Бас тақырып

«Қазағым, сен үшін жануға да, ұшуға да дайынмын!»

Бұл – қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан ғарышқа қанат қаққан «Союз ТМ-13» кемесіне отырғанда айтқан сөзі. Гагариннен бастап көкке көтерілген барлық ғарышкерлердің бұлжымас қағидасы болып келген «Поехали!» сөзін қайталамаған да біздің Тоқтар аға екен.

…Иә, осыдан тура 32 жыл бұрын мұқым Алаш жұртының назары Құс жолына ауған. Алаштың аманаты Аллаға жеткелі тұр! Ол аманатта қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы мен мұң-шері бар еді. Иә, Азаттық – Алаштың арманы! Сол аяулы арманды құндақтаған аманатты көктегі Тәңірге тұңғыш жеткізген – қазақтың һас батыры Тоқтар Әубәкіров!

«Ақсарбас!» айтқан Алаш жұртын түбі бір Түр­кінің жұрағаты мен құбыласы бір исі мұсылман баласы құттықтап жатты. Өйткені, ортақ Тұңғышымыз – Тоқаң!

Айналасы алты айда ғарыш сапарына дайын болған текті қыран Айды айналып апта жүрді де, Алаштың азаттығына Алланың мөрін басып оралды. Тұранның тұғырына Қыдыр, Қыранның балдағына бақ дарыды! Жер-Ана жеті қат көктен қазақ батырының көзіне сонша нәзік, сонша қорғансыз болып көрінген. Алайда, сол нәзік ғаламшарда ғасырлар бойы теңдік сұрап, азаттық аңсаған қазақ еліне ғарыштан Рух келді. Құс жолындағы құдірет Тоқаңдай қыранның қанатымен бақ болып келген Еліме!

Ғарыштан оралған соң, әріптестеріміздің біріне берген сұхбатында жеті қат көктен көзіне шалынған ерекше құбылыстар туралы айта келіп, солтүстік полюстің күн нұрына малынып, сәулемен шағылысқан сәттері бөлек әсер қалдырғанын әңгімелейді. Сол кездегі шуақты сәуле бүгінгі күні ғаламдық қатерге айналып отыр. Жер ғаламшарында жылыну процесі басталды. Ал, Батырдың сезімтал жүрегі сол кезде секем алған…

Тоқаңның самғауы – Тәуелсіздіктің толғауы! Туған елінің Батырға деген махаббатының өзі жеке дара ғаламшарға айналды. Бірақ, ол Орбитаны кезіп жүрген жоқ. Ол әр қазақтың жүрегіне Қыран ұлға деген ыстық махаббат болып оранды да, әрқайсымыздың тамырымыз­да айналып жүр.

…1991 жылдың 2 қазанында көкке көтерілген ғарыш кемесі бұрын ұшқан жүздеген кемеден әлдеқайда салмақты да, ардақты еді. 10 қазан күні Құс жолындағы құдіретке айналып, Жер-Ананың құшағына оралды. Содан тура 2 ай 6 күннен кейін Алаш жұртының көкке созған екі қолы Азаттық тізгінін ұстады! Не керек, Тоқаң – ғасырлар бойы көз жазып қалған рухымызды көктен жерге жеткізген құдірет!

Ол – намыстың наркескені!

«Егер, менде намыс болмаса, өз ана тілім – қазақ тілін үйренбес едім. «Үйренемін» деп өз-өзіме серт бердім. Мен – қазақпын! Өз ана тілімде ойламасам, мен кім болғаным?! Бұрынғыдай басқа тілде сөйлеп, сол тілде ойланып жүре беруді өзіме ар санадым. Өз ана тілімде сөйлемегеніме намыстандым! Күнде өз-өзімді тәрбиеледім. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең арқылы үйрендім», – деген еді бізге берген бір сұхбатында.

Сол өр намыстың найзағайға айналып, көкте жалын шашқанына – 32 жыл өте шығыпты…

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button