Бұқар баба басында: отыз жылда жағдайдың өзгергені шамалы
Абылай ханның ақылшысы, өле өлгенше халқының бірлігін ойлап, толғап өткен көмекей әулие Бұқар бабамыздың басына бармағалы да отыз жылға айналған екен. Кезінде 1993 жылы оның бейітінің басына кесене тұрғызылып, туғанына 325 жыл толған мерейтойы осында республикалық деңгейде аталып өткеніне бастан аяқ қатысып, ол туралы газетімізде кеңінен жазған болатынбыз. Енді биыл Бұқарекеңнің 355 жылдық тойының тұсында қасиетті бабамыздың жаны жай тапқан Далба тауының етегіндегі мәңгілік мекеніне тәу етіп барып қайту үшін жерлес інім Марат Хамитовтің «Джип» көлігімен тағы бір ауылдасым Азамат Шоқшин үшеуіміз жолға шықтық. Бұл екі жігіт те ел мен жер тарихына қанық, шежіреге жетік, әрі Бұқар бабамыздың нәсілі болып келеді. Марат Ұлы жыраудың әкесі Қалқаман батырдың туған ағасы Қойсарыдан тараса, Азаматтың марқұм анасы Зықыш Сәулебайқызы аталас ағайыны, ел арасында баба жыр-толғауларын жатқа айтып, жырау мұрасын насихаттауға көп еңбек сіңірген жан еді. Тіпті, Бұқар бабамыздың бұрын белгісіз болып келген екі-үш шығармасын осы кісінің аузынан жазып алып, өзіміздің «Орталық Қазақстанда» жариялағанымыз да бар.
Бабамыздың кесенесі кейін өзінің атын алған осы ауданның Бұқар жырау ауылдық округінің орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Соны бетке алып, осыдан отыз жыл бұрын таспадай тартылып жатқан жолға түсейік. Сол жолдың бүгінгі сиқын көрсеңіз… Әр жерінде беткі асфальтінің қабыршақтары ғана қалып, қиыршық тастары шығып, ойдым-ойдым болып жатыр. Қайта анаумынау шұңқырыңды елей қоймайтын сүйегі ауыр машинаға мініп шыққанымыз мұндай жақсы болар ма?! Сонымен ортекедей орағытып, киелі орынға да жеттік-ау!
Тал түс мезгілі. Жан-жағы темір шарбақпен қоршалып, сырты ақ мәрмәрмен қапталып, күмбезіне алтын жалатылған. Биіктігі 12 метр кесененің басында жан баласын жолықтырмадық. «Ескерткіш мемлекет қамқорлығына алынған» деп жазылған қоршаудың есігін ашып, ішке өтіп келеміз. Кесене маңын тізеден келетін шөп басып кеткен. Егілген бір тал гүл көзімізге түссеші… Осы ма есімін қастерлеуге тиіс мемлекетіміз бен соңындағы ұрпағының қамқорлығы мен көрсеткен құрметі?!
Үшеуміз тылсым сырын ішіне бүккен кесене ішіне ендік. Онда айнала қарап, садақа салатын жәшігін де, келген жандардың атынан аруаққа дұға бағыштайтын шырақшысын да көре алмадық. Тізе бүгіп, малдасымызды құрып отырып, дұға оқу қайда. Жылтыраған мәрмәр еденге не алаша, не кілем төселмеген. Амалсыздан сонда қойылған ұзынша биік орындыққа шоқиғаннан шоқиып, өзіміз білетін «ықылас», «фатиха» сүрелерін оқып, дұға қайырып, бет сипастық.
Келесі сәтте әудем жерде қыр басында тұрған екі үйдің жанына келіп тоқтадық. Бізді сыртқа шыққан екі жігіт қарсы алды. Олар осы кесененің ресми күзетшілері Сәбит Мұқанов пен Жанат Дүйсенов те, үшінші күзетші өз үйіне тынығуға кетіпті. Өздерінің айтуынша, бұлардың міндеті кесенені күзетіп, келген адамдарды қарсы алып, шығарып салу болып шықты. Сөздеріне қарағанда, баба кесенесінің басын күтіп ұстау бұларға жүктелмегендей. Ал штат бойынша төртінші адам, осындағы мұражайдың меңгерушісі Әлихан Уәлиев сол күні көршілес Керней ауылының 120 жылдық мерекесіне кетіпті. Соған қарамастан, Сәбит пен Жанат бізді мұражайға бастап жүрді. Үш бөлмелі мұражайдың бір бөлмесінде кітапхана орын теуіп, қалған екеуінде іргеде Бұқарекең заманындағы тарихи тұлғалардың портреттері, кесене дамуына қатысты фотосуреттер мен ақпараттар ілініп тұрса, шыны астына жырау өмірі мен дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер мен заттар қойылған.
Бөлменің бір бұрышында Бұқарекеңнің жыр-толғауларын ел аузынан жазып алып, бүгінге жеткізген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1927 жылы баба бейітін белгілеп, басына қойған тасы сүйеулі тұр. Осылардың бәрін көріп болған соң, біз де өз лебізімізді білдіріп кету үшін қолтаңба қалдыратын кітабын, болмаса дәптерін сұрадық. Күзетшілердің қолымызға берген қалың дәптерінің ішінде не жоқ дейсіз… Келген-кеткен адамдардың пікірлері мен тілектері де, балалардың салған суреттері мен шимай-шатпақтары өріп жүр. Оны алыс-жақыннан ат басын тіреген жұртқа ұсынудың өзі ұят сияқты.
Бұдан кейін күзетшілер бізді қатар тұрған екінші үйге бастады. Оның төрт бөлмесінің бірінде тамақ әзірленіп, екіншісінде күзетшілер демалып, енді екеуі қонақ үй ретінде жабдықталыпты. Алайда мұнда бірнешеу емес, тобымен келгендер сыйысып жатпақ түгілі айнала алмайтын сыңайда. Осыны көріп, қөңіліміз құлазып сала берді. Іргелес Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіптің кесенесі басындағы жағдай мен мұндағы көріністі салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей.
«Қуыс үйден құр шықпа» дегендей, күзетшілер жайған дастарқаннан дәм ауыз тиіп отырмыз. Әйтеуір, біз келгенде, электр тогы мен суының бола қалғанын айтсаңшы. Әйтпесе генератор арқылы келетін бұл игілікке кей күндері өз қолдары да жетпей қалатынын жасырмады олар. Бұл жерде аруаққа арнап, құрбандыққа шалатын мал да ұсталмайды екен. Оны өзің алып келген күнде де Мәшекең кесенесі басындағы бай дайын тұрған қазан-ошағы мен қасапханасы, қане?! Сонда деймін-ау, бұқаржыраулықтар алыс-жақыннан қасиетті бабамыздың басына, осынау киелі орынға тағзым етуге келгенде несін көрсетпек? Әлде отыз жылдан бері орайы келмеген шаруа болды деп ақталмақ па?! Ал ертеңдері осы ауданнан бастау алатын жыршы-жыраулардың республикалық сайысына қатысушылар алда-жалда осы жерге келе қалса, Бұқарекеңнің бүгінгі ізбасарлары не деп кетпек?! Оларды қайдам, бабамыздың басына отыз жылдан кейін өрекпіп келген өзіміздің көңіліміз су сепкендей болып қайтқанымызды айтпай, жазбай қала алмадық.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz