Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Бұқарша жырлап, бұқараға ой тастап…

Достық үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дәстүрлі Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ шығармашылығына арналған облыстық XIV «Бұқарекең жырлайды» ақын-жыршылар байқауы өтті. Биыл шараның өтуіне мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі һәм Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйытқы болған. 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ауқымды доданың биылғы қонағы Маңғыстаудан келген белгілі жыршы-жырау Елдос ЕМІЛ болды.

Тағылымды шараның мақсаты – тарихи құндылықтарды насихаттау және поэтикалық дәстүрлерді жаңғырту, ұрпақты ұлттық дәстүрлер рухында тәрбиелеу, халықтың рухани, мәдени мұрасын болашаққа жеткізу. Сондай-ақ, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, құндылықтарын насихаттауға бағытта лған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы негізінде этностарды, ҚХА құрылымдарын, өнерпаздарды, жастарды, оқушыларды топтастыру. Іс-шараның басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбековалар сөз алып, сайыстың маңызына тоқталды. Қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Биыл «Бұқар жырау оқулары» номинациясы бойынша 100-ден астам өтініш түсті. Арасында Бұқар жыраудың 60-80 толғауына дейін білетін қатысушылар бар. Биыл «жастар танысып, жырын тыңдасын» деп Елдос Емілдей сүйегіне сөз сіңген, көмейіне кие қонған атақты жыршы-жырауды шақырдық. Бұл жоба әлі жалғасын табады, – дейді жобаны үйлестіруші өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұл.

Ұлтқа бөлінбей, татулықты ту етіп, өнерлерін ортаға салмаққа аймағымыздың аудан, қалаларынан үміткерлер келді. Қазылар алқасы бағалау кезінде сахна мәдениетіне, сонымен қатар оқу мен орындау мәнеріне және қатысушы жатқа білетін шығармалар санына баса назар аударды. Жыл сайын үміткерлер саны көбейіп келе жатқан байқау биыл төрт номинацияда өтті. Белгілі ақын Қойлыбай Асан, қазақтың дүлдүл әншісі Сержан Мұсайын, Бұқар жырау ауданынан келген мәдениет саласының ардагері Мүгілсім Шибаева, айтыскер ақын Дидар Қами қазылық етіп, жеңімпаздарды анықтады. «Бұқар жырауша» аталымында сайысқа түскен ақындар өз туындыларын жыраулар поэзиясы үлгісінде жазып, қоғамның үлкен мәселелерін өз толғауларында ашуға тырысты.

Бұл сында І орын – Бекарыс Оспановқа (Қарағанды қ.), ІІ орын – Жандос Бақытұлына (Қарағанды қ.), ІІІ орын – Бибінұр Комытоваға (Сәтбаев қаласы), Арнайы жүлде – Нұрлыбек Төкеновке (Бұқар жырау ауданы), Әлихан Нығметоллаға (Ақтоғай ауданы) бұйырды. «Бұқар жырау оқулары» номинациясында жыраудың жыр-толғауларын мәнерлеп оқып сайысты жастар. Мұнда І орынды – Мәдинеш Маралжан (Бұқар жырау ауданы), ІІ орынды – Аружан Берікбаева (Бұқар жырау ауданы), ІІІ орынды – Мейрам Фатих (Шет ауданы), Арнайы жүлдені – Ақерке Қанат, Бағлан Уәли, Аяулым Кұрманшәріп, Нұрислам Мейрамбектер иеленді. Ал, жыршы-жыраулар сайысында – Бұқар бабаның жыр-толғауларын белгілі бір аспапта мақамға салып орындап, Арқа аспанын думанға бөледі үміткерлер. Бұл аталымда І орынға – Ұланғасыр Қами (Қарағанды қ.), ІІ орынға – Нұрәлі Ботпай (Қарағанды қ.), ІІІ орынға – Виктория Аленина (Бұқар жырау ауданы), Арнайы жүлдеге – Ағжан Шыныбек, Есімхан Тілеухан, Сенбек Бригад, Арнат Амантаев және Тілеубек Жанарыс ие болды. «Әлемді түгел білсе де» номинациясында өзге ұлт өкілдері жыраудың жыр-толғауларын қазақша, орысша және өз тілінде жатқа, мәнерлеп оқыды. Бұл сайыста І орын – Милана Менихке (Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектебі), ІІ орын – Кристина Балакшинаға (Нұркен Әбдіров атындағы орта мектебі), ІІІ орын – Агджа Набиеваға (Қарағанды Медицина университеті), Арнайы жүлде – Регина Салякинаға (Абай ауданы) табысталды. Жеңімпаздар Дипломдар, Алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

– Мен осы байқауға қатысып, ақын Қайрат Асқар ағамның батасын алдым. Бұқар жырау бабамның 25 және басқа да жыраулардың 6 жырын жаттап келдім. Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің 4-сыныбында оқимын. Маған «Мұқағали Мақатаев» атындағы арнайы сыйлық бұйырды. Алла қаласа, келесі жылы Бұқар бабадан 50, басқа жыраулардан 20 жыр жаттап келіп, бақ сынаймын, – дейді Бағлан Уәли.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп жыраудың өзі айтып кеткендей, жас өрендер Арқа аспанын асқақ рухқа бөледі, осылай. Ойлы ұрпағы барда Бұқар баба жырлары мәңгілік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button