Жаңалықтар

Қажының рухына

Алғаш тәуелсіздікке бет бұрғанда, қазақ халқының ең алдымен қолға алғаны – дін мен тіл еді. Бұл қос рухани құндылық кеңестік-коммунистік үстемдіктің көлеңкесінде қалып, маңызынан айырыла бастаған болатын. Діннің тынысы тарылғаны соншалық – қайтыс болған адамның жаназасын шығаратын молда табу мұңға айналды. Атап айтқанда, сол жылдары Ақадыр ауданында жаназа шығаратын молда қалмаған десе де болады.

Сурет автордан

Міне, осындай ауыр кезеңде Жезқазған облысының бас имамы Яхия қажының қолдауымен, бүгінгі Өмірзақ қажы бастаған жас діндарлар – Бекболат, Дархан, Ілияс, Мейраш, Азамат және басқалары – үзіліп бара жатқан мұсылмандықты қайта тірілтуге бел шеше кірісті.
Ақадырда мешіттің ашылуына, діни ортаның қалыптасуына өзім де бір кісідей атсалысқан ескі көздің бірімін. Өмірзақ қажының соңынан ерген ізбасар шәкірттерінің ішінде мұсылмандыққа зор үлес қосқан Дархан Асылтайұлы еді.
Енді, міне, сол Дархан қажының ата-бабалар ізімен мәңгілік сапарға аттанғанына сенгің келмейді. Көзге ерік беріп, көңілге мұң ұялайды. Амал қанша, Алланың ісіне шара жоқ…

Бала еді Ақадырда асыр салған,
Қайыңның бұтағындай бүршік жарған.
Кемеліне келген нақ дер шағында,
Қанатынан қайрылды-ау асыл арман.

Ұстамды, қорғасындай салмақты еді,
Қазақы мінезге бай, жан-жақты еді.
Қаза тұрмақ, өкпеге қимайтұғын,
Жігіттің ардабозы, ардақты еді.

Жаппар Һақтың жолына адал болдың,
Білімдарлық – өлшеусіз бағаң болды.
Шариғатты жұмсартып, кесіп айтпай,
Көркем мінез имам боп бағың озды.

Байыпты, ақылға бай, бағалым-ай,
Алланың сүйген құлы, саналым-ай.
Қанатыңнан қайырылып кете бардың,
Қош, қайран ақсұңқарым, қарағым-ай.

Құт мекен Ақадыр-Шет – жерің қалды,
Кең байтақ, жазиралы – елің қалды.
Алланы жалықпастан зікір еткен,
Халықтың жүрегінде сөзің қалды.

Ойлап тұрсаң, тіршілік шолақ екен,
Адамдар бір-біріне қонақ екен.
Қызғалдақтай құлпырған қайран ғұмыр,
Аяз ұрмай, қар жаумай солады екен.

Бағасын алмай жүрген дос-жараннан,
Не жаңалық күтесің хас наданнан!?
Қазасы есіл ердің ауыр соқты —
Айырылдық шырай көзге жақсы адамнан.

Мол өскінмен толтырар жер есесін,
Қайтарар ұрпағымен ел есесін.
Жалғасып, ұрпақ қалды, бауыр қалды —
Соңының тілейікші берекесін!

Өмір КӘРІПҰЛЫ,
қарт қаламгер
20.03.2025 жыл. Ақадыр

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button