Шет

Азамат келбеті

   Ауданымызда адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан тер төге еңбек етіп, көптің құрметіне бөленіп жүрген іскер басшы азаматтар бар. Солардың бірі – еңбегі көпке үлгі болатын Мағауия САТЫБАЛДИННІҢ өмір жолы көз алдымда өтіп келеді. 

Мағауия Медетбекұлы орта мектепті бітіргеннен кейін, Ақмола ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Институтта оқып жүрген жылдары жазғы-күзгі ауыл шаруашылығы маусымдық жұмыстарына белсене қатысып, 1964 жылдың күзінде «Тың жерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

Жоғарғы оқу орнын бітірісімен, туған ауылына оралып, еңбек жолын Шет ауданының С.Орджоникидзе атындағы кеңшарында техника жөндеу шеберханасының инженер-механигі қызметін атқарудан бастайды. Жас жігіттің қабілетін аңғарған аудан басшылары екі жылдан кейін оны ауданның Ақшатау кеңшарының бас инженері қызметіне жоғарылатады. Ол уақытта кеңшарларда механизатор кадрлары жетіспейтін, көп жұмыстар қол күшімен атқарылатын.

Шаруашылықтағы осындай күрмеулі қиындықтарды еңсеру мақсатында, жастық жалынымен аянбай еңбек етіп, оң шешімін табуға бар күш-жігерін жұмсайды. Кеңшарда еңбек өнімділігін арттыруда жаңа техникалар мен озық технологияны және мал азығын дайындау мен қой шаруашылығындағы ауыр қол еңбегін механикаландыру бағытында бірнеше құнды өнертапқыштық ұсыныстарды өндіріске енгізеді.

Кеңшардағы механизатор кадрларының жетіспеушілігін шешу мақсатында, ауылдағы бос отырған жастарды да трактористер дайындайтын курста оқытады. Мал азығын дайындауда жаңадан құрылған механизатор қыздар бригадасы бірнеше жыл қатарынан тұрақты жұмыс істейді.

Аудан көлемінде білікті маман ретінде танылып, 1973 жылы Мағауия Медетбекұлы жаңадан құрылған Ақадыр ауданының ауыл шаруашылығы басқармасына бас инженер қызметіне ауыстырылады. Жаңа ауданның шаруашылықтарына да сол озық тәсілдерді өндіріске енгізуде табандылық танытады. Уақыт талабына сай, шаруашылықтарда түрлі жем-азық цехтары мен мал бордақылау алаңдары салынуына атсалысады. Осынау еңбектері еленіп, 1976 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады..

Міне, осындай жұмыстарды атқарып жүрген Мағауияның алдында ауыр да жауапты сынақ, күрделі шаруа, кеңшар жұмысын жүргізу күтіп тұр еді. Ол – 1977 жылы ақпан айының басында ауданның Кәрім Мыңбаев атындағы асыл тұқымды қой кеңшарының директоры қызметіне тағайындалуы еді.

Сол қарсаңда облыстық «Жезқазған туы» газетіндегі «Партиялық тапсырма» деген мақаланың алғы сөзінде «Ақадыр аудандық партия комитеті, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері М.Сатыбалдинге «Сені дайын май шелпекке жіберіп отырған жоқпыз. Өзің білесің, кеңшар экономикасы мен мәдениеті төмен. Шаруашылық облыс, аудан орталығынан шалғайда жатыр. Жол, байланыс нашар, кадрлар жетіспейді. Кемшілікті тез жою керек. Біз саған сенеміз. Бұл – саған жүктелген партиялық тапсырма!» деп жазылыпты. Әрине, ол кезде ондай «Партиялық тапсырманы» мүлтіксіз орындау әр коммунистің басты міндеті екені аян. Кейінгі жылдары бұл шаруашылықтың экономикасы төмендеп, қиын кезеңді бастан кешіп жатқан кезі болатын.

Мал азығының мол болуын ескеріп, он екі мың гектардың үстінде көп жылдық шөп және 1,5 мың гектарға арпа дақылы егіліп өсіріледі. Жыл сайын мал азығы толығымен дайындалып тұрады. Кеңшардың үш бөлімшесінде мал бордақылау алаңдары мен жем-азық цехтары жұмыс істеді.

Өндірісті білімді мамандар жүргізбейінше, жақсы нәтиже болмайтындығы ескеріліп, кеңшар мамандарын сырттай жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқытып отырады.

«Асыл тұқымды мал – артық табыс» дегендей, республиканың қой шаруашылығы саласындағы белгілі ғалымдармен кеңшар мамандары, малшылары бірлесе, мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүйелі жүргізіліп, сапалық қасиеттері жоғары «Еділбай» қойының  жаңа типтері шығарылып өсіріледі. Ет өнімінің молшылығын арттыру мақсатында, жылына бес мың саулық қой қыста қоздатылады. Бұдан туған қозы етке өткізгенде, күйек қозысынан 5-6 келі салмақты артық беретіні белгілі.

Еліміздің жылқы шаруашылығын асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде, жабы тектес мұғалжар жылқысының «Сарыарқа» асыл тұқымды типі шығарылып өсіріледі.

Осы ортақ табыс – ғалымдардың ойшылдығы мен ізденісінің, кеңшар мамандары, малшыларының қажырлы еңбегі, мал жайын жетік білетіндігінің нәтижесі екені белгілі.

Әлеуметтік салада да көптеген жұмыстар атқарылады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, мал басының сақталуы қамтамасыз етіліп, тұрақты төл алына бастайды. Осы қарсаңда, 1984 жылғы 2 маусымдағы «Ақадыр таңы» газетіндегі «Мыңбаевтықтар бес­жылдық белесінде» атты арнаулы бетінің алғысөзінде: «К.Мыңбаев атын­дағы кеңшар –  ауданымыздағы ал­дың­ғы қатарлы шаруашылықтың бірі. Кеңшар он бірінші «бесжылдықтың» үш жылының жоспарлы тапсырмаларын барлық түрінен артығымен орындап шығып, шаруашылық жылын 719 мың сом таза пайдамен аяқтаған. Енді, осы «бесжылдықтың» төртінші жылы шаруашылық отарлары мен табындарына 17940 қозы, 448 құлын қосылып отыр. Яғни, кеңшар ұжымы әр жүз аналықтан – 92-ден қозы, 92-ден құлын алып, аудан шаруашылықтары арасында жеке дара жарыс көшін бастады. Шаруашылықтың он бір шопаны мен екі жылқышысы әр жүз аналықтан жүз және одан да жоғары төл алған. Жылқы бөлімшесі «бесжылдықтың» төрт жылында 1558 құлын алып, бесжылдық жоспарды төрт жылда орындаған. Газеттің екі бетінде кеңшар ұжымының игі істері туралы баяндалады» делінген. Осы алғы сөзден-ақ ұжымның сол тұстағы жеткен жетістіктері анық аңғарылады.

Кеңшар асыл тұқымды қой, жылқы малдарын өз облысының кеңшарларымен қатар, көршілес Ақмола, Семей облыстарының шаруашылықтарына да тұрақты сатып отырды.

Кеңшар он бірінші «бесжылдық» бойы таза пайдамен жұмыс істейтін облыстағы бес шаруашылықтың бірі болды. Кеңшар жылқы шаруашылығы бойынша республиканың, облыстың, ауданның ауыспалы «Қызыл туын» бірнеше мәрте жеңіп алды.

Кеңшардың көптеген еңбек озаттары Үкімет орден-медальдарымен марапатталады. Бұл марапаттаулар мен жекелеген еңбек озаттарының одақтық, республикалық көрмелердің жүлдегерлері болуы М.Сатыбалдиннің сол шаруашылықта он екі жылда атқарған жемісті еңбегіне лайықты берілген баға десе болады.

1988 жылдың аяғында жұмыстағы үлкен тәжірибесі, ұйымдастыру қабі­леті ескеріліп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне жоғарылатылады. Бұл қарсаңда ауданның ауыл шаруашылығы өндірісінде, еңбекті ұйымдастырудың жалгерлік қатынас, ішкі шаруашылық жалгерлік кооперативтерін құру сияқты жұмыстар жүргізіліп жатқан-ды. Алайда, көп ұзамай Кеңес Одағы тарап, еліміз Тәуелсіздікке алғаш қадам басқанда, аудан шаруашылықтарында да нарықтық қатынаспен жұмыс жүргізудің алғышарттары басталған еді. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығын реформалау, яғни, аудан ауыл шаруашылығы саласын мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру жұмыстарын жүргізе отырып, жаңа шаруашылық құрылымдарын құру болатын. Мағауия басқарған басқарма мамандары сол ауыл шаруашылығын реформалау жұмысының заңдылыққа сай атқарылуын қамтамасыз етіп отырды.

1997 жылы Ақадыр ауданы таратылып, Шет ауданына қосылғанда, әуелі Шет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында басшылық қызмет атқарып, 1999 жылы жаңадан ұйымдасқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Шет аудандық аумақтық басқармасының бастығына тағайындалды. Мекеме жұмысы облыс аудандары арасында алдыңғы қатарда болды. 2005 жылы зейнеткерлік жасқа келсе де, қызметін біліктілікпен және үлкен жауапкершілікпен атқаратыны ескеріліп, сол лауазымда тағы да екі жылдай қызмет атқарды.

2007 жылғы ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауы қарсаңында, қоғамдық жұмысты да атқарайын деген мақсатпен, аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер болып тіркеледі. Сайлау нәтижесінде, жұртшылықтың қамын ойлайтын, адал азамат есебінде сенімге ие болып, ауданның №4 Красная Поляна сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаты және алғашқы ұйымдастыру сессиясында аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды.

Сайлаушыларымен кездесулерде көтерілген ауыл өмірінің көптеген өзекті мәселелерінің оң шешімі табылуына аянбай атсалысады. Мағауия бұл қызметін 2012 жылға дейін абыроймен атқарады.

Мағауия Медетбекұлының бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерге депутат, аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болғаны белгілі. Оның еңбегі кезінде лайықты бағаланып, жоғарыдағы марапаттаулардан басқа ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі Бюросының қаулысы бойынша «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен, әр жылдары мерекелік медальдармен, екі мәрте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыс әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының Құрмет грамоталарымен, Құттықтау хаттарымен, бірнеше рет облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімінің де Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Ағаш – жапырағымен, адам – ұрпағымен көрікті» дегендей, Мағауия мен Рысжан екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғарғы білімді, отбасын құрған, мамандықтары бойынша қызметтерін атқарып жүр. Жеті немересі, үш шөбересі бар. Немерелері «Болашақ» бағдарламасымен шет елдердің жоғары оқу орындарында оқып жүр.

Осы азаматтың жарты ғасырға жуық еңбек жолынан аңғарылғаны – партия тапсырмасымен өзіне бейтаныс алыс-шалғайдағы шаруашылықтарға барып, сол жерлерде қайнаған қызу еңбекке ұйытқы бола біліп, жақсы нәтижеге жете беруінде  оның да айрықша үлесі болғаны көрініп тұр.

Алтай СМЕТ,

Шет ауданының

Құрметті азаматы.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button