Қазақ жазуы тарихынан
1929 жылы 24 қаңтарда «Жаңа алфавит туралы» Қазақстан Орталық кеңес комитеті президиумы мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысы шығып, латын алфавитін қабылдадық. Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің әліппесін жасау ісі жедел қолға алынды.
Соның нәтижесінде “Балдырған” (1929), “Сауат. Бірінші басқыш мектептеріне арналған әліппе кітабы” (1930), “Пионер әліппесі” (1931), 1-класс үшін “Әліппе” (1932), “Жаңа күш”, “Қызыл әскер әліппесі” (1930), “Сауаттандырғыш” (1934), “Жұмысшы әліппесі” (1934) атты ересек кісілердің сауатын ашуға арналған оқулықтар шықты. Кейін “Суретті әліппе” жарық көрді. Сондай-ақ, әліппені оқытуға көмекші әдістемелік нұсқаулар басылды. Соңғы жылдары мектепте қолданылып жүрген “Әліппе” 1985 жылға дейін 17 рет қайта басылды.
Дегенмен, Кеңес үкіметінің жүргізген саясатына байланысты 1930 жылдардың ортасы мен соңына қарай ұлттық республикаларда орыс тілі ортақ қарым-қатынас құралы ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында қолданыла бастады. 1940 жылы орыс графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі қабылданды.
1990 жылдары қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі алфавитке ауыстыру мәселесі көтерілді. Біраз түркі тілдес республикаларда (Әзірбайжан, Түркменстан, Өзбекстан) қайта құру кезеңі басталғанда латын графикасына ауысты. Сол республикалардың оң тәжірибелерін зерттеп, бізде де латын графикасына көшу мәселесін қарастырып жатқан ғалымдардың еңбектерін зерделеу қазіргі күн тәртібінің өзекті мәселелерінің біріне жатады. Қазір осы мәселе төңірегінде әртүрлі ғылым салаларының мамандары латын графикасына көшу қажеттігін дәлелдеп өз жобаларын ұсынуда. Баспасөз беттерінде, басқа да БАҚ-та әркім өз ойын, пікірін ортаға салуда.
Осыған орай айта кететін жайт – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латынға көшу мәселесін жедел әрі түпкілікті қолға алу қажеттігі жазылды. Мақалада Елбасы қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіреміз деп мәлімдеді. Президент қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын айта келіп: «V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. ..X ғасырдан XX ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы, негізінен, нақты саяси себептермен айқындалып келді», – деп, латын әліпбиіне көшу туралы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында да айтылғанын мәлімдеп, бұл процестің мектеп қабырғасындағы балаларға ағылшын тілін оқып жатқаны үшін қиынға соқпайтынын, жас буын үшін ешқандай кедергі болмайтынын сөз етеді. Латын әліпбиіне көшу қажеттігін осы уақытқа дейін еліміз терең түсініп және Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалғанымызды баса айтты. Ендеше, біз де рухани жаңаратын, ұлттық сананы оятып, жазба мәдениетімізді дамытатын уақыт жетті деп есептейміз.
Сонымен, жазусыз мәдениет те, әдебиет те, ғылым да дамымайтыны сөзсіз. Жалпы жазу туралы жоғарыда айтылған мәселелер заман талабынан туындап отырғаны анық. Ендеше, қазақ жазуының қалыптасуы мен дамуын зерттеп, зерделеу – тілтаным ғылымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ендігі тілші мамандардың алдында тұрған зор мәселе – қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендіріп графика мен емле жобасын көпшіліктің сынынан өткізіп құрастыру.
Шара МАЖИТАЕВА,
филология
ғылымдарының
кандидаты, профессор.