Бас тақырыпРуханият

Бұқардың тойы – бұқараның тойы

Аспанда Ай мен Күн, төменде жер, арасында адамзат барда, Бұқар жырау ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ есім сойы өшпейді. Өзі айтпақшы, «ғалымның хаты да, жақсының аты да» Алаш ұранды қазақтың Бұқары! Алаш ақылы мен ойының, ерлігі мен елдігінің, ізгілігі мен махаббатының, осыларға суғарылған ұлы рухының алтын арқауындай. Үш жарым ғасыр өтті, Бұқар мұрасы әлі өміршең. Неге? Ақыл, ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісімен. Бұдан былай да маңызы арта береді. Өйткені, жырау өсиеті – адамзат ақыл ойының тұма бастауындай. Әу баста адам болып туған екенсің, адам болып өту – парызың. Ал, адамдық пен ел болудың алғышарты, озық үлгісі де Бұқарда тұр. Осындай өнегелі тұлғаның мерейтойын дүркіретіп өткізбесе, елдігімізге сын болар еді. Алла алқап, аруақ жебегені шығар, баба тойы абыроймен биік деңгейде өтті. Елдіктің ерен тойы деп тарқасты ел.

Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылы мен Бабай ауылының арасына салқар көш құлады бұл күні (18 тамыз 2018 жыл). Туғанына 350 жыл толып жатқан әулиенің өзі айтпақшы, «бас аяғы бай болып, бәсеке дәурен сүрген жұрттың» салтанатты көші. Әуелі Ботақара кентіндегі баба ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Далба тауының бауырындағы Бұқар кесенесіне тағзым етіліп, құран оқылды. Иә, той жырау рухына тағзымнан басталды!

Керней ауылынан иекартпада, Баянауылға барар тасжолдың бойындағы кең қолатқа біткен тоғайдың етегіне тігілген ақ шаңқан боз үйлер көзге алыстан шалынды. Үйлер ер тоқымның екі қапталындай қатар тігіліпті. Ар жақ басы үлкен сахна да, қос қатардың арасы ұзыннан ұзақ алаң. Тиісінше әр жерге алтыбақандар құрылып, күресетін, асық ойнайтын алаңдар ұйымдастырылған. «Қыздың жиған жүгіндей» ретті, жинақы. Сахнаның алдында қатар-қатар орындықтар жетерлік қойылыпты. Көрермендер тізе бүгіп отырысты. Той алаңына кіреберіс те айшықты ажармен бедерлі безендірілген. Маңдайшасы ою-өрнекпен, екі шетіне шарлар ілініп, тұстұстан қызылды, жасылды жалаулар желбірейді. Бұл той ауылдан қозыкөш жердегі жазықтан таңдалған бәйге алаңы екен. Күн ашық, жер көк майса, ауа тынық, жұпар аңқиды. Мұнша салтанат пен жайлы табиғаттан көңіл өсіп сала берді. Той алаңы емес-ау, рухтың ордасы дерсің… Бірін-бірі жамыраса құттықтап, шат-шадыман күйге бөленген бұқараның жүзінен Бұқар бабаға деген өлшеусіз құрметтің нышаны еркін аңғарылады.

Көліктен түскен беттегі алғашқы болжамымыз бойынша тігілген үй саны жүзге жуықтайды-ау дестік. Халық саны қисапсыз көп. Көліктердің өзі иін тіресіп кетті. Үсті-үстіне келіп жатыр. Астана, Алматы, Маңғыстау, Кереку (Павлодар), күллі қазақ даласынан бар қонақтар. Ығы-жығы. Жастар әр жерде алтыбақан теуіп жатса, мына жерде балалар асық ойнап жатыр. Ана жерде балуандар күресі (қазақ күресі) басталса, әрідегі бәйге алаңы жағында жігіттер аударыспақта күш сынап, көкпар тартуда. Жақсы мен жайсаң, мырза мен паң, бай мен кедей – бәрі осында. Бастысы, Бұқардың ұлы рухын дәріптеуге жиылып отыр.

Арғы жақта – көкпар, бергі жақта – қазақ күресі, ұлттық асық ойынынан сайыс басталып кеткенімен, той салтанатты түрде сағат он екіге таман, халық әбден жиналып болды-ау деген уақытта ашылды. Аспан астындағы алып сахна, алды толған халық, сеңдей сығылысады. Жүргізуші жұптың амандық саулық сөзінен соң сахнада қысқа ғана көрініс қойылды. Бұқардан ақыл сұраған Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлар арасындағы кеңес. «Алыстан орыс қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайтын қалың қалмақ. Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?» (Мағжан). Осындай алмағайып заманда жол тауып, жөн сілтеген Бұқар жырау бейнесі сомдалған шағын қойылымнан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықова оқыды:

«Қымбатты отандастар!

Баршаңызды тарихымызда өшпес із қалдырған абыз бабамыз Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 350 жыл толуы құрметіне арналған мерейтой салтанатының ашылуымен құттықтаймын!

Бұқар жырау – халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен де, ерлікті дәріптеген отты жырларымен де елді ұйытып, халқымызды өз басшысының төңірегіне тығыз топтасуға, ата мекенімізді жатжерлік басқыншылардан қорғауға үнін қоса білген үлкен қайраткер тұлға.

Оның өткір де отты жырларының төркінінде қазақтың біртұтас ұлт, қуатты ел болуын аңсаған ұлы арманы жатты. Жыраудың тарихи тұлғасы, өмірі мен шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қымбат та қастерлі болса, келешекте де солай болып қала беретіні сөзсіз.

Біз – ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған бақытты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағдыры, ұлт бірлігі мәселесі халқымыз үшін әрдайым өзекті болып қала береді. Бүгінгі үлкен салтанат та осындай игі мақсат орайында өткізіліп отыр.

Мен мерейтой іс-шараларының барынша мазмұнды да, ғибратты өтуіне тілектеспін.

Ұлы бабамыздың арманы болған бүгінгі Тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!» делінген Елбасы хатына Гүлшара Наушақызы өзінің де жүрекжарды лебізін жалғады: «Өркениетті ел өз тарихымен, мәдениетімен, тұлғаларымен белгілі болады деп әрдайым айтып жүр. Сондай тұлғалардың бірі – Бұқар жырау. Бұқар жырау өзінің отыз сегіз толғауымен, бір мың екі жүзден астам жолдан тұратын шығармаларын ұрпаққа қалдырып кетті. Екіншіден, жаңа осында көрініс тапқандай, саясаткер. Елді тұрақтылыққа, бірлікке шақырған үлкен тұлға. Соңында бізге қалдырған мұрасы Мәңгілік Ел болып қалуымызға үлкен ықпал етеді».

Иә, мұндай мәңгі өлмес сөз қалдырған тұлғалардың өсиетін үлгі тұтқан ел де мәңгі өмір сүруі тиіс. Болашақ ұрпақ баба толғауларын байыптап өссе, жарады. Мемлекеттік хатшыдан соң сөз ұштаған облыс әкімі Ерлан Қошанов: «Жай ғана той емес, бұл – ұлы той. Күллі қазақ даласына ортақ той. Ұлы адамдардың арманы да ұлы болады. Бұқар жырау кесенесінде екі ауыз сөз жазылған. «Ел иесі құт болса, Халқы ала болмайды» деген. Иә, бабамыз елінің азаттығы мен бірлігін, тұтастығын аңсап өтті. Бүгін біз баба тілектері орындалған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Біз Бұқарды тек ақын, жырау ретінде ғана қабылдамауымыз керек. Ол хандар заманында Парламенттің, Сыртқы істер министрлігінің функциясын атқарған. Дана тұлға, көреген көсем. Біз кемеңгерге арналған осындай шаралар арқылы жастарды отаншылдыққа тәрбиелейміз. Елбасының бастамасымен Тәуелсіз Қазақстан алдына үлкен мақсат қойып келеді. «Мәңгілік Ел» деген. Соған бастайтын алтын арқау да Бұқар толғауларында болса керек. Той құтты болсын!» деді.

Ұлы рухқа, ұлттың ақыл арына айналған кемеңгердің тойына келіп, баяндама жасап, сөз сөйлеген белгілі адамдар жетерлік. Күн ыси бастады. Көрермен жұрттың дегбірі кетіп, көлеңке іздеп киіз үйлерге тарап кететіндей көрініп еді. Олай етпеді ешкім. Мыңдаған адам тапжылмай отырып сол білімділер сөзін тыңдады. «Бұқар жырау бабамыз ел бірлігі мен ынтымағы жолында данагөй абыздықтың үлгісін өшпес мұра еткен тау тұлғаларымыздың бірі әрі бірегейі. Бұқар Қалқаманұлы көптеген ұлттарда кездесе бермейтін қазақ жыраулар мектебінің өрісін кеңейтіп, мазмұнын ширықтырып, мәртебесін биіктеткен алып дана тұлға. Халқымыздың қилы тағдырында, аумалы төкпелі кезеңдерінде ұлт тұтастығы мен ерлік еңсесінің төмендемеуіне күш салған аса көрнекті мемлекет қайраткері» деді ҚР Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Бұқар Бұқар болғалы қайда? Тұлғалық қыры ашылып болған жоқ. Жырау мұралары, ақыл ойы тіршілік тоқтамай өшпейтін болса, оның атын дәріптеп, бағасын беру де сонша уақыт толастамайды. «Бұл тойдың Бұқар жырауға қажеті жоқ. Ол кісі заманында әлемді дүбірлетіп өтті. Ендігі жерде той ұрпақтарға қажет. Не үшін керек? Қателеспеу үшін керек. Қазақтың жауы кеше де болған, қазір де бар, ертең де болады. Сондықтан, сақтық керек. Сол сақтық философиясын бізге осы Бұқар бабамыз қалдырып кеткен. Кеше ғана 125 жылдығы тойланған Сұлтанмахмұт Торайғыров: «ілгері басқан ұлттың тарихи қателігін ілгерілейін деп тұрған ел, мемлекет қайталаса, отқа түскен көбелекпен бірдей» деді. Бұқар жырау жер мен ел егіз дейді. Жер мен ел егіз болғанда ғана берекесі кіріп, мәңгілік ел болады» деді академик Ғарифолла Есім.

Парламент мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеуханов болса, «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп бастады Бұқар. «Екінші тілек тілеңіз, Әзәзіл, пасық, залымның, Тіліне еріп, азбасқа» деді. Осы нәрсе өзінің актуалділігін жойды ма? Жоқ, жойған жоқ. Ғаламторды қараңыз, елдікке ши жүгірткен пасық, залым қашан да болған. Әр нәрсенің қадірін білмеу деген қашаннан адамзатпен бірге жасап келеді. Осыны ақыл қылып айтты, тыңдамасақ – бізге сын. «Үшінші тілек тілеңіз, Үшкілсіз көйлек кимеске» деп, өміршеңдікке ұмтылуды айтты. «Төртінші тілек тілеңіз, Төрде төсек тартып жатпасқа» деді. Дүниеде масылдықтан жаман нәрсе жоқ. Жәрдемақымен күн көріп, елге масыл болғаннан гөрі, бір тамшы болсын еліңе, жеріңе пайда келтіруді айтты. Бұқара мен биліктің арасын байланыстырған ұлы көпірдің қызметін атқарды. Бұқар атқарған қызмет әрдайым жадымызда болуы тиіс. Бұқара мен билік арасы жараспаса, елдік ешқашан ұзаққа бармақ емес. Сондықтан, баба тойына біз қымыз ішіп, қарын сипауға келген жоқпыз. Осы сөздерді үлгі тұтуға келдік, ағайын» деп, Бекболат Қанайұлы Бұқардың бір толғауын қайырғанда, ел арқаланып сала берді.

Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Серікбай Тұрымов Маңғыстау жұртының сәлемін ала келіпті. Керекуден делегация келіп, үй тігіпті. Жыраудың ұрпағы, шежіреші, «Алтынторы шежіресі» кітабының авторы Ғалымтай Бақтиярұлы сөз сөйледі.

Осыншама ұлағатты тыңдап төрде маңдайлары жарқырап, қазақтың батырлары мен ақындары отырды. Түркіден шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ақындар – Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман, Бауыржан Жақып, қазақ көсемсөзінің көшбасшылары Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Пәттеев, тағы басқа қасқалар мен жайсаңдар жүр. Ақын, айтыстың ақтаңкері Аманжол Әлтаевтың арнауына ел тына қалып, құлақ тосқандай еді. Ортаға Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Дулат Ақанов, Медет Осатай сынды әншілер шығып, қазақтың классикалық әндерін шырқады. Белгілі айтыскер Дидар Қамиев Бұқар жырау толғауын жыршылық сарында нақыштады. Қазақ эстрада жұлдыздарын Роза Рымбаева бастап келіпті. Алтынай Жорабаева, тағы басқа әншілер өнер көрсетті. Тәжікстанның «Хайрулло Дадобоев» фольклорлық ансамблі, Тəттімбет атындағы қазақ ұлттық аспаптарының академиялық оркестрі, сондай-ақ, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері мен Қарағанды облысының барлық аудандарынан келген әртістердің өнерін тамашалады ел. Бұл уақта балуандар күресі, асық ойыны, көкпар, аударыспақ та қызып жатты.

Сүмбіле туғаннан кейін сарша тамыздағы ауа райы құбылып сала беруші еді ғой. Жоқ, бұл жолы Табиғат-Ананың өзі баба рухына ұрпақтары көрсеткен ұлы құрметтің салтанатына ықыласы ауып, тамылжып тұрды. Басты көрермен де, басты тыңдарман да – Табиғат-Ананың өзі.

Нұра ауданы тіккен ақ шаңқан үйдің ауласында қазақ батыры Тоқтар Әубәкіровке ұшыраса кеткенбіз. Елімен етене жүретін қалпын сақтаған Алаш қыраны тым ресми құрметке құмартпай-ақ, бұқара халық ортасында жүр. Тойдан алған әсерімен бөлісіп:

– Соңғы бірнеше жылда ұлы тұлғаларға шынайы құрмет көрсете білген Қарағандының даңқы аспандап тұр. Өткен жылы Қаздауысты Қазыбек бабаның, биыл Бұқар жырау мерейтойын өткіздік. Заманы бір, тағдырлары тамырлас тұлғалар болғанымен екі той бір-біріне мүлде ұқсамайтын мазмұнда өтті. Екеуі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел азаматтарына, облыс басшыларына ризашылығымды білдіремін. Қазыбек би – өз бабам, Бұқар жырау – нағашым (күлді). Сондықтан, мен де тойдың қонағы болып, төрде отырмай, қызмет жасауға тиіспін. Бұл тойдың ырду-дырдуы емес, мазмұны – маңызды, ұлағаты – өміршең. Жастар ерекше рухтанып жүр. Мен соны көріп қуанып тұрмын, – деді.

Түс ауа қазақ күресінен ақтық сында белдесті балуандар. 66 келі салмақ дәрежесінде бас жүлдеге Абылайхан Шаратов пен Қазыбек Қабдығали таласты. Басында бұл салмақ бойынша Абылайхан Шаратовты күреске кіргізбей қойған. «Жасы мен салмағы сәйкесіп тұр, бұларың қалай?» деп халық көтеріліп қолқалаған соң барып, зорға күрестірді. Абылайхан дзюдодан ұлттық құраманың сапында. Әлемдік додаларда елдің атын шығарып жүрген балуан. Қарсыласы Қазыбек те осал емес екен. Екеуі де Бұқар жырау ауданынан, боз кілем үстінде әдемі өнер көрсетті. Бірін бірі ала алмай, біраз арбасты. Белдесудің орта тұсына келгенде, Абылайхан Қазыбекті бір жақ жауырынымен қырынан түсіріп, жарты жеңіске жетті. Сөйтіп, сәл ғана басым түскен Абылай жеңіс тұғырынан көрініп, автокөлік («Тойота Камри-55») мінді. Қазыбек Қабдығали, Заңғар Марат болса, ІІ, ІІІ орынды жеңіп алды.

Ал, 90 келі салмақта қазақ күресінен сынға түскендер арасынан ІІІ орын Мейрамбек Жаңабайға, ІІ орын Аян Құрманбайға, бірінші орын Ерқанат Молдағұловқа бұйырды. Қарсылас шыдатпаған Ерқанат балуан да шетелдік автокөлік тізгіндеп қайтты.

Түскі астан соң күрестің ақтық сынын тамашалап болған ел бірден той ауылдан атшабар алаңға жөңкілді. Жазбаның бас жағында қозыкөш жерде дегенбіз. Бұл уақытта аударыспақ, көкпардан жеңімпаздар анықталғанды. Асық ойыны орталықта жалғасып жатқан. Көкпардан бас жүлдені Абай ауданының командасы жеңіп алды. Командаға ең көп олжа салған Арқадағы айтулы көкпаршы, темір тақымды шабандоз Ерқанат Адиханов. Ерқанат – республикалық додаларда өнер көрсетіп жүрген мықты ойыншылардың бірі. Ұлттық ат спортының бұл түрінен ІІ орын Бұқар жырау ауданына, ІІІ орын Шет ауданына тиді. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Көкпардың бас жүлдесі – 500 мың теңге. Ал, аударыспақтан нұралық азамат Жанболат Тайжанов жеңімпаз танылды

Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ, атшабар алаңда құжқұж қайнайды. Күпінің өрген битіндей. Қыж-қыж қайнаған жиынға кіріп барсақ, аттар тіркелгенше, ерікті балуандар өгіз көтеруден сайысып жатыр екен. Өгіз болғанда, салмағы шамамен 150-180 кило тартатын нән торпақ екен. Тік көтеріп алған адам жоқ. Жартылай ғана көтеріп, тәлтіректеп барып жығылады. Икемге де келе бермейді ғой.

21 шақырым қашықты еңсерген топ бәйгеге 20 ат шапты. Дәмелі деген жүйріктер Астана, Алматы, Қырғызстан, Ресейден келіпті. Қарағанды аймағы болса, болмаса да бар. «Той десе, қу бас домалайды» деген – осы. Анау Ресей, Қырғызстаннан бәйгіні аламыз деп келеді ғой шаппайберлерін жетектеп. Атам қазақ намысты қолдан берген бе, салымыз суға кеткен жоқ. Бәйгінің бәрі елде қалды. Біреулер «сыртқа кеткені де жақсы, айтып барады басқа елге» дейді. «Осы топ бәйге ме, тоқ бәйге ме?» деп таласқандар да болды. Мұнда да пікір екіге бөлінді. Топ бәйге болып аталып кеткен жануарлар жарысында қарағандылық Нұрлан Зейнуллиннің сәйгүлігі үшінші болып өтті. Алматылық Әлинұр Назарбаевтың жүйрігі екінші өтіп, иесіне квадрацикл мінгізді. Бірінші келген тұлпар иесі, Алматы облысы, Талғар ауданының азаматы Мейірхан Бұлғыновқа Астанадан бір бөлмелі пәтер кілті табысталды. «Ат мұратқа жеткізеді» деген сөз маңызын жоймапты әлі.

31 шақырымға ұзаған Аламанға 27 ат шапты. Ауыздықпен алысқан тұлпарлар шеңберді он рет айналды. Аттар жесісіп бақты. Қостанайлық бір тұлпар 8 айналым бойы алдында жеке-дара отырды. Шыға лағып, қара үзіп кетіп еді, шын жүйрік екен. Сегіз айналымнан соң, арыны басылып қалды. Барлығып қалдыау десті. Халықтың көбінің назары осы жануарда еді. Қалып қойды. Астаналық атақты «Қоянқасқа» атты тұлпар да бар еді, алдыңғы топта келгенімен, алғашқы үштікке ол да ілікпеді. Басынан бірінші топта, аңдысып отырған әккі шабандоздар алға шықты соңғы айналымда. Халық гу-гу етеді. Мәреге үш ат бір-бірімен құйрық шайнасып, құйысқан тістестіріп өте шыққанда, даланы қиқу кернеп кетті. Сөйтіп, аламаннан қара үзіп келген қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтың тұлпары иесіне «Тойота-Прадо» автокөлігінің тізгінін ұстатты. Екінші өткен Бұқар жырау ауданының тұлпары. Иесі – Серік Түлкібаев. Алматылық Мейірхан Бұлғыновтың бағы үстем, аламанда да бәйгілі болып, аты үшінші келді. 31 шақырымға жөнелген 27 аттың бес-алтауы ғана шауып өтті он айналымды. Атқұмар азаматтың көбінің көкейінде Қостанайдың бараны қалды. Айтпақшы, асық атудан үшінші орын – Әділхан Төлегеновке (Бұқар жырау), екінші орын – Нұрсұлтан Кәкеновке (Шет ауданы), бірінші орын – Айсұлтан Боранбайға (Шет ауданы) бұйырды. Ойыншылар 2003 жылы туған балалардан басталып таңдалыпты.

Кернейдің керегесін рух кернеп, түндігін мерекелік отшашу желпіді. Ымырт үйіріле басталған гала-концерт дүбірі мүлгіген даланы сергектің құшағына алып кеткен. Далба мен Баян арасы тұтасып кеткен. Той дүбірі Ертісті ендей өтіп, Алтай асып бара жатты.

Ақиқатын айтқанда, Бұқардың тойы шын мәніндегі бұқара тойы бола алды. Ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығы мен меймандар ықыласынан осыны таныдық. Ұлы той, ұлан-асыр асын Бұқарекеңнің өзімен аяқтауға тура келеді: «Іңкәрілер алшаңдап, Ас пен тойға келген жұрттың» қызығы тарқамасын!

 Ерсін МҰСАБЕК,

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button