Жаңалықтар

Қазақтың қасиеті – қолөнерінде

«Грандстор» сауда орталығының екінші қабатындағы көзге көп түсе бермейтін бір бұрышта орналасқан дүңгіршектің жанына келгенде еріксіз кідіресің. Әр заты өзіндік ерекшелігімен көз тартатын бұл жерде қазақтың қолөнер бұйымдары сатылады екен. Ерекшелігі өз алдына, қазақтың исі аңқып тұр. Ұлттық рух, қазақтың рухы… Бұл жерде «Арыс» қолөнер орталығының бұйымдары сатылады…

Ерлі-зайыпты Ермек пен Ардақ 2006 жылы Қытайдан көшіп келген. Әуел баста күнкөрістің қамымен басқа шаруамен айналысып, кейіннен біржола қазақтың қолөнер бұйымдарын жасауға ден қойған. Себебі, бала кезден қазақ екендіктерін, туған жерінің Қазақстан екенін құлақтарына құйып өскен олар, елге ораларда әке аманатын арқалап келіпті. Өздерінің ата-бабадан қалған, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан өнерді саф қалпында елге барып қанат жайғаннан кейін, өзгелерге де үйрет, балалардың көзін қанықтыр деген. Аманатқа қиянат етпей, әлі күнге дейін адал атқарып келеді.
Шағын ғана орынға сәнін келтіре жиналған бұйымдар әр алуан. Теріден жасалған торсық, белдік, әмиян, сегіз таспалы тобылғы сапты қамшы, қолмен кестеленген тұскиіз. Ал, негізгілері – ағаштан жасалған ыдыстар. Қадіріне жеткендер сапалысын шам алып іздейтін, қайыңнан жасалған ағаш астаулардың да түр-түрі бар. Ардақтың өзі «қайыңның қасиеті бар», бабын біліп қана айналысу керек дейді. Әр бұйымына кепілдік беретін олар қайың мен тобылғыны Көкшетаудан алдырады екен. Алдымен, станокпен емес, қолмен шауып дайындап, кейін жылқы майы жағылып өңделеді. Яғни, бояусыз, желімсіз, көне дәстүрмен жасалатын ағаш ыдыстардың ешқандай зияны болмайды, таза табиғи өнім. Бір астау екі күн жасалатын болса, ең қиыны – қалыпқа келтіріп шабу. Кейін жарылып кетпеуі үшін ыстық суға салып қайнатылады. Қандай тамақ салынса да дәм шықпайтын мұндай ыдыстарды бабадан балаға мұра етіп қалдыруға болатыны сөзсіз. Әрі, әдемілігінің өзі неге тұрады!?
Тері өңдеу де оңай шаруа емес. Қолмен илеп, иісін кетіру үшін біраз күш жұмсалады. «Қамшы өргенде, болмаса, басқа да тері бұйымдарын тіккенде терің сыдырылып, сүйекке дейін жететін жағдайлар да болады», – дейді Ардақ. Жан жүрегімен, махаббатпен жасалған «Арыстың» әр бұйымының тілі бар. Өлі емес, тірі дерсің құдды. Қолға алсаң – тарих сайрап қоя береді. Жо-жоқ, бұйым емес бұлар. Бұлар – рухты оятар дүниелер. Сөредегі заттар арасында шоқпар да бар екен. Кез келген қазақ отбасының төрінде тұрса – өзгелердің алдында айбынын асқақтатып тұрары анық. Сатып алмаса да, әрі-бері өткен қазақ жігіттері шоқпармен суретке түсуге құмартады екен. Айтатындары – «көз алдымызға Бөгенбейдың шайқасы елестейді». Өзінің қазақ екенін сезінбеді деп көріңізші осыдан кейін. Сезінді, әрине. Ал, денсаулыққа кері әсері болатын қытайдың ойыншығымен ойнағанша, ағаштан жасалған қалқанмен және қылышпен ойнаған бала ше? Қазақтың ханы Абылайдың өзі бала күнінде дәл осындай ағаш қылышпен жаттығуды бастап, батырлығын шыңдағаны туралы жазылды емес пе?!
– Шыдамды адам ғана шебер болатынына көзің жеткендей тағы бір мәрте. Қолөнермен айналысқан соң жасаған бұйымың дұрыс шықпай жатса – жүйкең де тозады. Сәтті шығып, елдің батасын алып жатсаң – шабыттанып та кетесің, – дейді Ардақ. Жолдасы – Ермек Астана қаласында өткен көрмеде Елбасының өзі арнайы келіп, «… қазақ мәдениетін көтеретін сендерсіңдер, ісіңді тастамай жалғастыр» деп қолын алғанда, өмірлік сарқылмас қуат алып келген екен.
Отбасының Шахтинск қаласында шағын ғана шеберханасы бар. Үйренгісі келгендерге тегін-ақ үйретіп, жеке кәсіп ашуына себепші болып жүрсе де, орынның тапшылығы қиындық туғызады. Егер, қала ортасынан шеберхана ашу мүмкіндігі болса, қанша адам болса да үйретуге бейіл. Үйрете жүріп, жұмыс жасатып, жалақы төлеулері де бар. Сапалы дүниеге өзге облыстар тұрмақ, шетелдегі қазақтаран сұраныс көп болғанымен, оны жасайтын шеберлер жоқ. Егер, үлкен шеберханалары болса, шетелден келушілерге қазақтың қолөнерінің қалай жасалатынын көрсету мүмкіндігіміз болар еді деп қынжылады.
Ермек пен Ардаққа кәсіптерін дөңгелету үшін ақша да керек емес. Тек, қала ортасынан қазақ қолөнерімен айналысатын шеберлерге шеберхана ашуға мүмкіндік жасап, «… Қарағандыдағы қазақ қолөнерінің айнасы сендерсіңдер» деп сенім артса, соған сай жұмыс істер едік. Ұрпаққа аманат етіп, осыны қорғап өтіңдер деп тапсырар едік. Қазақ елінде отырған соң қазақ қолөнеріне көңіл бөлінуі керек деген ойдамыз, – дейді олар.

P.S. Тері илеу қазақтан шықса да, Қазақстанда тері илеу кәсібі кенжелеп тұр. Түріктің жұқа терісінен жасалған әмиян мен белдікті пайдаланып, Қытайдың иісі бұрқыраған сапасыз терісінен жасалған аяқ киімді киіп жүргеніміз жасырын емес. Теріні бабына келтіре илеп, кәдеге жарататындар Қарағандының өзінде де бар екен.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button