Руханият

Қазақтың даңғайыр дүлдүлі

Бірден айтайық, қазақтың өзгеден еңселі болып көрінуіне бірден-бір алғышарт жасаған – күй өнері десек, негізінен, ұлттық бояуын ғасыр­лар бойы жоғалтпай, саф таза күйінде сақтап келе жатқан да осы күй. Және бір шындық бар: ол-өзіміз төкпе, шертпе күй деп жіліктеп жүрген (танымал өнерпаз Қ.Ахмедияров осылай жіктеу­ге өмір бойы қарсы боп өткен еді) күйлердің ішінде ұзақ уақыт бойы қағажу көріп, бойын  тіктеп, серпіле алмағаны Тәттімбеттің классикалық мұрасынан бастау алған арғы-бергі рухани шүйгіндіктің ішіндегі шертпе күй саласы еді. Тым әріге бармай-ақ қояйық,  XIX ғасырдағы Құрманғазыны төкпе күйдің, Тәттімбетті шертпе күйдің негізін қалаушылар деп жүрміз. Алғашқысының жолы шартты түрде алғанда сәтті болып келді, себебі, коммунистік Кеңестік дәуір идеологиясы жалынды ұран, жасампаздық рухы үшін екпінді музыканы айрықша қажет етті, сөйтіп, асыл күй өнері белгілі дәрежеде саясат құралына айналды. Бұған күй авторлары да, күйдің осы саласын насихаттаған танымал тұлғалар да кінәлі емес-тін.

Күй өнерінің барша жанашырларын тізбей-ақ қояйық, Кеңес заманында шертпе күйге ықыласы ауып, арнайы класс ашқан азамат, сол тұста консерватория ректоры болған Е.Рахмадиев болатын. Осы істің басы-қасында болыңызшы деп ректордың шақырған адамы  да Мағауия Хамзин болатын. Осылайша, қазақтың сырға толы, адам баласының өміріне, оның ғұмырындағы жақсылық пен зұлымдыққа, өмір сүрудің мазмұны мен мән-мағынасына сыршылдықпен үңілетін, философиясы мен жүрек қылын тербер шертпе күйге  кең жол ашылған еді. М.Хамзин күй өнерінің осынау саласын жеке-дара дамытып, насихаттаған жалғыз өнерпаз емес-тін. Ол қыруар шәкірт тәрбиеледі. Шертпе күйдің авторларын, жанашырларын өз маңына топтастыра алды.

Ол Тәттімбеттей дарабоздың, талай күйі жоғалған, алайда бір ғана «Қоңыр қазымен» ғаламат мұра қалдырған атасы Әшімтайдың, Аққыз, Қыздарбек, Әбди, Тоқа сияқты ұлылар мен ірілердің шығармаларын өзгеше мәнер, нақышпен орындайтын. Ол қасиет күйді қасиетті, киелі деп табынуынан, әр туындының табиғатын терең түсінуінен еді. Күй құдыретін терең сезініп, әр шығармаға Уақыт пен Сана тарихи-философиялық ұғымдары тұрғысынан үңілмесе, М.Хамзиннің шеберлігіне сын айтушылар көп болар еді. Алайда, кәсіби өнерпаздар тарапынан да, қалың тыңдарман тарапынан да сол кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін бірде-бір сын айтылмауы дүлдүл өнерпаздың жеке басының асқан шеберлігіне тәнті болу ғана емес, оның өзіне дейінгі, өз дәуіріндегі рухани шүйгіндіктен мейлінше мол нәр алуынан еді. Демек, Тәттімбет, Әшімтай сияқты, ұлылар мен ірілер рухы Мағауия Хамзинге шексіз риза дегенді баса айтқан абзал.

Сөз ретінде айта кетейік, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында (аспирантурада жүрген кезіміз) Жеңіс ақын Қашқыновпен бірге Мағаңның үйінде болып едік. Көп сөйлемейтін, тек тыңдай білетін адам сияқты әсер қалдырып еді. Дастарқан үстінде толғана отырып: «Неге екенін білмеймін, міне, қанша уақыт қазақтың да, шетелдің де сахнасына шығып келдім ғой алайда, екі адамның күйлерін орындарда ерекше толқуда болам, тіпті, қорқамын. Бірі – Тәттімбет, бірі – Әшімтай», – дегені есімде қалыпты.

М.Хамзин өз дәуірінің перзенті болғандықтан, орындаушылық асқан шеберлігі замана, уақыт, қоғам талабымен ұштаса келіп, «Қосбасар», «Жайлау», «Шопан күйі», «Белгісіз солдат», «Бес қаракер» сияқты күйлерді шығаруына  мүмкіндік берді. Бір ғажабы, осынау төл туындылары өзі табынатын асқақ өнерпаздардың шығармаларындағы негізгі машықты сақтай отырып, олардың өзегіндегі ойлылық пен ойнақылықты, серпіліс пен сілкіністі, үміт пен күдікті, жан әлеміңді баурап алар аздаған мұң мен тебіреністі барынша сақтауға тырысқаны бірден байқалады.

Мағауия Хамзинді жігерін жанып, айрықша ширықтырған Ұлттық Намыс еді. Ол ұлтының барша болмыс-бітімін, рухы мен рухани шүйгіндігін қасиетті қара домбыра арқылы әлем елдеріне танытуға асықты. Қазақтың төл туындысы өз алдына, -телегей-теңіз құнарлылыққа, биік романтизм мен оптимизмге негізделген қазақтың ұлы күйлері нотаға бағына бермейді, – Еуропа жұртының талғам-түйсігін еске алып, ұлы өнерпаз Моцарт, Монти, Огинский, Чайковский  т.б. ірілердің төл шығармаларын қос ішекті домбырамен орындаған  бірден-бір саңлақ өнер иесі еді. Канадада, Еуропаның алты, Азияның бес елінің айтулы сахналарында елінің аманатын орындап, қазақтың даңғайыр өнерпаздары мен Еуропа композиторларының ұлы туындыларына әлемді тамсандырған да қазақтың Мағауиясы еді. Егер ертеректе талғампаз да кірпияз француздардың аузын ашып, көзін жұмғызған Әміре болса, күйді, басқа ел композиторларының төл туындыларын қос ішекті домбырамен орындап, дүйім жұртты таң қалдырған, тәнті еткен өнер майталманы  Мағауия Хамзин еді.

М.Хамзиннің шетелдердегі өнер көрсеткен сұңғыла өнерпаздығы өз алдына, ол тыныстаған ауа, ол жүріп өткен жолдың ізі, өнерін шыңдаған, көптеген шәкірт тәрбиелеген кездері – бәрі де Балқаш, Қарағанды, Алматыда қалды. Ресми орындар Мағаңның есімін мәңгі есте қалдыру үшін талай игілікті істерді жүзеге асырды. Тәуба дейік! Алайда, Қарағанды қаласында бір өнер ордасына даңғайыр өнерпаздың есімін беру артықтық етпейді-ау. Көп болып, ойланып, бір шешімге келу керек сияқты.

 Мәуен Хамзин,

ҚР Мәдениет қайраткері.  

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button