«Азық-түлік қауіпсіздігі – халық денсаулығының кепілі»

     Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жыл сайынғы Жолдауларынан азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі тыс қалған емес. Адамға арқау болған азық-түлікті – Жер-Анадан, төрт түліктен аламыз. Өзгермейтін дала заңы болар. Елдің тынысы да, тұрмысы да ауыл шаруашылығына тікелей байланысты.Осыған орай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат МҰХТАРОВПЕН сұхбаттасқан едік…

Марат МҰХТАРОВ,

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы

Марат Өндірұлы, Мемлекет басшысы биылғы жылы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жолдады. Құжат ауыл шаруашылығы саласы үшін қаншалықты маңызды?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауларында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жыл сайын басымдық беруде.

Биылғы Жолдауда аграрлық сектордың экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, 5 жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау, ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырды.

Бұған дейін де аграрлық сектор бойынша экспорттық әлеуетті арттыру бағытында, әсіресе, ірі қара малының етін экспорттау бойынша тиісті тапсырмалар берілген болатын.

Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында Сіз басқарып отырған мекеме тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда? Нақты мысалдар келтірсеңіз…

Біздің басты міндетіміз – экспорттау (импорттау) кезінде аумақтарда жеке және заңды тұлғалардың және ветеринария саласы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығы негізінде жүзеге асырылады.

Шет елдерге жануарларды және жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттаумен (импорттаумен) айналысуға шаруашылықтар мен кәсіпорындар тарапынан өтініш берілген жағдайда Еуразиялық Экономикалық Одақтың ветеринариялық-санитариялық талаптарына сәйкестігін тексеріп, сәйкес келген кәсіпорындарды арнайы реестрге енгіземіз. Сондай-ақ, экспортпен айналысуға өтініш білдірген шаруашылықтар мен кәсіпорындарға экспорттау бойынша тиісті талаптарды түсіндіріп, бағыт-бағдар береміз. Сонымен қатар, аудандар мен қалалардағы аумақтық инспекциялар тарапынан шет елдерге жіберілетін жануарлар мен олардың өнімдеріне тиісті үлгідегі ветеринариялық сертификаттар беріледі. Егер, шет елдерден жануарлар әкелуге сұраныс берілген жағдайда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің рұқсаты алынады.

Негізі, ауыл шаруашылығы саласында Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмалары бойынша ілгерілеушілік бар. Атап айтқанда, 2015 жылы Жаңаарқа ауданынан Ресейге 100 қой экспортталса, 2016 жылы осы ауданнан Біріккен Араб Әмірлігіне 2 172 қой тірідей экспортталды. Осакаров ауданынан 1,3 тонна жылқының құрғақ сүті – Ресей Федерациясына, Ақтоғай ауданынан 900 тонна балық өнімі – Ресей, Германия, Литва, Латвия мемлекеттеріне, Бұқар жырау ауданынан 76 тонна қаз еті Ресейге экспортталды.

Жалпы, былтырғы жылы ветеринариялық бақылауға жататын жануарлар мен құстардың және балық өнімдерінің 15 мың тоннасы, 7 млн. тауық жұмыртқасы алыс және жақын шет елдерге экспортталып, облысымызға шет елдерден 17 мың тонна өнім импортталды.

Еуразиялық Экономикалық Одақтың аумағына ветеринариялық бақылауға жататын өнімдер мен ауыл шаруашылығы жануарларын экспорттауға облысымыздан 22 кәсіпорын ұсыныс беріп, ветеринариялық талаптарға сәйкестендірілгеннен кейін Еуразиялық Экономикалық Одақтың реестріне енгізілді. Олар бүгінгі күні реестрге тіркелген кәсіпорындар тарапынан өнімдерін экспорттау арқылы кәсіптерін дамытуда.

Рахмет! Ветеринария саласындағы оң өзгерістердің біразын атап өттіңіз. Енді, елдің көкейіндегі өзекті мәселенің біріне ойыссақ.Былтырғы жылы тіркелген сібір жарасының себебі анықталды ма?

Өздеріңізге белгілі, былтырғы жылы облысымыздағы эпизоотиялық ахуал күрделі болды. Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті аурулары бойынша облысымызда 15 қолайсыз ошақ тіркелді. Оның ішінде, 2 сібір жарасының ошағы – Шет, Ақтоғай аудандарында, ірі қара малының бруцеллезі – Бұқар жырау, Шет, Ақтоғай, Ұлытау, Нұра аудандарында, ірі қара туберкулезі – Қарқаралы ауданы мен Жезқазған қаласында, ірі қара пастереллезі – Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында, инфекциялық ринотрахеит пен вирустық диарея – Қарқаралы ауданында, ірі қараның қатерлі ісігі – Ұлытау ауданында және құс сальмонеллезі Абай, Бұқар жырау аудандарында тіркелді. Осындай аурулар тіркелген ошақтарға республикалық қордан ветеринариялық препараттар бөлінді. «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» Қарағанды филиалы мамандары тарапынан ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізіліп, толығымен сауықтырылды. Құзыретімізге байланысты, аталған ошақтардағы аурудың шығу себептері мал иелерінің Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында белгіленген міндеттерін орындамауы, яғни, рұқсатсыз және тиісті жолдама құжатынсыз өзге өңірлерден мал тасымалдау, сойып сатылатын малды мал дәрігерінің қатысуынсыз, арнайы сою нысанында соймау, басқа жақтан әкелген малын жергілікті ветеринариялық мамандарға хабарламай және карантинге қоймай, толық зерттеуден өткізбей табынға қосу сияқты заңбұзушылықтар орын алған.

Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда?

Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы, Ветеринария басқармасы, облыстық ветеринариялық зертхана мен Ветеринария ғылыми зерттеу стансасы мамандарымен бірлесіп, барлық аудандар мен қалалардағы ветеринария саласындағы мамандардың басын қосып, аудан, қала әкімі орынбасарларының қатысуымен семинар-кеңестер өткізілді. Осы семинар кеңесте ауылдағы ветеринариялық дәрігерлерге былтырғы жылғы жіберілген кемшіліктерді болдырмау, биылғы жылы атқарылатын іс-шараларды талапқа сай орындау, мемлекеттік қызмет көрсету, бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізу және тағы басқа іс-шаралар бойынша оқыту, кеңес беру, жаңадан қабылданған заңдылықтарды түсіндіру жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, былтырғы жылдан бері аудандар мен қалалардағы аумақтық инспекция, ветеринария бөлімі мен ветстанция тарапынан мал иелеріне міндеттері мен талаптары туралы ескерту парақшалары таратылуда. Сондай-ақ, облыстық аумақтық инспекция тарапынан телеарна арқылы «Мал иелерінің назарына» тақырыбында ескерту мен талаптар туралы хабарланды. Биылғы жылы да қайталануда.

Ауыл шаруашылығы жануарларының тасымалын қадағалау мақсатында, ветеринария, тұтынушылардың құқығын қорғау салаларындағы құзырлы органдар, ішкі істер департаменті мекемелерімен бірлескен іс-қимыл жоспарын облыс әкімі бекітіп, жұмыстар атқарылуда.

Төрт түлік өсіруші азаматтардың өз міндеттерін біле тұра, түрлі заң бұзушылықтарға жол беріп жататыны да жасырын емес. Оларға қандай шаралар қолданасыздар?

Биылғы жылдың басынан ет өнімдері өткізілетін ішкі сауда орындарында жергілікті атқарушы органдармен, ішкі істер департаментімен бірлесе ветеринариялық-санитариялық талапқа сай ет өнімдерінің сатылуын бақылау және мал ұрлығының алдын алу бағытында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Ет өнімдерін ішкі сауда нысандарына құжатсыз және талапқа сай емес көлікпен тасымалдаушыларға әкімшілік шаралар қолданылып, түсіндіру жұмыстары қоса жүргізілуде. Бүгінгі күні осындай рейдтік іс-шараларға байланысты ет өнімдерін сатушылар мен тасымалдаушылар арасында заң бұзушылықтарға жол беру фактілері азайды.

Жалпы, ветеринария саласы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы ветеринария мамандары мен жеке және заңды тұлғалар тарапынан жол берілген заң бұзушылықтарға аудандық, қалалық аумақтық инспекциялар тарапынан 2016 жылы 7 миллион 800 мың теңге көлеміндегі 160 айыппұл салынды. Оның ішінде, мал өсіруші, өткізуші жеке және заңды тұлғалардың заң бұзушылық фактілеріне байланысты 4 миллион теңге сомасында 106 айыппұл салынып, өндірілді.

Биылғы жылдың басынан 7 заң бұзушылық фактісі тіркеліп, жеке және заңды тұлғаларға 601 мың теңге көлемінде 7 айыппұл салынды.

Жеке және заңды тұлғалардың ветеринариялық қағидаларды бұзуына байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 327 бабы бойынша 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы қарастырылған.

Көктем келді. Тіршілік қайта түлей бастады. Енді, биылғы жылы облыстағы эпизоотиялық ахуалдың қалыпты болуы мақсатында мемлекет тарапына қандай да бір шаралар қарастырылған ба?

Биылғы жылы республикалық бюджет есебінен облысымыздағы ауыл шаруашылығы жануарларының 12 аса қауіпті ауруларына қарсы алдын ала вакцина егу жұмысы басталады. Олар – сібір жарасы, құтыру, листериоз, пастереллез, құс тұмауы, қарасан, түйе обасы, туберкулез, вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахейт, эхинококкоз, маңқа аурулары.

Сонымен қатар, аталған аурулар мен паразитарлық ауруларға мемлекет есебінен бекітілген жоспарға сәйкес диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.

Егер, бірдейлендіруден өтпеген, яғни, жоспарлы зерттеуге есептелінбеген немесе басқа өңірден әкелінген түліктер болса, карантиндік іс-шара барысында мал иесі есебінен қан алу, вакциналау жүргізіледі.

Біздің білуімізше, ветеринария саласына мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінеді. Осы қаржының тиімді жұмсалуын кім қадағалайды?

Бұл жұмыстардың бекітілген жоспарға сәйкес орындалуын ұйымдастыру жергілікті әкімдіктердегі «Ветеринария бөлімі» мекемесіне жүктелген және осы жұмыстардың жергілікті атқарушы органдар тарапынан талапқа сай орындалуын аудандық (қалалық) аумақтық инспекциялар бақылап, қадағалайды.

Былтырғы жылы облыстық прокуратураның тапсырмасымен аудандардағы селолық округтерде ветеринариялық станция мамандары тарапынан ветеринариялық іс-шаралардың орындалуына және ветеринария бөлімі қызметкерлерінің жұмысына бақылау, қадағалау жүргізілді. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша облыс әкіміне қызметтік хат жолданып, жауапты лауазымды тұлғалар мен мамандарға тәртіптік жазалар қолданылды.

Биылғы жылдан бастап әрбір ауылдық округтегі мал иелеріне телефон арқылы немесе кездесу арқылы іс-шаралардың нақты атқарылғаны жөнінде аумақтық инспекциялар тарапынан сауалнама жүргізіледі.

«Мал аман болса, жан аман» деп ата-бабамыз айтқандай, елімізде жануарлар арасындағы жұқпалы ауруларды болдырмай, эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстау, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау барысында ветеринария саласының атқаратын ролі зор. Ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы ел экономикасының дамуына, халықтың денсаулығы мен амандығына қол жеткіземіз. Елдегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы – мемлекетіміздің әлемдік нарықтан ойып тұрып орын алуының, экспорттық әлеуетінің артуының кепілі.

Рахмет! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.