ҚарқаралыТұлға

Азамат асқары

      Абырой биігіне алып шығатын «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (Абай). Осындай адами қасиеттерімен ел алдында еңсесін биік ұстап жүрген аудандағы азаматтардың бірегейі, «Қарқаралы» аудандық газеттің бас редакторы – Рымбек Смағұлов ағамыз.

Р.Смағұлов 1957 жылдың 17 наурызында Арқалық совхозында дүние есігін ашқан. 1983 жылы Алматыдағы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінде алғашқы еңбек жолын бастаған. Аталмыш жерде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. Халық депутаттары Егіндібұлақ аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазыбек би аудандық мәслихатының хатшысы, Қарқаралы аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып, еңбек етті. 2001 жылдан бастап бүгінге дейін аудандық «Қарқаралы» газетінің редакторы қызметін тізгіндеп келеді. Бүгінде алпыстың асқарына шыққан ағаның өнегелі ғұмыры кімге де болсын темірқазық. Қатепті қара нардай ағамыз жайлы жазуды жөн көрдік. Бүгінгі аяғын апыл-тапыл басқан балақай ертең аптал азаматқа айналса, бүгінгі жас ертеңгі қария. Ал сол уақыт билігіне бағына жүріп, ақылы кемелденген, үлкендігімен бірге келетін салмақты парасатымен көтере білетін, барлығын ой-таразысына салып безбендеп өлшер абыройлы азаматқа айналғанда кісілік қалыбынан таймайтын жандар тым сирек болар. Тамырын тереңге жіберген тектілігі бар, көргені мен түйгені бар, ойының оралымы бар Рымбек ағаның бір қасиеті біреу туралы басы артық сөз айтпайды. Ақжарқын, кісі көңілін қалдырмайтыны тағы бар.

Әлі есімде. Аудандық «Қарқаралы» газетіне тілші болып 2005 жылдың 5 қыркүйегінде ресми түрде жұмысқа қабылдандым. Оның алдында тәжірибеден өтіп жүргенмін. Байқағаным ағамыз көп сөзге жоқ. Алғашында түсі суық көрінді. Университеттегі теория бойынша «Журналистика төртінші билік. Тек шындықты ғана жазуымыз керек» қағиданы басшылыққа алып, сол арынмен көзге көрінгенді еш боямасыз жазу. Қасымдағы тағы бір жас әріптесім екеуіміз репортаж жазуға бардық. Аудандағы жетекші сала, белді мекеме өткізіп жатқан шара көңілімізден шықпады. Сынау керек деп шештік. Сол мекеменің шараны өткізіп жатқан жауапты қызметкері келіп, «сендер тапсырылмаған дипломдарды тапсырды деп жаза салыңдаршы» деп өтінді. Келіскен сыңай таныттық. Жұмысқа келіп бастыққа айттық. Бізге осылай деді. Ұйымдастырушылық жағы нашар. Сынап жазамыз дедік. Редактор келісті. Сол леппен жаңағы шараны іске алғысыз қылып, ең аяғында «… шымбайға батса да шырылдатып шындықты айту біздің парызымыз» деп жазып жібердік. Материал газетке шығысымен сынға іліккен мекеме басшысы редактормен сөзге келісіп қалады. Материал авторларын іздеп жұмысқа бірнеше рет келеді. Келе жатқанын көріп, тығылып қаламыз. Редактор «олар барды бар деп, жоқты жоқ деп жазды. Онда тұрған не бар» деп келгендерді бірнеше рет шығарып салды. Одан кейінде журналистер мерекесінде арнайы бет шығарып, әзіл шынын араластырып, газет ұжымының еш биліктің мойындамау қажеттігі туралы біраз ұсақ заметкалар жазып жібердік. Ол үлкен әңгімеге айналды. Міне, осындай «шу» болған жағдайда, редакторымыз журналисттерін «жауға» бермейтін. Керісінше біз үшін сөз естіп, оны тіпті бізге келіп айтпайтын. Меселдерін қайтармайын, қаламдарын қақпайын деген шығар. «Журналисттің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» дейді Шерхан Мұртаза. Бұл аға қамқорлығының бір парасы ғана. Талай мәрте тірегіміз болып, тілеуімізді тіледі.

Бүгінде Рымбек Смағұлұлы аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты. Ауданның әлеуметтік саяси ахуалын үнемі назарда ұстап отырады. Өзі басқарып отырған басылым беттерінде өзі сайланған округтерінің түйіткілді мәселелерін өткір сынға алып, жол, жарық, су мәселелерін шешуге ұйытқы болды. Аудан әкімдігінің жанынан құрылған түрлі комиссиялардың мүшесі. Өзі жүктелген жұмысты ден қойып, тиянақты аяқтауды борышым деп білетін қаламгер шығармашылығынан туған көлемді мақалалар қарапайым халықтың көңілінен шығып жатады. 85 жылдан астам шежірелі тарихы бар басылымда қызмет жасаған аға-апаларының еңбегін еш естен шығарған емес. Ол кісілер туралы жазылған мақалаларды көзі қарақты оқырмандарға ұсынып келеді. Басылым беттеріне айшықты қолтаңбаларын қалдырып кеткен қаламгер ағаларын құрмет тұтып, туған-туыс, балаларына ізеттілік көрсету де даңғыл жолына айналған.

Р.Смағұлов басқарып отырған «Қарқаралы» газеті оқырмандарын жағымды жаңалықтармен қатар, еліміздің тыныс тіршілігінен де хабардар етіп отырады. Басылымды аудан төңірегіндегі халықтан өзге алыс жақын аудандағы оқырмандар жаздыртып алады. Таралымы бес мыңнан асады. Айтары бар айтулы басылымның абыройы редактордың біліктілігі мен журналистерінің, газет ұжымының жауапкершілігі, бірлігі мен берекесі.

Атан түйеге жүк болатындай қызметті атқарып отырған Рымбек аға отбасының алып бәйтерегі, асыл жар, аяулы әке, ақылшы ата. Жары Руслана апай екеуі балалары Айдын және Мөлдірдің балаларының қуанышын қызықтап отыр. Жауынгер жанрдың сардары, 1983 жылдан бері журналистика саласына арнап келген редактор Рымбек Смағұлұлын «Қарқаралы» газетінде бірге қызмет жасап жүрген әріптестері де мерейтойымен құттықтап, алпыстан алқынбай асып, жүзге аман сау жетіңіз деп ізгі тілектерін жолдайды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button