Мәселе

Бұралқы «шеру құрған» жыл

Адам мен бұралқы ит арасындағы «соғыс» басталғалы бір жыл. Шыны керек, бұл соғыс өзінен-өзі «от алған» жоқ. 2022 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң «ұрысты» «тұтатты». Бұралқыны адамнан қорғау бар ол заңда. Содан бері адамға иттен қауіп көбейіп тұр. Қоғам пікірі қаққа бөлінді. Бір жартысы – бұралқының жоғын жоқтаушылар. Бір жартысы – иттерден ғаріп күй кешкендер. Бұл жәйт– қазір қызу талқыда. Өйткені, иттің шабуылы күннен-күнге күшейіп барады. Былтыр Қарағандыда 700 адамды ит қапқан. Шынтуайтында, дәл бүгін қала көшелерін кезіп жүрген бұралқы да «таңсық» емес. 20-30 иттің «көш керуені» – көз үйренген көрініс. Ал, кей қоғам белсенділері бұралқылардың «туын» көтергендердің көксегені ақша дейді. Мұнда қып-қызыл бизнестің иісі «бұрқырайтынын» ашық айтады…

 

Залалсыздандыру шешім бе?

Қоғамды ізгілендіру, жануарларға қайырым жасау мақсатында қабылданған заңға ешкімнің қарсылығы жоқ, әрине. Бірақ, жағдай ушықты. Оны да мойындап қойған жөн. Былтыр кезбе иттерді аулап, ұстап, залалсыздандыруға бюджеттен ветеринария басқармасына 25 млн.теңге бөлініпті. Алайда, ол игерілмей кері қайтқан. Биылғы қаражат одан да қомақты –146 млн.700 мың теңге.

Қоғамдық кеңес мүшесі Меруеш Башай мұнша қаражат бөлінсе де, жұмыс нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтады. Осы орайда биыл 146 млн.теңге алатындарға жауапкершілік жүктелуі керек дейді.

– Жануарларды ұстап, залалсыздандыруға бөлінген қаржыға өзгерістер керек. Мынау масқара емес пе 146 млн.теңге! Иттер сөйлей алмайды. Ол қанша теңгенің тамағын ішіп, қандай дәрі салғанын айтар тілі жоқ. Шындап келгенде, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі жақсы деуге келмейді. Былтыр Қарағанды облысында иттен 700 адам зардап шекті. Егер 146 млн. теңге алса, оларға жауапкершілік жүктелуі тиіс. Қоғамдық кеңестен заң шығарушы органдарға ұсыныс ретінде хат жолдау керек. Не мына заңға өзгерістер енгізу қажет. Көшеде қаптаған ит. Халық бізге айтады. Біз не істей аламыз? Заң талабына байланысты сұраныс қана жасаймыз, – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Меруеш Башай.

Жалпы, елімізде 2022 жылдың 1 наурызына дейін бұралқы иттерді жоюға рұқсат болған. Кейінгі бір жылда оған тыйым салынды.

– Жаңа Заң бойынша енді қаңғыбас иттерді ұстап алып, уақытша панажайға әкеп вакциналап, залалсыздандырып (медициналық піштіру), аяқтан тұрғанша күтіп-бағып, қайтадан көшеге қоя беру керек.

Бұл қызметті тендер арқылы тек жеке кәсіпкер ғана жүргізе алады. Мемлекет ақшаны кәсіпкерлерге аударуы тиіс. Оларды залалсыздандыруға былтыр қарағандылық кәсіпкерлер құлық танытпады. Есептей беріңіз, былтырғы наурыздан бастап қадағаланбай кеткен қаңғыбас ит саны қанша? Қорғансыз жануарларды жою – жауыздық. Бірақ иесіз жануарды «піштіріп», 15 күннен кейін суық, аш, далаға қоя беру де шешім емес. Қаңғыбас иттерді қырмаймыз деп, тұқымын тұздай құрту да ізгілік пе? – дейді қоғам белсендісі Ләззат Қожахметова.

 

Қаңғыған ит бизнесі кімге пайдалы?

Қоғамдық кеңес мүшесі Ниқанбай Омарханов бұралқы ит пен мысықтың қаланың бас ауруына айналғанын айтады. Ауылда мұндай проблема асқынбады. Оның әуелден өзінен-өзі реттеліп тұратын үрдісі бар ауылда. Заң шаһардағы ахуалды асқындырып жіберді.

– Қалада текетірес басталып кетті. Ветеринария комитеті мен Экология министрлігі арасында. Өйткені, заңда кереғарлық көп. Зооқорғаушылар бұралқы ит пен мысықты жоюға тыйым салдырды. Сол заңға сүйеніп алып, шулатып жатыр. Заң шыққанша Қарағанды облысында 6 мың бұралқы ит жойылған. Енді ветеринария басқармасы, бөлімдерінің қолы байлаулы. Тоқтап қалды. Бөлінген ақшаны жұмсай алмайды.

Мұнда мәселе тереңде. Зооқорғаушылар үшін бұралқының көбейгені жақсы. Бұралқы ит адамға шабуыл жасайды, инфекция таратады, балаларды талайды. Соңында шу шығады. Ол шу да басталып кеткенін білесіз. Енді бұлар талап қоя бастады. Бұралқыны сақтап, баптап ұстайтын приют сұрап жатыр. Олардың айтып отырған приюті жүздеген миллион тұратын типтік, ғылыми тілде «жануарларға арналған шипажай» деп аталатын ғимарат. Оның ішінде, асханасы, жатын жері, ветеринарлық дәріханасы, операция залы, ит-мысықты қыдыртатын орны болады. Негізінде, өте қымбат құрылыс. Сол құрылыс­ты салдырып алып, «ит пен мысықты сонда күтеміз, баптаймыз» деп талаптар қойғылары келеді. Оны ашып алған соң жалға алады да, ғимаратты күтіп-ұстауға бюджеттен қаржы сұрайды. Міне, қарап отырсаңыз, бұралқы иттер арқылы тәуір бизнес жасауды көздейді. Оған, әрине, біз қарсымыз. Сол үшін біздің кей адамдарды сотқа да беріп жатыр. Адамға үй тауып бере алмай, бұралқы ит пен мысыққа үй салу қаншалықты ақылға сыйымды? – дейді Ниқанбай Омарханов.

Дегенмен, 2023 жылға Қарағандының басынан иттерді қыдыртатын, демалдыратын 8 әлде 10 орынға ақша бөлінген. Ниқанбай Иманғалиұлының айтуынша, бұл мәселе Экология министрлігіне де жеткен.

– Министрлік мысық пен ит иелеріне қатаң талап қою туралы бұйрықтарына өзгерістер енгізеді. Оның қандай болатынын көреміз. Бұл жерде ветеринария мен біздің ұсыныс тым шектен шығып кеткен ит пен мысықты жоюға саяды. Одан соң оларды тиісті орындарға тапсыру қажет. Кеңес үкіметі кезіндегідей, терісін іске асыратындай, – дейді Ниқанбай Омарханов.

Бұралқыны ұстайтын панажай Қарағандыда әзір жоқ. Жергілікті билік өкілдері де оны салуға ешкімге уәде берген емес. Қазір Қарағандыда бөлінген 0,3 гектар жерге уақытша күтіп ұстау орны ғана жабдықталады. Онда ауланған иттерге қатысты шаралар жасалады.

– Приют деген – итті аулаған соң оның қанша өмірі бар, соған дейін шығармай, күтіп ұстауға тиіс орын. Біздікі – уақытша күтіп ұстау. Уақытша күтіп ұстауда итке тиісті барлық процедура жүргізіледі. Ол – он бес күн. Одан соң, яғни, он алтыншы күні қайдан ауланды, сол орынға әкелген бригада қайтадан апарып қоя береді. Приют деген бізде салынған да емес, салынбайды да қазіргі уақытта, – дейді ветеринария басқармасының бөлім меңгерушісі Ерлік Тілекұлы.

Ерлік Тілекұлының айтуынша, уақытша ұстау кезінде бір иттің бір басына бөлінетін қаржы 96 мың теңге көлемінде. Оған оны аулау, ұстау, залалсыздандыру, вакциналау кіреді. Маман 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, әр жеке және заңды тұлға өзінің үй жануарларын бірдейлендіріп, дерекқорға тіркетуі тиістігін де еске салады.

 

Түйін
Ашық ресурстардағы деректердің мәлі­меті әлемде 200 миллионнан астам бұралқы барын айтады. Қазақстанда, соның ішінде, Қарағандыда қанша екенін қарапайым қараша түгілі құзырлы орынның өзі де білмейді. Дегенмен, көше кезген көп бұралқы иттің «итше күшіктейтінін» айғақтайды. Демек, көп. Одан қалай, қайтіп құтылар әдіс те әзірге беймәлім…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button