Азық-түлік қымбаттамауы тиіс
«Қыстың қамын жаз ойла». Биыл қыс, көктем айларында жылдағыдай картоп, көкөніс, пияз, күріш, күнбағыс майы, тағы басқалары сияқты әлеуметтік тауарлардың бағасы шарықтамауы тиіс. Осы мақсатты көздеген облыс көлеміндегі құзырлы орындар қазірден қам-қарекетке кірісіп кетті. Мақсат – ақпан, наурыз айларында аспандап ала жөнелетін әлеуметтік тауарлар бағасын тұрақты ұстау. Сонымен…
Мәселенің мән-жайын атап айтатын болсақ, облыстық тұрақтандыру қоры мен «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы бірігіп, биыл жаңа жұмыс тәсілін қолға алып отыр. Олар облыс шегіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде әлеуметтік тауарларды өндіретін шаруа қожалықтарымен бүгіннен бастап меморандум жасасып, келісім-шартқа отыру үстінде. Мәселен, қазір 65-80 теңге аралығындағы картоп бағасы қыста 270-300 теңгеге дейін өсетіні белгілі. Осыны болдырмау үшін, яғни, қайткен күнде бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қоры бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 35 ауыл шаруашылығы кәсіпорынмен меморандум жасасыпты. Бұл меморандумда аталған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуметтік тауарларының 5 пайызын «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы арқылы қазіргі нарық құнынан 25 пайыз төмен бағаға келісіп, алып қояды. Сосын ол тауарларды ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы ұшып тұрған қыс айларында әлеуметтік павильондарға өз бағасына шығарып, сатады да, әлгі кәсіпкерлерге келісім бойынша ақшасын сол уақытта қайтарады.
«Мұндағы мәселе, халықтың бәрін арзан тауармен қамтамасыз ету емес. Әлеуметтік павильондарға тауар төмен бағамен келген соң, бәсекелестік есебінен қасындағы сауда дүкендерінің де бағасын тұрақтандыру» дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.
Бүгінге дейін 282 тонна әлеуметтік өнім түрлерін келісілген бағамен алуға келісім-шарт жасалыпты. Осы сәттегі нарық бағасынан 25 пайыз төмен бағаға алынған ол тауарлар «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясының арнайы қоймаларында, болмаса, келісім-шарт жасасқан кәсіпорын қоймасында сақталады әзірге. Кейін, сатар уақытта сол жерден әлеуметтік дүкендерге әкелінеді.
«Бүгінге дейін бюджеттің ақшасына 100 тоннаға дейін пияз алу мәселесі шешілді. Және бюджет ақшасын шығармай, облыстық тұрақтандыру қоры мен «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін кәсіпорындардың келісім-шарты арқылы 35 ірі шаруашылық өнімдерінің 5 пайызын төмен бағамен, ақшасын тауар өткен соң бір-ақ алуға келісіп отыр. Мәселен онда келісілген баға бойынша картоп пен сәбіздің 1 келісі – 50 теңгеден. Бұл баға ертең қыс, көктем айларында өте тиімді болады. Картоп пен сәбіздің жалпы нарықтағы бағасы 250-300 теңгеге барғанда, бұл тауарлардың құны 70-75 теңгеден ғана тұрады» дейді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, біз облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожинмен бірге облыстық тұрақтандыру қоры мен «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы атқарып жатқан жұмыстарға көз жеткізуге барғанда, олар «Астра Агро» ЖШС-нен келісім-шарт арқылы жоғарыда көрсетілген бағаға алған 82 тонна картопты тиеп әкетуде екен. Ақшасын корпарация қыста немесе көктемде картоп өткен соң қайтарады. «Ал, әлеуметтік тауарларды мұндай төмен бағамен сату шаруа қожалық иелеріне тиімсіз емес пе?» деген сұраққа 82 тонна картобын осы келісім-шарт арқылы беруші «Астра Агро» ЖШС директоры Аманкелді Мұқашев: «Мұндай шартқа неге келіспеске? Біріншіден, Үкімет бізге көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге қолдау көрсетіп, қаншама субсидия беріп отыр. Жанар-жағар майға, басқасына да. Екіншіден, ондай әлеуметтік павильондарға көбіне мұқтаж жандар барып сауда жасайды. Кеудеміздегі жан Алланыкі болғанмен, қанымыз қазақ деген халықтан ғой. Патриоттық сезім және бар, сондықтан», – дейді.
Жәнібек ӘЛИМАН