлектей қайта алғырлана түседі. Көзі қарыққанды іліп, тырнағы түскеннен айырылмастай байырғы ептілігін қайта табады. Осылайша, қыран тағы 30 жыл өмір сүруге мүмкіндік алады.

«ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕСІҢ»

Арқадағы байырғы баба салтын жалғаған бүркітші Темірәлі Төлегенұлы қыран сырын бір кісідей білетін азамат. Оның дала тағысымен сырластығына 10 жылдай болды. Сөзіне сүйенсек, бүркіт 4 жасынан бастап ұя сала бастайды. Денесі толық жетілгеннен соң жұптасады. Ал, жұптасқаннан кейін аққулар секілді тіршілікте ақырына дейін бірге болады. Ұялайтын мекені тұрақты әрі 2-3 шақырымдай кең алқапты алады. Ол өзі мекендеген аумаққа басқа ірі құстарды жуытпайды, ұсақ құстарға тимейді. Ұя салу науқаны наурыз немесе көкек айларында басталады. Бүркіт ұясы мұнарасы мұнартқан 1000-3000 метр биіктіктегі тау жартас-кенерінде кезігеді. Бұл да бүркіттің өктемдігі мен өрлігін айғақтайтындай.

Әрбір жұп бүркітте 2-3 бірдей ұясы болады. Бірақ, қыран соның біреуіне ғана жұмыртқалайды. Келесі жылы басқа ұяға кезек ауыстырады. Ұясының көлемі ірі құсқа лайық едәуір үлкен. Ұя қураған бұтақ-шыбықтарынан тұрады да, аздаған таяз шұңқыр жасалады. Ұяның түбіне шөп-шалам мен жылқының құйрық-жалы, жүн-жұрқа төселеді. Ұя шұңқырының тереңдігі – 10-15 см, диаметрі – 30-40 см. Бүркіт ұясын өте таза ұстап, айналасын лас-қоқыстан тазартып, орнын арша, жусан, қурай тәрізді иісі аңқыған өсімдіктермен алмастырып отырады. Сарыауыз шағынан қасқыр, түлкі, киік етін жеп дәніккендіктен өсе келе, сондай аңдарға құмар. Бұл қазақтың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөзінің арқауына айналған. Қыран түрлі жануардың, оның ішінде, ірі сүтқоректілердің етін азық етеді.

Таудағы таутекені де талай іліп жардан жалпасынан түсіргенін әлеуметтік желіден көріп-ақ жүрміз. Ашынса, адамға да шабарын ұмытпайық. Қасқырды қанатының астына өңгергенде адам одан әулие ме екен?!

– Бүркіттің «күй ойнағы» басқа жыртқыш құстардікіндей өтеді. Ерекшелігі – өте сақ құс. Олар қаңтарда шағылысып, ақпанда ұя жөндейді. Ал, наурыздың басында, не көкек айының соңын ала қоңыр дақты көмескілеу, бір не екі жұмыртқа табады. Жұмыртқаның ұзындығы – 70-80 мм, көлденеңі – 56-60 мм. Оны аталығы мен аналығы кезектесіп 40-45 күн басады. Балапанын күніне 1-2 мәрте жемдейді. Алғашқы бір аптада құсығымен қоректендіреді де, одан кейін етжемге ауысады. Осы кезде балапан «аш үрпек» болады. Бүркіт балапанын жердің ыңғайына байланысты 60-75 күн баулиды. Күн санап қауырсыны өсіп қатайып, «қылышы» айқасқан соң ұшуға талпынады. Балапанын алғаш ұшарда бүркіт қанатымен демеп, сүйемелдеп үйретеді. Әлбетте, бірінші рет ұядан көтерілерде желді күнді таңдайды. Жасықтау балапанын енесі өзі жардан қағады. Бірақ, қанатымен сүйемелдеп құлатпауға барын салады, – деп адамға тән балажандықты меңзегендей бүркітші Темірәлі Төлегенұлы.

Оның айтып отырғаны құс төресінің тектілігі. Аталықтың бала-бүркіттің бойындағы жігер мен қайтпас қайсарлықты оятуы. Тірнектен өткен қыран кейін қанаты қатып, еншісі бөлінген ер баладай өз алдына жеке шығады.

«ҚЫРАН ЖАСЫ ҚАНА ДЕ»

– Бүркіттің жасы турасында түрлі дерек бар. Әр жердің құсбегісі алуан атаумен атайды. Көнекөз қариялардың айтуынша, 33 рет түлеген құсты көзімен көргендер болған. Бірақ, қазақ құсбегілері құс жасын ең ұзағанда 12 жасқа дейін санайды.

Құсбегілер көп айтар құс жасын Балапан, Қан түбіт, Тірнек, Тастүлек, Мұзбалақ, Көк түбіт, Қана, Жана, Май түбіт, Барқын, Баршын, Шөгел деп 12 атауға бөледі, – дейді бүркітші Темірәлі Төлегенұлы.

Ал, астаналық құсбегі Серікбек Күнтуған қыран атауында небір ел естімеген атаулар барын алға тартады Бүркіт жасы мен ерекшелігіне қарай аталатын көрінеді. – Әуелі балапан, тірнек, тастүлек, ана, қана, жана, құм түлек, қутүлек және сұмтүлек болып бөлінеді. Тоғыз жастан әрі асқан бүркіттің «мола» деп мүшел жасын он буынға бөледі. Қарап отырсаңыз, қазақтың осы атауларының өзі-ақ бүркітке анықтауыш болып тұр, – дейді Серікбек Күнтуған.

Расында, тірнектен соң тастүлек болғанда қыранға еш қауіп жоқ. Мұзбалақ, ана, қана, жана жасында қынынан суырған наркескендей қылшылдай түседі. Сондықтан болар, аталардың «Қыран жасы қана де, қанасында салғанда ала алмаса, амал не?!» деуі. Бұл да адамзатқа берілген астарлы мысал, ақылдыға өсиеттей. Пенде де кейбірі орта жасқа келсе де, жас баланың әрекетін қылуға әуес. Ал, жасы бас болуға асығады. Бұл тағдыр қыранның да басында бар. Тек қыранның қырағысы ғана осы кезеңде сыналады һәм шыңдалуға талпынады…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button